«Өнегелі өмір – өшпес мұра»

Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф, ұлт мәдениетінің жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында көрнекті тұлғаның тағлымды ғұмыр жолы мен ұлт руханиятына сіңірген еңбегін кеңінен насихаттауға бағытталған «Өнегелі өмір – өшпес мұра» атты облыстық байқау өтті.

Байқауға облыстың әр аймағынан келген жас талапкерлер қатысып, Өзбекәлі Жәнібековтің өнегелі өмір жолын, ел руханияты мен ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан өлшеусіз үлесін шығармашылық және ғылыми ізденістері арқылы жан-жақты көрсетті. Жас зерттеушілер өз жұмыстарында көрнекті қайраткердің ел тарихы мен мәдениетін дәріптеудегі еңбегін зерделеп, оның мол мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін маңызын ашуға талпынды.
Ұсынылған ғылыми жобалар мен шығармашылық жұмыстарды саралап, қатысушылардың ізденістерін бағалаған сарапшылар алқасының құрамында ҚР білім беру ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Түркістан қалалық әжелер алқасының төрайымы Айғаным Серім, Ясауи музейінің экспозиция және көрме қызметі бөлімінің көрме ұйымдастырушысы, ҚР мәдениет қайраткері, өзбекәлітанушы Рахия Жүзбаева және филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстанның құрметті журналисі, композитор Бекжігіт Сердәлі болды.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде сайрамдық Жаңыл Сақтағанға бұйырды. Бас жүлде иегеріне 300 000 теңге көлемінде сыйлық табысталды. Ал, І орынға төлебилік Еңлік Жұмабай мен түркістандық Исматулла Ерболұлы лайық деп танылып, әрқайсысына 125 000 теңгеден жүлде берілді. ІІ орынды түлкібастық Сандуғаш Иманқұл мен келестік Әділет Абдували иеленіп, әрқайсысы 100 000 теңгемен марапатталды. ІІІ орынға ие болған арыстық Айсезім Талжан мен жетісайлық Сабина Ибадуллаға 75 000 теңге сыйақы берілді.
Бұдан бөлек, бірқатар жас талапкер арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда, саурандық Азамат Орынбасар «Тарих үнін сөйлеткен дарын», бәйдібектік Әсел Сайлау «Өзбекәлі мұрасының үздік насихатшысы», отырарлық Нұрила Төлебай «Ұлт рухын ұлықтаған үздік өнерпаз», кентаулық Аймерей Бахытжан «Өзбек­әлі өнегесінің жас ізбасары» және созақтық Бағдат Сұлтанғали «Рухани қазынаның жас шырақшысы» номинацияларына ие болды. Оларға арнайы сыйлық ретінде қазақтың қасиетті қара домбырасы табысталды.
Сондай-ақ, байқауға белсенді қатысып, шығармашылық ізденісімен ерекшеленген жас талапкерлер мен оларды дайындаған жетекшілер Алғыс хаттармен марапатталды.
Айта кетейік, «Өнегелі өмір – өшпес мұра» байқауы – Өзбекәлі Жәнібековтің ұлт тарихы мен мәдениетін жаңғырту жолындағы еңбегін жас ұрпаққа танытып қана қоймай, өскелең буынның тарихи танымын кеңейтіп, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға бағытталған тағлымды іс-шара болды. Көрнекті қайраткердің ел руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбегі уақыт өткен сайын жаңа қырынан зерделеніп, оның өнегелі жолы кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін рухани құндылық ретінде жалғаса бермек.
Пікір қалдырыңыз