КӨРМЕ ЖЕТIСТIКТЕРI ОҚУЛЫҚТАРҒА ЕНЕДI

  Сексен жылдық тарихы бар Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық институтының 15 оқытушысы мен 30 студентi тамыздың соңында Астанада өтiп жатқан ЭКСПО–2017 халықаралық мамандандырылған көрмесiн тамашалап қайттық. Топты институттың тәрбие iстерi жөнiндегi проректоры Ақлима Мархабатқызы бастап барды.

 

Халықаралық маңызға ие ЭКСПО көрмесiн бiр күнде аралап шығу мүмкiн емес. Ондағы болашақ энергия көздерiн дамытуға арналған жобалар мен ой-өрiстi кеңейтетiн 3Д форматындағы бейнероликтердi тамашалау және тақырыптық павильондарды көру үшiн кемiнде екi немесе үш күн уақыт қажет. Одан бөлек әр күнi таңғы 9-дан кешкi сағат 23-ке дейiн жалғасатын әртүрлi елдер мен елiмiздiң өнер ұжымдарының мәдени ойын-сауық бағдарламалары бар. Екi күн бойына студенттер мен оқытушылар көрменi тиянақты аралады. Сiрә, қарапайым оқытушы мен студент мұндай ауқымды көрмеге өз қалтасынан қаржы шығарып келе алмасы анық. Осы орайда бiзге барлық мүмкiндiктi жасап, бағыт-бағдар берген институт ректоры, бiлiктi де талапты басшы Оңалбай Аяшұлына топ атынан алғысымызды бiлдiремiз.

Көрмеге Германия, АҚШ, Израиль, Жапония, Оңтүстiк Корея, Монако секiлдi өркениеттi елдер болашақ энергия көздерiн дамытуға байланысты өз жетiстiктерiмен және тың жобаларымен келiптi. Ал, бiрқатар араб елдерi мен Оңтүстiк Америка, Азия және Африка елдерi өздерiнiң ұлттық брендтерiнiң көрмесiн жасаған. Айталық, 1958 жылғы Брюссельде өткен көрме атом энергиясын дамытуға арналған болатын. Арзан да мол энергия көзi саналатын атом қуатын қазiргi таңда дамыған елдердiң барлығы пайдаланады. Ал, 1962 жылғы Сиэтлдегi көрме алғашқы компьютерлердi насихаттады. 2010 жылы Шанхайда өткен көрме «Болашақтың қаласы» деп аталды.

Астана ЭКСПО–2017 көрмесi баламалы энергия көздерiн дамытуға және энергияның тұтыну тиiмдiлiгiн арттыруға, көлiктi электрлендiруге, көпшiлiктiң экологиялық таза энергияға қолжетiмдiлiгiн арттыруға бағытталған қызықты жобаларға арналыпты. Бұл жетiстiктер мен жобалар Қазақстанның оқулықтарына енiп, ғылыми -зерттеу жұмыстарына арқау болатыны анық.

ЭКСПО секiлдi халықаралық iрi жобаны және халықаралық спорттық сайыстарды ұйымдастыруды жеңiп алып, оны өткiзуден еш қорықпаған батыр да жомарт жүректi қазақ халқымен және оның Көшбасшысы Н.Назарбаевпен мақтануымыз керек!

Баһадүр АЙТАЙ, ОҚМПИ-дiң аға оқытушысы, тарих ғылымының кандидаты.

Пікір қалдырыңыз