Елдіктің бір көрінісі – экологиялық мәдениет

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар өңірімізде тұрақты жүргізіліп келеді. Бастаманың негізгі мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстаумен шектелмей, қоғамда табиғатқа деген жауапкершілікті күшейтіп, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде тұрғындардың қоршаған ортаға деген оң көзқарасы қалыптасып, айналаға жанашырлықпен қараудың маңызы артып келеді. 

Жыл басынан бері өңірде 15-тен астам ірі экологиялық акция ұйымдастырылды. Оған қоса әрбір елді мекен қамтылған 7 257 іс-шарадан тұратын жоспар бекітіліп, бүгінгі таңда оның 4 515-і орындалды. Бұл көрсеткіштер өңірде экологиялық бағыттағы жұмыстардың ауқымы кеңейіп, тазалық пен абаттандыру ісінің жүйелі сипат алғанын көрсетеді.
Атап айтқанда, «Тазару күні», «Тазалық эстафетасы», «ТазаLIKE» экофестивалі, «Халықаралық қалдықсыз күні», «Мөлдір бұлақ», «Таза қала», «Таза ауыл», «Таза аула», «Жасыл болашақ», «Таза су айдындары», «Орман өрттерінің алдын алу шаралары» секілді экологиялық акциялар өткізілді. Аудандарда «Бір адам – бір ағаш», «Талмен түлеген туған жер», «Парктер шеруі», «Жасыл белдеу» сияқты бастамалар жүзеге асырылып, табиғатты қорғау жұмыстарына тұрғындардың белсенді қатысуына назар аударылуда.
Осы күнге дейін өткізілген экологиялық іс-шараларға 476,2 мың тұрғын мен 1 222 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 16 391 тонна қоқыс шығарылды. Бұл – тазалық жұмыстарын ұйымдастыруда тұрғындардың белсенділігін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Сонымен қатар қоршаған ортаға қатысты проблемаларды жедел анықтап, оларды шешуге мүмкіндік беретін TAZAQAZBOT онлайн-платформасы да белсенді қолданылуда. Жыл басынан бері тұрғындардан келіп түскен 2 267 өтініш бойынша кері байланыс орнатылды. Бұл цифрлық тетік халықтың экологиялық мәселелерді көтеріп қана қоймай, олардың шешілу барысына тікелей ықпал етуіне мүмкіндік беріп отыр.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру тек сенбіліктер өткізіп, аула,  көшелерді жинаумен шектелмейді. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес экологиялық білім беру, тұрғындардың экологиялық сауатын көтеру және өскелең ұрпақтың табиғатқа жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Жыл басынан бері өңірде 18 256  экологиялық тәрбие сағаты, 560 сурет байқауы, 4 669 «Дөңгелек үстел» мәжілісі және 68 акция ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, облыстағы білім беру ұйымдарында «Жасыл мектеп» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында «Шикізат жинау көшбасшысы», «Экологиялық бастамалар көшбасшысы», «Үлкен әлеует» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды. Жобаның басты мақсаты – ресурстарды ұқыпты әрі тиімді пайдалануға үйрету, тұтыну мәдениетін, және қалдықтарды бөлек жинау дағдысын қалыптастыру.
Бағдарлама аясындағы жұмыстар, әсіресе, жаз айларында қарқынды жүргізілді. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бірқатар ауқымды іс-шара өткізіліп, «Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні», «Экологтар күні», «Таза су айдындары», «Орман өрттерінің алдын алу шаралары» тақырыптарында экологиялық акциялар ұйымдастырылды. Аталған жұмыстарға 63,2 мың тұрғын мен 560 арнайы техника жұмылдырылып, 14 747 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен бірге TAZAQAZBOT онлайн-платформасы арқылы тұрғындардан 2 112 өтініш түсіп, олардың ешқайсысы да аяқсыз қалмады.
Облыста атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыты – қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету, қоғамда экологиялық мәдениетті орнықтыру, табиғатқа деген жауапкершілікті күшейту және туған өлкені көркейту. Осы мақсатта өңірде тұрақты түрде сенбіліктер, санитарлық тазалық жұмыстары, абаттандыру және көгалдандыру іс-шаралары ұйымдастырылып келеді. Елді мекендердегі көшелер мен аулалар, саябақтар мен скверлер, арық-атыздар және ортақ пайдаланылатын аумақтар тазартылып, ретке келтірілуде. Бұған қоса ағаштарды күтіп-баптау, жаңа көшеттер отырғызу, аулалар мен қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстарына да ерекше мән берілуде.
Өңірде бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, елді мекендердің тазалығын сақтау, абаттандыру және көгалдандыру ісіне басымдық берілмек. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз