Құт қонған Қолөнершілер қалашығы

Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».

Ұлттық өнерден әлемдік брендке дейін

Соңғы жылдары халқымыз үшін қасиетті мекен болып саналатын Түркістанның туристік әлеуеті айтарлықтай дамып келеді. Көне шаһарда заманауи ғимараттар бой көтеріп, ұлттық рух пен тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптейтін жаңа нысандар көптеп салынуда. Солардың бірі – Қолөнершілер қалашығы.
Бұл – қолөнер бұйымдарын сататын қарапайым орын ғана емес. Мұнда шеберлердің шығармашылық жұмысы, оқыту үдерісі, көрме, мәдени іс-шаралар мен туристік қызметтер бір арнаға тоғысқан. Кешен 25 архитектуралық нысаннан тұрады, оның жалпы аумағы 9 мың шаршы метрге жуық.
Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық мұраны сақтау, қолөнер шеберлерін қолдау, туризмді дамыту және қаланың экономикалық әлеуетін жақсарту. 
Сондай-ақ, қолөнерді жеке кәсіпке айналдырған шеберлердің жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, олардың еңбегін Түркістанның айрықша туристік брендіне айналдыру. Өйткені, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық өнердің әрбір туындысында халықтың тарихы, дүниетанымы мен мәдени коды жатыр.
Кешенде ұлттық нақыштағы бұйымдар әзірлейтін шеберханалар, көрме және Showroom форматындағы алаңдар, қонақтарға арналған кеңістіктер мен тамақтану орындары қарастырылған. Яғни турист бұл жерге дайын өнім сатып алу үшін ғана емес, оның қалай жасалатынын көріп, шебермен тілдесу, белгілі бір техниканы үйрену және ұлттық өнердің тарихымен танысу үшін де келеді.

Бұл – бірегей экожүйе

«Қолөнершілер орталығы» – Түркістан қаласының мәдени және сауда орталығына айналатын бірегей кешен. Мұнда демалуға, сауда жасауға және дәстүрлі қолөнер бұйымдарын әзірлеуге арналған орындар қарастырылған. Сонымен қатар мейрамханалар, шеберханалар, қонақүйлер мен моншалар да бар.
Қазір мұнда отыздан астам шебер жұмыс істейді. Оларға сауда орындары мен шеберханалар тегін беріліп, әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Кешен 2,5 гектар аумақты алып жатыр. Қазіргі таңда мұнда 20 заманауи шеберхана жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, этностильде безендірілген үш мейрамхана бар. Киіз басу, керамика жасау, ағаш жону, кілем тоқу сияқты дәстүрлі өнер түрлері қайта жаңғырып келеді. Бұдан бөлек, кешенге облыстық «Тарихи-өлкетану» және «Бейнелеу өнері» музейлерінің бөлімдері орналастырылды.
Жобаның жалпы құны – 4 356 500 000 теңге. Тапсырыс беруші – Түркістан қаласы әкімдігінің «Кәсіпкерлік және туризм бөлімі» мемлекеттік мекемесі. Бас мердігер – «Pana Qurylys Group» ЖШС. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталып, 2025 жылы аяқталды.
«Бұл – жай ғана ғимарат емес, ұлттық кодты сақтайтын бірегей экожүйе. Біз мұны тек сауда орны емес, халықаралық қолөнершілер хабына айналдыруды көздеп отырмыз. Жас буын шеберлік сабақтарына қатысып, ата-баба кәсібін үйренеді. Ал, шетелдік туристер қазақтың мәдениеті мен болмысын дәстүрлі қолөнер арқылы танып-біледі.
Алдағы уақытта қолөнерді туризммен ұштастыру, шеберлердің өнімдерін нарыққа шығару, шеберлік сабақтарын өткізу және тәжірибе алмасу бағытындағы жұмыстар жалғасады. Сонымен қатар ұлттық кәдесый өнімдерін дамытуға және Түркістанның халықаралық қолөнер орталығы ретіндегі имиджін күшейтуге басымдық беріледі» дейді Түркістан қалалық әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөліміне қарасты «Visit Turkestan» КММ директоры Бақытжан Асанбеков.

Фестиваль форумға ұласты

Қолөнершілер қалашығы үшін былтырғы жыл табысты жыл болды. Дәл осы жылы 130-дан астам қолөнер шебері еңбек ететін Түркістан World Crafts Council International ұйымының шешімімен қалашық халықаралық «Қолөнершілер қаласы» мәртебесін иеленді. Сол уақытта жаңа кешеннің ресми ашылуы да өтті.
Мамандардың айтуынша, бұл мәртебе қатардағы көп атақтардың бірі емес. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан зергерлік, ағаш және тері өңдеу, керамика, кілем тоқу, ұлттық киім, сәндік-қолданбалы өнер секілді бағыттарды халықаралық туристік өнімге айналдыруға мүмкіндік беретін маңызды мәртебе.
Түркістанның қолөнер саласындағы халықаралық беделін асырған тағы бір айтулы оқиға – өткен жылдың қыркүйегінде шымылдығын түрген «TURKISTAN WORLD CRAFT FEST–2025» халықаралық қолөнершілер көрмесі.
Ауқымды іс-шараға отандық қолөнершілермен қатар, шет мемлекеттерден келген 100-ден астам қолөнер шебері қатысты. Келушілер ұлттық және заманауи қолөнер бұйымдарын тамашалап қана қоймай, оларды сатып алуға, шеберлермен жүздесуге және дәстүрлі әрі заманауи қолөнер техникасымен танысуға мүмкіндік алды.
Фестиваль «Түркістан қолөнер мұрасы және туризмнің болашағы» атты халықаралық форумға ұласты. Бұл Түркістандағы қолөнер саласының біртіндеп жергілікті деңгейден халықаралық кеңістікке шығып, туристік индустрияның маңызды бөлігіне айналып келе жатқанын аңғартады.

Турист көбейсе, түсім де көбейеді

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысына келген туристер саны 500 мыңға жуықтап, 2024 жылмен салыстырғанда 15,9 пайызға өскен. Соның ішінде шетелдік туристер саны 23 мыңға жуықтаған. Өңірге келген туристердің негізгі бөлігін Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей және Германия азаматтары құрайды.
Сонымен қатар «e-Qonaq» жүйесі арқылы өткен жылы 48 400 шетелдік турист тіркелген. Ал, осы жылдың алғашқы алты айында аталған жүйе арқылы Түркістан облысына 39 879 шетелдік турист келгені тіркелген.
Бұл деректер Түркістанның туристік географиясының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Бұрын негізгі туристік ағын көрші мемлекеттермен шектелсе, бүгінде Қытай, Түркия, Германия, Франция, Ұлыбритания және Жапония сияқты елдерден келетін саяхатшылар саны да көбейіп отыр.
Демек, Түркістанның туристік әлеуетін тек зиярат немесе тарихи-мәдени орындармен шектеу жеткіліксіз. Ұлттық тағам, қолөнер, этнотуризм, мәдени фестивальдер мен интерактивті бағдарламалар сияқты бағыттарды қатар дамыту – уақыт талабы.

Орталық жыл бойы жұмыс істесе...
Сала мамандарының пікірінше, миллионнан астам турист келетін қалада қолөнер орталығының тұрақты жұмыс істеуі үшін ішкі сұраныс та, сыртқы сұраныс та бар. Сондықтан Қолөнершілер қалашығын белгілі бір күндері ғана іс-шара өткізілетін алаң емес, жыл бойы жұмыс істейтін толыққанды туристік нысанға айналдыру маңызды.
Біріншіден, шеберханалардың тұрақты жұмыс режимін қалыптастыру қажет. Турист Түркістанға жылдың қай мезгілінде келсе де, қолөнер шеберлерінің жұмысын көре алуы керек.
Екіншіден, шеберлік сабақтарын жүйелі түрде өткізуге басымдық берген жөн. Керамика жасау, зергерлік бұйым дайындау, ағаш өңдеу, тері өңдеу, кілем тоқу, ұлттық әшекейлер жасау сияқты бағыттарды туристік бағдарламаның ажырамас бөлігіне айналдыруға болады.
Үшіншіден, қолөнер бұйымдарын халықаралық нарықта насихаттауға назар аудару керек. Бұйымның сапасы, қаптамасы, дизайны мен брендтелуі шетелдік туристің талғамына сай болғаны маңызды.
Төртіншіден, цифрлық сауданы дамыту қажет. Қалашықта әзірленген өнімдер интернет арқылы да сатылып, турист Түркістаннан кеткеннен кейін де жергілікті шеберлердің бұйымдарына тапсырыс бере алатын жүйе қалыптасса, бұл қолөнершілердің табысын еселей түсер еді.
Бесіншіден, Қолөнершілер қалашығын Түркістандағы негізгі туристік маршруттарға толық енгізу аса маңызды. Бұл оның танымалдылығын арттырып, келушілер ағынын көбейте түсуге ықпал етеді.

Нысанды мәдени алаңға айналдыруға болады

Қолөнердің тағы бір үлкен мүмкіндігі  халықаралық мәдени байланыстарды нығайтады. Қалашықтың халықаралық іс-шараларды өткізу тәжірибесі алдағы уақытта оны тұрақты мәдени дипломатия алаңына айналдыруға жол ашады.
Мәселен, түркі мемлекеттерінің қолөнер шеберлерін жыл сайын Түркістанға шақырып, фестивальдер, жәрмеңкелер, ғылыми конференциялар мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыруға болады. Сонымен бірге шетелдік шеберлермен бірлескен өнімдер әзірлеу, қолөнер резиденцияларын ұйымдастыру, жас шеберлерге арналған халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламаларын іске асыру да маңызды.
Мұндай жобалар Түркістанды тек тарихи қалалардың бірі ретінде емес, дәстүрлі өнер мен заманауи шығармашылық тоғысқан халықаралық мәдени орталық ретінде танытуға мүмкіндік береді.

Әрі кәсіп, әрі жаңа жұмыс орны

Қолөнер саласының тағы бір ерекшелігі – оның шағын кәсіпкерлікпен тікелей байланысты болуы. Бір шеберхананы іске қосу арқылы жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға болады. Сондай-ақ, оның айналасында сатушы, дизайнер, фотограф, экскурсовод, туристік оператор, қаптама шығарушы, логист және басқа да қызмет көрсетушілердің еңбегіне сұраныс қалыптасады. Яғни бір ғана қолөнер шеберханасының жұмысы өзге де кәсіп иелерінің толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістандағы Қолөнершілер қалашығын шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа аумағы ретінде қарастыруға толық негіз бар. Бұл – ұлттық мәдениетті сақтаудың ғана емес, жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастырудың да тиімді жолы.
Қорыта айтқанда, Түркістандағы Қолөнершілер қалашығы – ұлттық мұраны сақтауға арналған мәдени нысан ғана емес. Ол туризмді, кәсіпкерлікті және халықаралық мәдени байланысты қатар дамытуға мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Егер нысан жыл бойы толыққанды жұмыс істеп, цифрлық саудамен және негізгі туристік маршруттармен өзара тығыз байланыста әрекет етсе, оның халықаралық деңгейдегі маңызды мәдени-туристік орталықтардың біріне айналу мүмкіндігі зор.
Пікір қалдырыңыз