Үй шаруасындағы әйелдің қарапайым идеясы

Психология ғылымында «Овертон терезесі» деген термин бар. Бұл – адам санасына жиі еніп, қайта-қайта көріп, оқып жүрген нәрселерінің бірте-бірте қалыпты, тіпті, өзіне лайық деп қабылдана бастағанын білдіреді. Яғни біз не ойласақ, сол нәрсе түпсанамызда «мүмкін» болып көріне бастайды. Былайша айтқанда, санамыз оны магнит секілді өзіне тартады да тұрады.
Бай адамдар туралы көп оқыған адам байлыққа жетуім мүмкін деп ойлайды. Кәсіпкерлер жайлы көп естіген адам бір күні өз ісін бастауға бел буады. Ал, табыс туралы ойлаған адам ерте ме, кеш пе, соған апаратын жолды табады. Шери Шмельцер де дәл осындай сәтті басынан өткерді.
Ол 40 жасында жұмыссыз қалып, үйдегі үш баласының тәрбиесімен айналысты. Басында бәрі қалыпты сияқты көрінген. Бірақ, уақыт өте келе отбасының қаржылық жағдайы күрт нашарлай бастады. Себебі, бұл отбасыда бірнеше несие бар еді. Ай сайынғы төлемдер, балалардың шығыны, тұрмыстық қажеттіліктердің бәрі жиналып, қалтаға кәдімгідей салмақ салды. Оны күні-түні «қалай ақша табуға болады?» деген сұрақ мазалады. Бұл ой оны күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды.
Бір күні ол баласының күнделікті киіп жүретін аяқ киіміне түрлі-түсті түймелер мен ұсақ тастарды жабыстырып қояды. Бұл оның жай ғана ермегі еді. Бірақ, баласы аяқ киімді көріп қатты қуанады. Келесі күні мұны көрші балалар байқап «бізде осындай аяқ киім кигіміз келеді» дейді. Сол күннен бастап Шериге алғашқы «тапсырыстар» түсе бастайды. Ол әр балаға арнап, әшекейлері ерекше слансылар (аяқ киімдер) жасап берді. Біреуіне жұлдызша, біреуіне гүл, енді біреуіне жүрекше қосты. Бір күні ол «мен мұнымен ақша таба аламын ғой…» деп ойланады. Осы ой оның өмірін күрт өзгертті.
Күйеуінің қолдауымен олар шағын сайт ашып, слансыларды интернет арқылы сата бастайды. Алғашқы күндері аз ғана тапсырыс түседі. Алайда, адамдар бір-біріне айтып, мұны әлеуметтік желілерде бөліседі. Балалар ерекше жасалған аяқ киімдерді ұнатса, ата-аналар мұндай идеяға тәнті болады. Көп ұзамай бұл жай ғана әшекей емес, трендке айналды. Шеридің слансылары АҚШ-та ғана емес, басқа елдерге де тарай бастады. Бір жыл өтпей-ақ, оның табысы 2 миллион долларға жетті. Бірақ, бұл әлі басы ғана еді.
Бұл жаңалықты слансы шығаратын «Crocs» компаниясы да естиді. Олар үйде отырған әйелдің ойлап тапқан идеясы бүкіл әлемді жаулап алғанына таң қалады. Сөйтіп Шериге ұсыныс жасап, «осы идеяны бізге сатыңыз» дейді. Әрине, Шери бірден келісім бере қоймайды. Себебі, бұл оның жүрегінен шыққан идея еді. Бірақ, ол идеяны сатуға келісім береді. Қаншаға дейсіз бе? 20 миллион долларға!
Осылайша, қарапайым түймелер мен тастардан басталған ой 20 миллион долларлық бизнеске айналды. Егер Шери «бұл жай ермек қой» деп тоқтап қалғанда, мұнша байлыққа қолы жетпес еді. Сенгің келмейді, бірақ, шындық...

Дайындаған Маржан Дәуренқызы.
Пікір қалдырыңыз