ЕЛIН СҮЙГЕН, ЖЕРIН СҮЙГЕН ДАЙРАБАЙ

  «Қоғам игiлiгi үшiн қызмет ету, қоғамға керек iспен айналысуды басты мiндетiм деп бiлдiм. Өйткенi, мен туған жер мен тұрған ел, есейiп, қанат қаққан ортам, еңбек жолын бастап, қолдау тауып, бата алып, көркейген алтын дiңгегiм – ауыл болатын, ауыл қоғамы едi. Ауылдың тауқыметiне тауқымет қоспай, оны азайтуға көмектестiм. Шамамның келгенiнше артымнан ерген ұрпаққа маңдай термен табыс табуды, өмiрде әдiл де ақ жолмен жүрудi үйреттiм» деп айтудан шаршамаған, «Құрмет» орденiнiң, «Ерен еңбегi үшiн» және «Еңбек ардагерi» медальдарының иегерi, Ордабасы ауданының құрметтi азаматы әкем ЫбыраЕВ Дайрабайдың рухымен сырласып, өмiр жолынан сыр шертудi жөн санадым.

 

Былтыр күзде ... Иә, әке, қоңыр үнiңдi естiп, ойлы жүзiң мен мейiрiмге толы жанарыңнан жан шуағын сезiнбегелi жыл толды.

Алдымен, ол қандай азамат едi, ол кiм десе:

Ол – осы заманның патриоты.

Ол – өз елi мен жерi үшiн шырылдаған жан.

Ол – көпшiлiктiң бiлiмдi, бiлiктi азамат болуына тiлекшi, қолдаушы болған ел ағасы.

Ол – кемел келешекке бастар қоғам беталысын терең түйсiнген азамат! – дер едiм.

Бұл жай айтыла салған сөздер емес, әкемiз шын мәнiнде мықтылығын iсiмен дәлелдеп, көзi тiрiсiнде–ақ аңыз кейiпкерiндей болған адам едi.

Әкемiз 1943 жылы ақпанда, сұлу Сырдың бойында, жерге қырбық қар түсiп, айнала ақ ұлпаға оранған шақта дүниеге келiптi. Бұл кез атамыз Ыбырай зейнеткерлiк жасты алқымдаған, апамыз Айымкүл қырықтың үстiндегi кезi екен. Әкемiз жастайынан тiрлiкке араласып, балалық шақтың қызығын ауыр еңбекке айырбастаған көрiнедi.

Оның үстiне елуiншi жылдары ел жағдайы қиындап кеттi. Осы кезде егiн даласына ересектермен бiрге шығып, азын-аулақ еңбеккүн табады. Отбасының бар қам-қарекетiн өз мойнымен көтередi. Әйтсе де, бойындағы жастық жалыны әкемiздi өз ауылы – Бадам елдi мекенiнен алысқа, Алатаудың баурайына жетелейдi. Ол осындағы орта мектептi бiтiрiп, Алматы зоотехникалық-малдәрiгерлiк институтының зоотехния факультетiне түседi. Жоғары бiлiмдi маман иесi еңбек жолын Киров атындағы кеңшарда бастапты.

Сол кездегi билiк уақыттың алға қойған мiндеттерiн абыроймен атқара бiлген талапшыл азаматқа кеңшардың директоры қызметiн сенiп тапсырады. Күндiз-түнi аянбай төккен тердiң арқасында өзi басқарған кеңшардың мал шаруашылығы саласын дамытуға үлкен үлес қосты. Соның iшiнде, қой тұқымын асылдандыру, оның жем-шөбiн дайындау, мал өнiмдерi – жүн мен ет өткiзу секiлдi партия жүктеген жоспарларды асыра орындады. Осынау адал еңбегiнiң айғағындай төсiне «Еңбек ардагерi» медалiн тағып, басқа да көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Тәуелсiздiк таңын үлкен қуанышпен қарсы алған еңбек адамдары елiмiзге келген нарықтық экономиканың шарттарына жан-жақты дайындалды. Өйткенi, бұл кезде жер-жерлерде кеңшарлардың жүйесi тарап жатты. Жергiлiктi халықтың әлеуметтiк жағдайын алдын ала болжай бiлген, iскерлiгi мен ұйымдастырушылық қабiлетi жоғары әкемiздi ауыл ақсақалдары 1996 жылы «Бадам» өндiрiстiк кооперативiне төраға етiп сайлап, батасын бердi.

Тұралап тұрған шаруашылықтың еңсесi осылай көтерiлдi. Алғаш ұйымдастырылған кооперативтi аяққа тұрғызу, әрине, оңай бола қойған жоқ. Оның үстiне тұрғындарды жұмыспен қамтып, әр отбасы үшiн тұрақты табыс көзiне айналдыру қаншама қажырлылық пен қайрат-төзiмдi қажет еттi десеңiзшi!

Алайда, әр жұмысшының еңбегiн бағалап, бар адамды тең ұстауды тереңiнен ойластырған төраға таңның атысы мен күннiң батысына дейiн қарамағындағыларды жақсы сөзiмен қанаттандырып, келешекке деген сенiмiн оята бiлдi. Осылайша ұжымның ынтымағы нығайып, қолға алған iстiң берекесi ұлғайды.

Осының бәрi әкемiздiң еңбекқорлығы мен өз iсiне деген жауапкершiлiкпен қоса адами қасиеттерiнiң асылдығын танытса керек. Жоспарды орындауға деген өр мiнезiн адамдарды басқаруға келгенде қарапайымдылықпен ұштастырды. Нәтижесiнде ол басқарған ұжым алдына қойған жоспарларын абыроймен орындап, ерен еңбектiң үлгiсiн көрсете бiлдi.

Атап айтқанда, астық өсiру мен бидай тұқымын таза сақтай бiлген кооператив мүшелерi облыс бойынша бидай өнiмiнiң элиталық тұқымын дайындайтын бiрден-бiр ұжым болып қалыптасты. Аудан көлемiнде де, облыс бойынша да бiрнеше жылдар бойы жеңiмпаз атанды.

Ұжым басшысының ел үшiн, жер үшiн атқарған еңбектерi жоғары бағаланып, бiлiктiлiгi, шебер ұйымдастырушылығы мен қажырлы еңбегi бiрнеше мемлекеттiк марапаттармен, Алғыс хат, диплом, Құрмет грамоталарымен бағаланды, Ордабасы ауданының құрметтi азаматы атанды.

Әкемiздiң қырық күндiк асына қатысқан Еңбек Ерi, КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты, ғалым, ел ағасы Боранбек Шүкiрбеков былайша тебiрене еске алған едi.

– Дайрабайдың iскерлiгi өз алдына, ұйымдастырушылық қабiлетi ерен едi. Бойындағы талапшылдығы, өзiн өзi үздiксiз шыңдап отыруының нәтижесiнде ол басқарған ұжым облыс көлемiнде талай жетiстiктерге жеттi. Ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етумен қатар оның аға сыйлауы, iнiлiк iзетi өз алдына бiр төбе едi. Менi аға тұтып, кiшiлiк iзетiнен бiрде бiр айныған емес. Оның бiр тамаша қасиетi өзiнен бұрын iсi көрiнетiн.

Осы еске алу рәсiмiнде «Құрмет» орденiнiң иегерi, белгiлi ғалым Қайрат Исламқұлов ағамыз өзгеше толғанды.

– Ары да, жаны да таза азаматтан айырылдық. Дайрабайдың адамгершiлiк қағидаларын сақтауға, адалдыққа, әдiлдiкке деген көзқарасы көбiмiзге үлгi болды. Ол халыққа жақындығы мен бауырмалдығын сөзi мен iсiнiң арасына екi елi алшақтық жасамайтын қадiрiмен ұғындырып кеттi. Сол еңбек торысының бiр сөзiнде «өз жаныма жақын iспен айналысып келемiн» дегенi бар едi. Бар шыны – осы! Өз iсiн сүйгендiктен де ол көптiң алғысын арқалап, көпшiл мiнезiнен таймай кеттi.

Айтса айтқандай, әкемiз ауылдағы жетiм-жесiрлерге қарайласып, кооперативке бiрiккен тұрғындардың тағдырына әдiлдiкпен қарай бiлдi. Ол ылғи: «Өндiрiсiмiз өркендесе, рақатын көретiн де өзiмiз – мынау ауыл тұрғындары» деп отыратын. Осы сөзiн ауылдың шетiне алма бағын отырғызып, жайқалтып, дәлелдеп кеттi. Бұл баудың ел игiлiгiн көргенiне де ширек ғасырға жуықтады. Ал, жүйегiн өзi белгiлеген жүзiмдiктiң жемiс бергенiне де бiраз жылдың көлемi болды.

Осынау берекелi iстердiң кенiшi болған кең жүректi әкемiз алдына келген кез келген жас-кәрiнiң көңiлiн тауып, жоғын түгендеп беруге барын салушы едi. «Елге ел қосылса – құт» деп, ауылға ата қоныс мекенiм, елiм-жұртым деп келген бауырларды құшақ жая қарсы алды. Олардың ауыл iргесiне қоныстануына, еңбекке араласуына қол ұшын бердi.

Ел аманатын арқалаған әкемiз кооперативтегi тынымсыз iсiнен бөлек ауыл тұрғындарының таза сумен қамтылуына, тұрғылықты жерден балабақша мен мектептiң ашылуына көп септiгiн тигiздi. Әкемiздiң қамқорлығының арқасында көпшiлiкке арналған кiтапхана сақталып қалды. Ауыл жастары үшiн спорт алаңы салынды. Сондай-ақ, ол кiсi қашанда қайырымдылық шараларына демеушiлiк жасаушы едi. Осылайша халықпен қоян-қолтық, етене араласып өттi.

Өзiнiң жасаған жақсылықтарына қанағат етiп қана қоймай, әкемiз: «Алпыс жыл еңбек етiп келемiн. Бұл дүниеде адамшылық болмысымды танытатын қаншалықты iс атқардым? Ерiм деп сыйлаған жұртыма тигiзген пайдам қайсы? Көптiң тiлегiнен, көңiлiнен шыға алдым ба?» деп жиi толғанып отыратын. Бүкiл саналы ғұмырын ел игiлiгiне, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағыштаған әкемiздi кенеттен келген ажал тұзағы арамыздан алып кеткенiне де жылдың жүзi болыпты.

Күн өткен сайын әкемiздiң нұрлы жүзiн сағынамыз, iзгiлiкке толы iстерiн жадымызда мәңгiге сақтаймыз, жалғастырамыз...

Әкемiздiң жаны – жәннатта, пейiште нұры шалқысын!

Айгүл ДАЙРАБАЙҚЫЗЫ.

Пікір қалдырыңыз