Мұнай бағасы түсті деп мұңаятын біз жоқ!
Ақмерей ШЫРЫНБЕКОВА,
«Оңтүстік Қазақстан».
«Қара алтын» бағасы сәл құбылса «жүрегі ұстап қалатын» экономикамыз бұл жолы сыр бермеді. Ұлттық статистика бюросы мен Ұлттық экономика министрлігінің соңғы мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы жеті айында ЖІӨ өсімі 4,1%-ды құрады. Таңғалдыратыны – бұл нәтиже мұнай өндірісінің көлемі төмендеген тұста тіркеліп отыр.
Жаһандық нарықтағы құбылмалылық пен мұнай өндіру көлемінің 8,9%-ға құлдырауы (жалпы 53,2 млн. тонна) осыдан біраз жыл бұрын орын алғанда, ел экономикасын біраз әбігерге салған болар еді. Алайда, бұл жолы бәрі басқаша болды. «Қара алтынның» орнын шикізаттық емес сектор толтырып, жеті ай ішінде 5,4%-дық өсім көрсетті. Қарапайым тілмен айтқанда, шикізат сатуға сеніп отырмай, ішкі өндірісті дамытуды көздеген бағыт бүгін ел экономикасының басты тірегіне айналды.
Кімдер көш бастап тұр?
Өңдеу өнеркәсібі жеті айда 9%-ға өсіп, нағыз дүмпу жасады. Ел ішіндегі зауыт-фабрикалардың тынысы кеңейгенін мына көрсеткіштерден анық аңғаруға болады: фармацевтика – +38,5% (нағыз рекорд!), дайын металл бұйымдары – +35%, химия өнеркәсібі – +26,9%, машина жасау – +22%, тамақ өнімдерін өндіру – +13,9%, құрылыс материалдары – +9,4%.
Дәрі-дәрмектен бастап техника мен тамақ өнеркәсібі саласына дейінгі серпіліс отандық өнімге деген сұраныстың да, өндірістің де ұлғайғанын айғақтайды. Өндірістен өзге, күнделікті тұрмыспен біте қайнасқан өзге салаларда ілгерілеушілік бар. Елде құрылыс қарқыны 15,3%-дық өсімге жетті. Транзиттік потенциалды арттырған көлік пен логистика саласы 7,4%-ға, ал, ішкі нарықтағы сауда 5,9%-ға артты. Аграрлық сектордағы өсім 5%-ды құраса, байланыс пен цифрландыру бағыты 4,3%-ды бағындырды.
Мұнайға тәуелділіктен арылу туралы сөз үлкенді-кішілі кабинеттерде көптен бері айтылып жүргені белгілі. Биылғы 7 айдың қорытындысы елде өндірістік бетбұрыстың басталғанын аңғартады.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылдары экономиканың өсу қарқыны шикізат секторының динамикасына тікелей тәуелді болған. Мұнай өндірудің баяулауы ЖІӨ-ні төмендетсе, көбеюі өсім беретін. Ал, қазір өнеркәсіптік әлеуетті нығайту, инфрақұрылымды дамыту және шикізаттық емес бағыттарға инвестиция тартып, отандық өндірушілерді қолдау арқылы бұл тәуелділік азайып келеді. Соның нәтижесінде мұнай өндіру көлемі азайғанына қарамастан, өңдеу, құрылыс пен сауда салалары есебінен орнықты өсім қамтамасыз етіліп отыр.
Республикадағы өңдеу саласының серпілісіне Түркістан облысының да қосқан үлесі қомақты. Шикізатқа байланған дәуірден өндіріске көшудің жарқын үлгісін дәл осы біздің облыстан көруге болады. Айталық, облыста жыл басынан бері 325 млрд. теңгеден астам ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, облыс бұл көрсеткіш бойынша республикада 1-ші орынды иеленді. Ел бойынша тамақ өнеркәсібі 13,9%-ға өссе, облыста қайта өңделген ет өндірісі 172,1%-ға, ал, өсімдік майын шығару 136,7%-ға бір- ақ жеткен. Бұл ішкі сөрелерді отандық өніммен толтыруға жол ашты. Мақта кластері бойынша да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Тек мұнайға емес, мақта шикізатына тәуелділіктен де арылу бағытында өңірде айтарылықтай жұмыстар атқарылды. Жіп иіру, дайын кездеме және ПВХ құбырларын шығаратын жаңа кәсіпорындар іске қосылды.
Бұл көрсеткіштер еліміздің экономикасының «шикізат сатушы» моделінен біртіндеп арылып, ішкі өндірісті мықтап дамытуға көшкенін білдіреді. Ұлттық экономика министрлігі келтірген бұл мәліметтер отандық зауыттар мен кәсіпорындардың белсенді жұмыс істей бастағанын көрсетеді. Осы қарқыннан таймасақ, мұнай бағасына тәуелділіктен біржола құтылатын күн де алыс емес.