АСТАНАДАН МАҚТАНЫШПЕН ОРАЛДЫ

  Астана төрiнде халықаралық ЭКСПО – 2017 мамандандырылған көрмесiн абыроймен өткiзiп алғанымыз да кеше ғана. Осындай үлкен шараға үлес қосудан Төлеби ауданындағы №8 кәсiптiк-техникалық колледжiнiң ұжымы да қалыс қалмады. Аталмыш көрме аясында Оңтүстiк Қазақстан облысының мәдениет күндерi ұйымдастырылып, өңiрдiң 600 жас домбырашысы қатар тұрып күй орындаған болатын. Жас күйшiлердiң қатарында Д.Елтаев, Ш.Темiрбаева, С.Заликова, Х.Кадирова, М. Ташполатов, Ж.Тиленова, А.Уатов, Ғ.Абдиров, Б.Есмахан сынды бiздiң колледждiң студенттерi өнер көрсеттi.

 

ЭКСПО-да алдымен «Нұрлы әлем» сферасына бас сұқтық. Бiрiншi қабат өзiнiң ғажайыптығымен тамсандырды. Қатты ұнағаны бiрiншi қабаттағы сиқырлы тақта болды. Тақтадағы салт-дәстүрлердiң атауын баса қойсаңыз, суреттер қозғалып, сөйлей бастады.

Қабырғадағы экраннан көрсетiлген Қазақстан табиғатының төрт маусымдағы әсем көрiнiсi өзiмiздi ғана емес, шетелдiктердi де қайран қалдырғаны сөзсiз. Керемет табиғат әлемi, желмен жарыса шапқан жылқылар, аңы мен құстары – бәрi де керемет әсерге бөледi. Бiрнеше қабаттан тұратын «Нұрлы әлем» сферасының iшi кереметке толы. Мұнда күн, жел, су, ғарыш энергиясының үлгiлерiмен таныстық. Павильонның iшiнде жүрiп Қазақстанды түгел аралап шыққандай болдық. Бiр қабаты желге, басқасы күнге, ендi бiрi ғарышқа арналған. Күнге де, айға де серуендеп келдiк.

Одан кейiн Германия, Монако және басқа да мемлекеттердiң көрмелерiн араладық. Алайда, барлық елдiң көрмесiмен асықпай танысу үшiн бiр емес, бiрнеше күн қажет екен. Өкiнiшке қарай, бiзде уақыт тығыз едi.

«Нұрлы әлем» сферасының маңындағы ашық алаңдағы сахнада Украина өнер шеберлерiнiң концерттiк бағдарламасын тамашаладық. Бұл күндерi бiз шет мемлекеттердiң ғана емес, әлемдегi әйгiлi iрi өндiрiс компанияларының көрмелерiне де қатыстық. Менi, әсiресе, көрмеде қызмет етiп жүрген қыз-жiгiттердiң iзеттiлiгi мен мәдениеттiлiктерi тәнтi еттi. Мәселен, Монако мемлекетiнiң павильонында болғанымызда бiр жас жiгiт келiп сәлемдесiп, хал-жағдайымызды сұрап, iлтипат танытты. Ол Төлеби ауданындағы медициналық колледждiң студентi Қауымбек Жаннұр екен. Ағылшын тiлiн жетiк меңгерген ол монаколықтардың павильонына қызметке тұрыпты. Әр мемлекет өз павильонында ұлттық дастарқан мәзiрiн жасап, қолөнер бұйымдарын қойып, саудасын қыздырып жатқанына куә болдық.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық ЭКСПО – 2017 мамандандырылған көрмесiнiң жабылу рәсiмiне қатысты. Елбасы жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзiнде Астана мен елiмiздiң барлық өңiрлерi күш жұмылдырғанының арқасында көрменiң табысты өткенiн айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев көрменiң Қазақстан экономикасын дамытуға оң әсер еткенiн ерекше атап өттi.

«Туристiк сектор жандана түстi. Туроператорлардың қызметiне деген сұраныс 1,8 есе артты. Астанада кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң саны 10 пайыздан аса көбейдi. Елорда бюджетiне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өстi. Қазақстанның астанасы бүкiл әлемнiң назарын өзiне аударды» дедi Елбасы өз сөзiнде.

Жалпы, осы көрме аясында алты мыңнан астам түрлi iс-шара өткiзiлiптi. «Болашақтың энергиясы» бағытында озық идеялар мен технологиялардың дамуына түрткi болған және әлемде ғылымның өзара ықпалдастығын нығайтуға септiгiн тигiзген жағымды аспектiлерi де көп болды. Бұл бүкiл әлемнiң интеллектуалдық және технологиялық әлеуетiн көрсетуге зор мүмкiндiк бердi. Мұнда жаңартылатын энергия көздерi саласындағы 140-қа жуық ғылыми жаңалық көпшiлiк назарына ұсынылды. Көрменi өткiзу арқылы бiздiң ел «жасыл» технологияларды дамыту идеясына берiк екенiн тағы да дәлелдей түстi. Бiздiң көрме «таза энергетиканы» жаһандық деңгейде дамытуға айрықша үлес қосатынына бiз, жастар, сенiмдiмiз.

Көрменi аралау арқылы бiздiң студенттер бiлiм жинады, үлкен әсер алды. Жастар – Қазақстанның болашағы. Елдiң ертеңi – осы жастардың қолында. Олар өзге мемлекеттердiң павильонына кiрiп, жетiстiктерiн көргенде, сондай игiлiктердiң өзiмiзде болғанын қалайтындарын айтып жатты. Олардың ертең мұндай игiлiктердi мiндеттi түрде өз қолдарымен жүзеге асыратындарына сенiмдiмiз. Жастар Астанадан «бұл – бiздiң ел» деген мақтанышпен оралды.

Хуршида КАДИРОВА, №8 колледждiң оқытушысы. Төлеби ауданы.

Пікір қалдырыңыз