Әпке

  Әдетте «Ағасы бардың жағасы бар, iнiсi бардың тынысы бар» дегендi жиi ауызға аламыз. Қалай болғанда да бауырдың аты-бауыр. Дегенмен, мен бүгiн әпкелiк қамқорлығы өз алдына, маған сiңiрген қызметi ағадан кем болмаған Нағима Шайыққызы жайлы ой толғасам деймiн.

 

Менiң әпкем Созақ ауданы, сол кездегi «1 май» колхозында 1937 жылы дүниеге келген. Шешемiздiң айтуы бойынша әпкемдi босанған кез қар кетiп, бәйшешек гүл атқан шақ екен. Әкемiз Оқшиев Шайық соғысқа аттанғанда әпкем небәрi 4 жаста болыпты. Анамыз Тұрсынай екеуi колхоздың қара жұмысына жегiлiп, сиыр сауу, қой бағумен күнелткен. Балалық шағы болмаған бауырымның ауыр тiрлiкке қайыспай, еңбекқор, сабырлы болып өсуiне негiз болған да осы қиындықтар деп ойлаймын.

Әкемiз соғыстан ауыр жарақат алып 1943 жылы оралды. Мүгедектiгiне қарамастан жарақатын жұрттан жасырған Шайық елдегi ауыр еңбекке араласады. Денсаулығы сыр бере бастаған әкесiне қамқоршы болған Нағима әпкем үйдегi бар шаруаны өз мойнына алды.

–Таңғы сағат 5-6-да тұрып, қой-ешкiнi сауып, өрiске айдайтынбыз. Сауылған сүттi қайнатып, айран ұйытып, оны күбiмен пiсiп, май алу, құрт iстеу, iрiмшiк дайындау, сүзбе жасауды бала күнiмнен меңгердiм. Өмiр мектебi бәрiн де үйретедi екен ғой, – дейдi әпкем кешегi күндi еске алып. Мектепте 7-сыныптан соң тұрмыстың тауқыметiмен оқи алмағанымен әпкемнiң өмiрден түйгенi, көргенi көп.

1955 жылы 18 жасында өмiрлiк жары Оспанов Әбiлқайырмен тұз-дәмi жарасып, отау құрды. Мен ол кезде 4-сыныпта оқитынмын. Өзге жұртқа ұзатылып кете барған әпкемнен алыстап қалғандай күй кештiм. Күн сайын шыр-пыры шығып менiң жағдайымды жасап, мәпелеп, еркелетiп жүрген қамқоршымнан айрылып қалғандаймын. Таңның атысынан күннiң батысына дейiн түздiң тiрлiгiнде жүретiн әкемнiң де, сасыр жинап, шөп шауып, колхоздың тiрлiгiнен босай алмайтын анамның да маған назар аударып, көңiл бөлуге мұршасы болмайтын. Осындай кезде әпкеме деген сағынышым арта түседi. Iшқұса бола жаздаймын. Бiр күнi «әпкеме баруым керек» деген ойға тас-түйiн бекiндiм. Ауылдардың арасына атпен қатынайтын кез. Аудан орталығына жету үшiн 25 шақырымдық жолды артқа тастау керек. Жаяу-жалпылап жолға шықтым. Жездемнiң атын ғана бiлемiн. Ауылға шаршап-шалдығып жетiп, алдымнан кездескен жаннан жездемнiң атын айтып, жөн сұрадым. Ол кiсi менi әпкемнiң үйiне ертiп әкелдi. Алдымнан шыққан әпкемдi көргенде төбем көкке жеткендей қуандым. Бiр-бiрiн сағынысқан қос құшақ көпке дейiн ажырамады. Айналып-толғанған әпкем көз жасына ерiк берген едi. Қазiр ойланып қарасам, ол сағыныштың көз жасы екен ғой. Әпкем де менi қатты сағынып, iштен тынып жүрген екен ғой сонда. Енесi Рәтай апамен, қайнысы Нәкеңмен таныстырып жатыр. Тамағымды берiп, ыстық сүт iшкiзiп болған соң әпкем менi қума бөлмеге апарып, үлкен жамға ыстық су құйып, шомылдырды. Киiмiмдi жуып, сол күннен бастап әпкем менi қайнысы Нәкеңнен кем көрмей, екеумiздi мұнтаздай етiп киiндiрiп, күтiп-бақты. Осылайша мен жаз бойы әпкемнiң үйiнде жүрдiм. Сабаққа баратын кез жеткенде әпкеме деген қимастық сезiмiмдi байқады ма, жездем екеуi менiң Шолаққорғандағы мектепте оқуыма кеңес бердi. Менiң де қалап тұрғаным осы едi ғой. Әпкемдi қимай тұрған мен үшiн бұдан асқан қуаныш жоқ едi. Бiрден келiстiм. Ауылдан аудан орталығындағы мектепке ауыстым.

Әпкемнiң үй тiрлiгiне деген ептiлiгiн, қай iске кiрiссе де тындырымды етiп атқаратынын бала болсам да сол кезден аңғаратынмын. Енесiнiң де, қайнысының да жағдайын жасай жүрiп, дәмдi тағам дайындап, келген қонақтың асты-үстiне түсiп, қарсы алып, шығарып салып отыратын пейiлiне тәнтiмiн. Инабаттылығының арқасында елден естiгенi тек алғыс болды.

Жездем мен әпкемнiң алғашқы перзенттерi 1957 жылы дүниеге келдi. Бұл күндi әлi ұмытпаймын. Себебi, бұл екi жаққа да үлкен қуаныш сыйлағаны рас. Алланың бергенiне шүкiршiлiк айтып, 4-5 баланың ата-анасы болған кезде жездем ҚазМУ-дың сырттай бөлiмiндегi оқуын бiтiрiп, абыройлы қызмет атқарып жүрдi. Аудандық партия комитетiнiң ұсынысымен Алматыға, партияның жоғары мектебiне оқуға жiберiлдi. Онсыз да бала-шағаның тәрбиесi, тамағын тойдыру, киiмiн түгендеу iсiн атқаратын әпкемнiң мойнына ендi үйдiң өзге де тiрлiгi қосылды. Қора-қопсыны реттеу, малды жайғау айтуға оңай болғанымен бiр адамды титықтатып-ақ жiберетiн тiрлiк. Бiрақ менiң әпкем мойыған жоқ. Ауыр тiрлiктен түтiлiп те кетпедi. Бар шаруаны шыдамдылықпен жүрiп атқарды. Балаларымен қоса менi, қайныларын қатарынан қалдырмауға тырысты. Әлi есiмде, барлығымызды ұйымдастыра жүрiп, қыш құйдырып, жаңа тамның кiрпiшiн бiзбен қатарласа жүрiп, өзi жинайтын.

Мен Алматыда Қазақ КСР Ғылым Академиясында аспирантурада оқып жүргенiмде үйленетiн болдым. Бұл сырымды алдымен әпкеме айттым. Қыс кезi едi. Бiздiң Созақтың бұл мезгiлдегi ауа райы айтпаса да белгiлi. Жол бiр жабылса бiттi. Боран бiткенше ашылуы, көлiктiң қатынауы қиын. Әпкеммен ақылдасып едiм, арқамнан қағып, жақсылықты кешiктермеу керектiгiн, қиындыққа қарамай тәуекел ету қажеттiгiн айтып, қолдау бiлдiрдi. Өзi көмектесетiнiн жеткiздi. Оның бұл қамқорлығын ешқашан ұмытпаймын. Бауырдың бауырмашылдығы басыңа iс түскенде бiлiнедi емес пе? Сондай кезде әпкем менi үнемi қолдап, қуаттап отырды. Осылайша қыс ауасында әке-шешемiздi той жасап, келiн түсiруге әпкем өзi көндiрдi. Алматыда өтетiн тойымызға елдегi туыстар дайындалып жүргенде қалың қар жауып, Қаратаудың қойнынан шығу мүмкiн болмайды. Ауылдан ешкiмнiң келмейтiнi белгiлi болып, мұңайып қалғанымыз рас. Сондай қиындыққа қарамастан тойдың басталуына екi сағат қалғанда 4 айлық баласын көтерiп, тойға деген соғымын арқалап, жездем мен әпкем келiп тұр. Мұндай қуанбаспын!

Кейiн бiлдiм ғой, тойға совхоздың көлiгiн жалдап мiнiп шыққан әпкем мен жездем қалың қардан шыға алмай көлiктерi бұзылып, емiзулi баласымен қар астында қалғандарға жолды тазалап жүрген К-700 тракторының жүргiзушiсi керi қайтуға кеңес берiптi. Бiрақ бауыры дегенде бауыр етi езiлiп тұратын әпкем «тойға бармасақ болмайды» деп тұрып алыпты. Бауырына деген ыстық ықыласына риза болған трактор жүргiзушiсi әпкем мен жездемдi көлiгiне отырғызып алып, Шаянға дейiн өзi жеткiзiп салыпты. Шаяннан Шымкентке жанұшыра жеткен олар ұшақпен Алматыға құстай ұшып жеткен екен ғой.

Әпкемнiң жанашырлығы тек маған ғана осындай көлдей болды деп ойласаңыздар қателесесiздер. Оның бауырмашылдығы мен жанашырлығын сезiнбеген бiздiң әулетте адам жоқ шығар. Қайын жұртында да туыстарының барлығы жеңге деп сыйлап, апа деп құрметтеп жүргенi.

1978 жылы Шымкентке қызмет бабымен көшiп келген соң ол кезде «Тасты» кеңшарында тұратын жездем мен әпкемнiң үйiне барып, қыстық соғымды алып қайтайын дедiм. Барсам, үйiнде қонақтар бар екен. Кең дастарқан басында әңгiме-дүкен құрған, кеңшарға келген меймандарға ас тартылып жатты. Келгендегi негiзгi шаруам бүгiн бiтпейтiн болды ғой деген ойда отырдым. Қыстың күнi тез кеш батып, түн болатыны белгiлi. Ас iшiлiп, аяқ созылғанда сыртқа шықсам, әпкем көршi жiгiттердi шақырып, үшеулеп бiр жылқыны жайратып тастапты. Өтiнiшiмдi жаңа ғана айтқан сияқты едiм, бiр қарасам әпкем жылқыны сойдырып, 12 жiлiкке бөлiп, тап-тұйнақтай етiп қойыпты.

Өмiрге 10 ұл-қыз әкелiп, қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырған Нағима әпкем бүгiнде 80 жасқа толып отыр. «Батыр ана» алқасын Кеңес Одағы ыдырамай тұрғанда тағынған әпкем елiмiз тәуелсiздiк алған соң да марапатсыз қалған жоқ. Тұңғыш Президентiмiз Н.Назарбаевтың Жарлығымен алтын алқа тағынды. Ұл-қыздарын тәрбиелi, парасатты азамат етiп тәрбиелеген Нағима Шайыққызы бүгiнде 44 немере, 36 шөбере тәрбиелеп отырған бақытты әже. Ұл-қыздары елге белгiлi азаматтар болып өстi. Перзенттiк парызын өтеген парасатты ұлдары былтыр Нағима әпкемдi қасиеттi Мекке-Мәдинеге қажылыққа апарып келдi. «Үстiмнен ауыр жүк түскендей болды. Өмiрден озған ата-анам, қайын атам мен енемнiң, балалардың бүгiнгi қызығын көре алмай кеткен жұбайым Әбiлқайырдың әруақтарына арнап Құран оқытып, елiмiзге тыныштық берсiн, Елбасымыз аман болсын деп дұға еттiм» дегенi бар қасиеттi сапардан оралғанда.

Бауырымның бала күнiнен тартқан бейнетiнiң өтеуiндей болған бүгiнгi бақытына, қуанышына әркез ортақпын. Бойыма берген күш-қуаты, жiгер сыйлаған күндерi үшiн алдымдағы шыңға бiткен шынарымдай болған әпкеме ұзақ ғұмыр тiлеймiн!

Өктем ШАЙЫҚ. Шымкент қаласы.

Пікір қалдырыңыз