«МӘҢГIЛIК ЕЛДIҢ» ИДЕЯЛЫҚ НЕГIЗI

  Тарих ғылымының кандидаты, құқықтану доцентi, Ресей Федерациясы Психология академиясының корреспондент-мүшесi, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң оқытушысы Ғаппар МаймаҚовтыҢ дүниеден озғанына көздi ашып жұмғанша қырық күн өтiптi.

 

Ғаппар Қазыбекұлы бүкiл саналы ғұмырын заң ғылымына арнаған нағыз ғалым, ардақты азамат, ұлағатты ұстаз ретiнде көпшiлiкке танылды. Мемлекет пен құқықтың тарихы мен теориясын, отандық заң ғылымының дамуына өлшеусiз үлес қосты.

Облыстағы iргелi оқу ордасындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының жұмысына жетекшiлiк жасап, облыстық қоғамдық кеңестiң мүшесi болды.

«Жақсының аты өлмейдi, ғалымның хаты өлмейдi» дейдi дана халқымыз. Бiз бүгiн естелiк ретiнде Ғаппар Қазыбекұлының көзi тiрiсiнде жазған соңғы мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

ҚР Президентi Н.Назарбаев – мемлекеттi басқарып, күрделi халықаралық мәселелердi шешуге белсендi қатысып жүрген көрнектi саясаткер болумен қатар, үлкен ғылыми-интеллектуалдық еңбектердiң авторы және терең ойшыл ғалым. Елбасы бұған дейiн ондаған iрi кiтабын жариялаумен қатар ауқымды бағдарламалар, мақалалар да жазып келедi. Солардың iшiнде «Қазақстанның әлеуметтiк жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам», «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол», «Қазақстан дағдарыстан кейiнгi дүниеде: Болашаққа интеллектуалдық секiрiс» секiлдi мақалаларын бiлемiз.

Биыл 12 сәуiрде Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялады. Бұл мақала бұған дейiн көтерiлмеген идеялық және идеологиялық жұмысты жолға қоюдың бағытын көрсетiп бердi. Мақала терең ғылыми-практикалық негiзде жазылған. Сондықтан оның бағдарламалық сипаты бар.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы толығымен рухани мәселелерге арналған. Онда ұлттық сананы қалыптастыру және сананың ашықтығына қол жеткiзу, ұлттық кодты анықтау, ұлттық бiрегейлiктi сақтаудан бастап прагматизмдi күнделiктi тiрлiкте басшылыққа алу, жаңа қазақстандық патриотизмдi нығайту, салт-дәстүр мен ұлттық тарихты жаңғырту, латын әлiпбиiне көшуге дейiнгi сүбелi мәселелер қамтылған.

Мемлекет басшысы өз мақаласында осы салаларды жаңғыртудың бағдарламасын жасап бердi. Бұл бағдарлама – Мәңгiлiк Ел мұраттарына қол жеткiзудiң, әлемнiң ең дамыған 30 елiнiң қатарына қосылудың рухани және идеологиялық негiзi. Президент, ең алдымен, ұлттық сана туралы аса күрделi мәселенi айтты.

Сана – адамның сыртқы дүниенi және индивидтiң жеке өмiрiн, сондай-ақ, олар туралы пайымдаулары жөнiндегi психикалық жағдайы.

Сана кең және тар ұғымда түсiндiрiледi. Кең мағынадағы сана – шындық өмiрдiң психикалық бейнесi, объективтi және биологиялық немесе әлеуметтiк бейне түрiнде көрiнедi. Тар мағынадағы сана – тек адамдарға тән мидың қызметiнен туындайтын, шындық өмiрдiң жалпыланған және мақсатты түрдегi шындықтың бейнесi, ақылмен реттелетiн және бақыланатын адамның мiнез-құлқы.

Психикалық бейнелеудiң жоғары формасы түрiндегi дамыған адамға ғана тән, тiлге байланысты мақсатты қызметтiң идеалдық жағы. Сана қоғамдық сана түрiнде де өмiр сүредi. Бұл – бүкiл қоғамның санасы. Қоғамдық сана мынадай формалардан тұрады:

–Ұлттық сана;

–экономикалық сана;

–саяси сана;

–құқықтық сана;

–адамгерешiлiк сана;

–дiни сана;

–эстетикалық сана;

–ғылыми сана;

–мәдени сана.

Бiзге керегi ұлттық сана. Ұлттық сана – ұлттың кодынан, мәдениетiнен, салт-дәстүрiнен, тәрбие-танымынан адамгершiлiк және әлеуметтiк, саяси, экономикалық, эстетикалық, философиялық, дiни көзқарастар мен сенiмдерiнен тұратын, белгiлi бiр рухани дамуын сипаттайтын сана.

Ұлттық сана – ұлттың, яғни дамыған этностың санасы. Ұлттық сана – ұзақ тарихи даму жағдайында пайда болып қалыптасады әрi үнемi дамып отырады.

Қазақтардың өзiне тән ұлттық санасы бар. Қазiргi заманда Қазақстанның қалыптасу процесiне байланысты қазақстандық ұлттық сана бар. Қазақстандық ұлттық сана елiмiзде тұрып жатқан этностарға тән сана.

Мақалада ұлттық кодты сақтай бiлу туралы «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай бiлу. Онсыз жаңғыру дегенiңiздiң құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп айтып өттi.

Ұлттық код деген не?

Ұлттық код – ұлттың тарихынан, ұлттың санасынан, салт-дәстүрiнен, мәдениетi мен әдебиетiнен, тiлiнен, тәрбиесiнен, дiнiнен, дiлiнен, қонақжайлылығынан, бәсекеге қабiлеттiлiгiнен, патриотизмiнен, т.б қасиеттерiнен тұратын ұғым.

Елбасы ең алдымен ұлттық кодты сақтау, дамыту және жаңғырту туралы баса айтты. Ұлттық код сол ұлттың өзiне ғана тән ерекше қасиеттерi болып табылады.

Осы жердегi қазақтардың өзiне ғана тән қонақжайлылығы туралы айталық. Қазақтар – әлемдегi ең қонақжай халықтың бiрi де бiрегейi. Көшпендi заманда ең кедей, тұрмысы төмен қазақтың өзi сандығында қонақтар үшiн деп тәттi тағамдар және киiм-кешектер сақтап отырады. Себебi, қазақ қонақ келiп қалса, оның алдына қоятын қонақкәделердiң болмауынан жерге қарап қалмауы тиiс. Бұл қонақкәделер қанша қиналса да балалардың өзiне де берiлмейдi.

Қазақтардың қонақтарды қарсы алу, шығарып салу тәртiбi әдет-ғұрып заңдарында өте жақсы жазылған. Қазақ – қонақжайлылыққа құқықтық сипат берген әлемдегi жалғыз ұлт. Құдайы қонақты дұрыс күтiп алмағаны үшiн үй иесiне ат-шапан айып салынған және ол заңда бекiтiлген. Көшпелi қазақтарда қонақүй болмаған. Тiптi, қонақүйдiң қажетi де жоқ едi. Оңтүстiктен шыққан қазақ 1,5 мың шақырым жол жүрiп солтүстiкке жетiп отырған. Батыстан шыққан қазақ 3 мың шақырым болатын Шығыстағы таныстарына еш қиналмай жететiн. Себебi, қазақтар кез келген ауылға тоқтап, кез келген үйдiң жанына келiп «Құдайы қонақпыз» деп сәлем берген. Үй иесi жүгiрiп шығып, қонақтарды аттан түсiрiп, үйге кiргiзуге мiндеттi болған. Олардың кiм екенiн сұрау асқан әдепсiздiк болып саналған. Қымыз және де басқа сусындар берген соң қонақтардың үлкенiнен мал союға бата сұраған. Содан кейiн ғана қонақтардан жөн сұрай бастаған. Мал сою қонақтарды күтудiң басты шарты немесе мiндетi болған. Егер үй иесi мал соймай, сақтаулы тұрған етпен қонақ күтсе, қонақтар бұл тамақты жеп болып, аттана берген. Бiрақ, ауылдың биiне, ақсақалына келiп, «сараң ауыл», «сараң ру» екенсiңдер деп айтып кеткен. Бұл ауылдың атына айтылған масқара сын болатын. Мұндай ауылдың билерi, ақсақалдары, азаматтары кез келген жерде өздерiне айтылған сынды мойындап, жерге қарап отыратын. Осылай болмау үшiн би, ақсақал үй иесiне ат-шапан айып төлеттiрген және қонақтарды қайта шақырып күтудi тапсырған. Қазақтар ондаған ғасыр бойы осылай өмiр сүрген.

Сондықтан қазақтардың қонақжайлылығының гендiк сипаты бар деуге болады. Қазiр де қазақтардың көбi үйiне қонақ келсе, қалбалақтап, барын мейманның аузына тосады. Осының өзi бiздiң генiмiзде, сүйегiмiзде қонақжайлылық барын көрсетедi емес пе?!

Қазақтардың қонақжайлылығы репрессияға ұшырап, қазақ даласына жер аударылған этностарды қарсы алу кезiнде ерекше көрiндi. Өздерi аш-жалаңаш қазақтар бiр үзiм наны мен ұядай үйiн қырылудың алдында тұрған халықтармен бөлiстi. Репрессияға ұшырап, елiмiзге босып келген адамдардың саны 1,5 миллиондай едi. Солардың бәрi де қазақтардың қонақжайлылығының арқасында аман қалды, өнiп-өстi.

Қазақтардың осы қонақжайлылығы бүгiнде сақталып отыр. Сондықтан қонақжайлылық – қазақтардың ұлттық кодының ерекше көрiнiсi.

Бәсекелiк қабiлет туралы айта келiп Елбасы «Қазiргi таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзi бәсекелiк қабiлетiн арттырса ғана табысқа жетуге мүмкiндiк алады. Президенттiң пайымынша, бәсекелiк қабiлет дегенiмiз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықтағы бағасы, я болмаса сапасы жөнiнен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Елбасы мұның материалдық өнiм ғана емес, сонымен бiрге, бiлiм, қызмет, зияткерлiк өнiм немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкiн» екендiгiне тоқталды. Болашақтың табысы бәсекеге қабiлеттiлiкпен айқындалады. Сол себептi, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тiлде бiлiм беру», «Мәдени және конфессияаралық келiсiм» сияқты бағдарламалар ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХI ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы болып табылады.

Мемлекет басшысының прагматизм туралы ойлары өте терең және айқын. Прагматизм – iс жүзiнде пайдалы нәтиже беретiндi ғана ақиқат деп бiлетiн философиялық бағыт, iс жүзiндегi, қажеттiлiк тұрғысындағы мүдделердi көздейтiн әрекет, ойлау салты және мiнез-құлық.

Прагматик адам әрқашан да табыстарға қол жеткiзiп отырады. Елбасы айтқандай, прагматизм – өзiңнiң ұлттық және жеке байлығыңды нақты бiлу, оны үнемдi пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдiкке жол бермеу деген сөз. Ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшiлдiк пен орынды пайдалану прагматизмнiң негiзгi көрiнiстерi.

Прагматизм популизмге қарсы. Популизм – саяси, экономикалық, әлеуметтiк және қол жетпейтiн уәделердi үйiп төгу. Сол арқылы бедел жинап, билiкке қол жеткiзу жолындағы әрекет. Популизм – әсiресе, саяси партияларға, даңғой көшбасшыларға тән қасиет. Ақырында популизм табысқа емес, дағдарыстарға апаратын идеология. Мысалы, Кеңес Одағындағы сексенiншi жылдарда коммунизм құру, тоқсаныншы жылдары бүкiл азаматтарды алкогольдiк iшiмдiктерден арылту туралы уәделер нағыз популизм едi.

Мақалада ұлттық бiрегейлiктi сақтауға маңыз берiлген. Бұлар: ұлттық салт-дәстүрлерiмiз, тiлiмiз бен музыкамыз, әдебиетiмiз, жоралғыларымыз, бiр сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз. Бұл қасиеттер бойымызда мәңгi сақталуы тиiс.

Ұлттық бiрегейлiктiң негiзгi белгiлерi:

- ұлтына, дiнiне, жынысына, тағы басқа белгiлерiне қарамай Қазақстанның барлық азаматтары тең болуы;

- Қазақстан аумағындағы тұратын барлық азаматтар мемлекетiнiң қамқорлығын пайдалана алуы;

- Қазақстанның барлық азаматтарының рухани құндылықтары, дүниеге көзқарастары, мәдени деңгейлерi бiрдей немесе ұқсас болуы;

Қазiрдiң өзiнде Қазақстанның барлық азаматтарын шетелдерде қазақстандықтар, тiптi кейде қазақтар деп те атап жүр. Әсiресе, бұл спорт және өнер салаларында анық байқалады. Осының өзi бiрегейлiктiң қалыптаса бастағанын көрсетедi;

Ұлттық бiрегейлiк – Қазақстан халқының бiрлiгi мен достығының, ынтымағы мен татулығының нақты көрiнiсi. Ұлттық бiрегейлiк жершiлдiкке, рушылдыққа, сыбайлас жемқорлыққа түбегейлi қарсылық арқылы да көрiнiс табады.

Бiлiмнiң салтанат құруы – барлық табыстардың бастауы. Тәуелсiздiк жылдары он мыңдаған жастарымыз әлемнiң маңдайалды университеттерiнде бiлiм алды. Қазiр де «Болашақ» бағдарламасы жалғасуда. Осы заманға лайық жаңа университеттер мен зияткерлiк мектептер ашылды. Бiлiм беру жүйесi ылғи заман талабына сай өзгерiп отырады. Таяудағы онжылдықта қазiргi кәсiптердiң жартысы жойылып кетедi. Экономиканың сипаты мүлде өзгередi. Сондықтан заман талабына iлесу бiлiм арқылы жүретiндiгi баршаға белгiлi.

Мақалада Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы негiзделдi. Биыл 1917 жылғы Қазан революциясына 100 жыл толды. Бұл революция әлемнiң болмысын өзгертiп жiбердi. Бұл Қазақстанға да тән болды.

Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшiн қасiретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Бiрiншiден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзiмiзге ғана тән жолы бiржола күйретiлiп, қоғамдық құрылымның бiзге жат үлгiсi ерiксiз таңылды.

Екiншiден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы, геноцид жасалды. Оның жарасы бiр ғасырдан берi әлi жазылмай келедi. Үшiншiден, қазақтың тiлi мен мәдениетi құрдымға кете жаздады. Төртiншiден, елiмiздiң көптеген өңiрлерi экологиялық апат аймақтарына айналды. Әрине, тарих тек ақтаңдақтардан тұрмайды. Сондай-ақ, ХХ ғасыр Қазақстанға бiрқатар игiлiктерiн де бердi. Индустрияландыруды, әлеуметтiк және өндiрiстiк инфрақұрылымдардың құрылуын, жаңа интеллигенцияның қалыптасуын осыған жатқызуға болады. Бұл кезеңде елiмiзде белгiлi бiр жаңғыру болды. Бiрақ, бұл – ұлттың емес, аумақтың жаңғыруы екендiгi атап өтiлдi.

Мақалада рухани жаңғыру бойынша таяу жылдардағы мiндеттер айқындалды.

Бiрiншiден, бiртiндеп латын әлiпбиiне көшу қажеттiлiгi негiзделдi. Елiмiзде латын әлiпбиiнiң негiзiнде жасалған жазу үлгiсi 1929 жылдан 1940 жылға дейiн қолданылды.

1940 жылдың 13 қарашасынан қазiрге дейiн орыс әлiпбиi негiзiнде кириллица алфавитi қолдануда. Ендi 2025 жылдан бастап латын әлiпбиiне көшу басталады.

Екiншi мiндеттi орындау үшiн қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық бiлiм. Қазақ тiлiндегi 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынады. Оның мәнi мынада:

1. Бiз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды бiлiм беруге қажеттi барлық жағдайды жасауға тиiспiз. Гуманитарлық зиялы қауым өкiлдерi елiмiздiң жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтiру арқылы мемлекеттiң қолдауына ие болады.

2. Әлемдегi ең жақсы 100 оқулықты әртүрлi тiлдерден қазақ тiлiне аударып, жастарға дүние жүзiндегi таңдаулы үлгiлердiң негiзiнде бiлiм алуға мүмкiндiк жасаймыз. Сол үшiн де ұлттық аударма бюросы құрылмақ.

Үшiншi мiндет – «Туған жер» бағдарламасын жасау. Оның негiзiнде патриотизм идеясы жатыр. Сол себептi Президент «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып отыр. Ол «Туған ел» бағдарламасына ұласады. Туған жер – әркiмнiң шыр етiп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиеттi мекенi, талай жанның өмiр-бақи тұратын өлкесi. Оны қайда жүрсе де жүрегiнiң түбiнде әлдилеп өтпейтiн жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениетi мен салт-дәстүрлерiне айрықша iңкәрлiкпен атсалысу – шынайы патриотизмнiң маңызды көрiнiстерiнiң бiрi екендiгi мақалада егжей-тегжейлi жазылған. Менiңше, бұл бағдарлама жалпыұлттық патриотизмнiң нағыз өзегiне айналады.

Төртiншi мiндет – жергiлiктi нысандар мен елдi мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, бiз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиеттi орындар ұғымын сiңiруiмiз керек. Ол үшiн «Қазақстаның қасиеттi рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелi жерлерiнiң географиясы» жобасы керектiгi айтылды. Елбасы айтқандай, Ұлы Даланың көз жеткiзгiсiз кең-байтақ аумағы тарихта түрлi рөл атқарған. «Бiрақ, осынау рухани географиялық белдеудi мекен еткен халықтың тонның iшкi бауындай байланысы ешқашан үзiлмеген. Бiз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлi жерлерiмiздiң бiртұтас желiсiн бұрын-соңды жасаған емеспiз. Мәселе елiмiздегi ескерткiштердi, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтiруде тұрған жоқ. Идеяның түпкi төркiнi Ұлытау төрiндегi жәдiгерлер кешенiн, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейiн, Тараздың ежелгi ескерткiштерiн, Бекет ата кесенесiн, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетiсудың киелi мекендерiн және басқа да жерлердi өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында бiртұтас кешен ретiнде орнықтыруды меңзейдi. Мұның бәрi тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бiрегейлiгiнiң мызғымас негiзiн құрайды» деп атап өтiлдi мақалада.

Қазақстанның қасиеттi жерлерiнiң мәдени-географиялық белдеуiн құру қолға алынуда.

Бесiншi мiндет, заманауи әлемдегi бәсекеге қабiлеттiлiк – мәдениеттiң де бәсекеге қабiлеттi болуы деген сөз. ХХI ғасырда Қазақстанның «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы iске асырылады. Бұл жоба ненi көздейдi? Бiрiншi, отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тiлi – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тiлдерiнде сөйлеуi үшiн мақсатты ұстаным болуы шарт. Екiншi, ол бүгiнгi қазақстандықтар жасаған және жасап жатқан заманауи мәдениет болуға тиiс. Үшiншi, мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсiлдерiн ойластыру керек. Мәдени өнiмдерiмiз тек кiтап түрiнде емес, әртүрлi мультимедиалық тәсiлдермен де шыққаны абзал. Төртiншi, бұған ауқымды мемлекеттiк қолдау жасалуы қажет. Сыртқы iстер, Мәдениет және спорт, Ақпарат және коммуникациялар министрлiктерiне жүйелi түрде, қоян-қолтық жұмыс iстеу тапсырылды. Бесiншi, бұл жұмыста шығармашылық зиялы қауым, оның iшiнде Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы, университеттер мен қоғамдық ұйымдар үлкен рөл атқаруға тиiс. Бiз заманауи мәдениетiмiздiң қандай өкiлдерi әлемдiк аренаға жол тартуы керектiгiн анықтап алуымыз керек. Ұлттық мәдениетiмiздiң озық үлгiлерiн iрiктеп алғаннан кейiн шетелдерде оларды таныстыру рәсiмдерiн өткiземiз. Бұл жобаны 5-7 жылда жүзеге асыру көзделiп отыр.

Алтыншы мiндет, ұлт мақтанышы бiздiң бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билерiмiз бен жырауларымыз ғана болмауға тиiс. Елбасы бүгiнгi замандастарымыздың жетiстiктерiнiң тарихына да назар аударуды ұсынады.

Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есiм» жобасы арқылы iске асырған жөн. Елiмiздiң Тәуелсiздiк жылнамасы жазыла бастағанына небәрi 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас-қағым сәт десек те, елiмiз үшiн ғасырға бергiсiз кезең.

Елбасының жаңа мақаласы болашақта халқымыздың рухани жаңғыртуының теориялық және практикалық негiздерiн қалап отыр. Заманға сай жаңғыру – дамудың негiзгi өзектерiнiң бiрi. Уақыт бiздi күтiп отырмайды. Уақыт талабына iлесе алмау, мүмкiндiктi қолдан шығарып алу, тарихи мүмкiндiктердi пайдаланбау болып табылады. Сондықтан бүгiнгi Қазақстан халқы рухани жаңғыруды негiзгi талап деп қабылдағаны жөн. Болмаса Елбасы айтқандай «Оған көнбегендер тарихтың шаңына көмiлiп қала бередi». Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы сөз жоқ қоғамдық, ұлттық санада серпiлiс туғызған еңбек болды. Бұл «Мәңгiлiк Ел» құрудың идеологиялық алтын дiңгегi де болып табылады.

Пікір қалдырыңыз