Екі мың тонна қызанақ жиналды
Гүлдана АЙХОДЖАЕВА,
«Оңтүстік Қазақстан».
Келес ауданындағы «Ecoculture-Eurasia» өнеркәсіптік жылыжай кешені өңірдегі ең ірі инвестициялық жобалардың біріне айналды. Заманауи технологиялармен жабдықталған кешен бүгінде алғашқы өнімін бере бастады. Ауданның агроөнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтерген кешенде берекелі жұмыс бар.
Былтыр күзде жылыжай кешенінің 6,25 гектарына «Климон F1» сұрыпты қызанақ көшеттері отырғызылған еді. Бірнеше айдың ішінде көшеттер толық өнім беріп, осы жылдың ақпан айынан бастап қызанақ жинала бастады. Бүгінде жылыжайдан 2 мың тонна қызанақ жиналды.
Қазіргі таңда кешеннің құрылыс жұмыстары одан әрі жалғасуда. Осы күзде тағы 37,5 гектар жылыжай пайдалануға берілмек. Нәтижесінде жыл соңына дейін жобаның бірінші кезеңі аясында жалпы көлемі 50 гектардан астам өндірістік жылыжай іске қосылады. Бұл өнім көлемін бірнеше есеге арттырып, ішкі нарықты сапалы көкөніспен қамтуға және экспорттық әлеуетті күшейтуге жол ашады.
Жобаның алғашқы кезеңінде 51,26 гектар аумақ игерілген болатын. Оған 42 миллиард теңге инвестиция қаражат салынды. Кешен толық қуатымен жұмыс істегенде жылына 27 мың тоннаға дейін қызанақ жиналады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда кәсіпорында 130 адам тұрақты жұмыс істейді. Жоба толық іске асқанда мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
«Ecoculture-Eurasia» жылыжай кешені – Келес ауданындағы инвестициялық ахуалдың жақсарып, ауыл шаруашылығы саласының жаңа технологияларға негізделген өндіріс моделіне көшіп келе жатқанын көрсететін маңызды жоба. Мұндай ауқымды бастамалар өңір экономикасын әртараптандыруға, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қоспақ.
Келес ауданы.