Үміт үзуге әлі ерте...
Маржан ЖАМАНҚҰЛОВА, «Оңтүстік Қазақстан».
Бірнеше ай бойы ҰБТ-ға дайындалып, нәтижесін тағатсыздана күткен мыңдаған талапкер үшін ең маңызды кезеңдердің бірі артта қалды. Грант конкурсының нәтижесін білген жастар енді мектеп бітіруші емес, студент атануға дайындалып жатыр. Бірі жатақхана іздеп, енді бірі жаңа қалаға аттану қамына кіріссе, тағы біреулері университетке қажетті құжаттары мен оқу құралдарын дайындап жүр. Алайда, грант нәтижесі шыққанымен, білім бәйгесі толық аяқталды деуге әлі ерте. Себебі, негізгі мемлекеттік білім грантына іліге алмаған талапкерлер үшін басқа да мүмкіндіктер бар. Сондай мүмкіндіктердің бірі – жергілікті әкімдіктер бөлетін білім гранттары.
Биыл жергілікті атқарушы органдар мен жоғары оқу орындары тарапынан талапкерлерге 4 мыңнан астам қосымша грант қарастырылып отыр. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сәйкес, жергілікті атқарушы органдар биыл бакалавриат, магистратура және резидентура бағдарламалары бойынша 2392 мемлекеттік білім беру грантын бөлген. Бұл – негізгі грант конкурсында жолы болмаған талапкерлер үшін жоғары білім алуға берілетін маңызды мүмкіндіктердің бірі.
Жергілікті атқарушы органдардың гранттары белгілі бір өңірдегі кадр қажеттілігін ескере отырып бөлінеді. Яғни әкімдік грантының мақсаты тек жастарға тегін білім беру емес, сонымен қатар аймақтағы тапшы мамандардың орнын толтыру деп түсінген жөн.. Мысалы, өңірлер өздеріне қажетті педагог, дәрігер, инженер, IT маманы, ауыл шаруашылығы немесе басқа да сала мамандарын даярлауға басымдық бере алады. Демек, талапкерлер үшін ең маңыздысы – «грантқа түстім бе, түспедім бе?» деген сұрақпен шектелмей, өзі тұратын аймақта қандай қосымша гранттар бар екенін анықтау.
Мәселен, Түркістан қаласында «Woosong University Kazakhstan», халықаралық қазақ-корей университетінің ашылуы өңірдегі жоғары білім беру саласындағы маңызды жобалардың біріне айналды. Университет негізінен заманауи IT мамандарын даярлайды. Оқу орны бір мезетте
2 мыңға жуық студент қабылдай алады. Ең маңыздысы, Түркістан облысы әкімдігі осы университетте жастардың тегін білім алуына 100 грант бөлген. Оның басым бөлігі облыс жастарына берілген. Өңірдегі әкімдік гранттарының тек IT саласымен шектелмейтінін де атап өткен жөн. Мысалы, 2024-2025 оқу жылында облыстық бюджет есебінен бакалавриатқа 50 мемлекеттік білім беру гранты бөлінген. Оның 35-і ақпараттық технологиялар, 15-і жалпы медицина бағытына арналған. Бұған қоса резидентура бойынша медициналық кадрларды даярлауға 139 грант бөлінген. Бұл бір жағынан өңірімізде IT мамандарына, екінші жағынан медицина қызметкерлеріне қажеттілік бар деген сөз. Сондықтан талапкерлер әкімдік грантының санынан бұрын қай мамандықтарға бөлінгеніне де назар аударғаны дұрыс.
Грант иегері атанған жастарды енді тағы бір маңызды кезең күтіп тұр. Ол – университетке ресми қабылдану. Грант жеңімпазы атану – оқу орнына автоматты түрде қабылданды дегенді білдірмейді. Талапкер қабылдау комиссиясына қажетті құжаттарын өткізіп, университеттің белгіленген талаптарын орындауы керек. Бұған дейінгі қабылдау науқандарында құжаттарды университеттердің қабылдау орталықтары арқылы офлайн, виртуалды әдістерімен немесе қабылдау комиссиялары арқылы онлайн және егов арқылы тапсыру мүмкіндігі болған. Қажетті құжаттардың қатарында жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, 3х4 көлеміндегі фотосурет, аттестат немесе диплом секілді құжаттар көрсетілген. Сондықтан грант иегері атанған жастарға қазірден бастап университеттің ресми парақшасы мен қабылдау комиссиясының ақпаратын қарап, құжат өткізу тәртібін нақтылап алған дұрыс.
Грантқа түсе алмағандар не істейді? Бұл сұрақ қазір мыңдаған талапкерді алаңдатып отырған да болуы мүмкін. Біріншіден, негізгі грант конкурсынан өтпеген талапкер жергілікті әкімдік гранттарына конкурсқа қатысу мүмкіндігін бір қарап шығу қажет. Өйткені, мұндай гранттар республикалық конкурстан бөлек өткізіледі. Екіншіден, университеттердің ішкі гранттарын қарастыруға болады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы университеттердің өздері ұсынған ректорлық гранттардың саны 2 мыңнан асқан. Үшіншіден, жұмыс берушілер, жеке қорлар мен демеушілер ұсынатын білім гранттары да бар. Олардың арасында белгілі бір салада кадр даярлауға бағытталған мақсатты бағдарламалар кездеседі. Төртіншіден, ақылы бөлімге оқуға түсіп, кейін оқу үлгеріміне қарай босаған білім грантына конкурсқа қатысу мүмкіндігі де бар. Университеттерде студенттер арасында босап қалған гранттарды қайта бөлу конкурстары өткізіліп тұрады. Сондықтан грантқа ілінбей қалу – университетке түсу мүмкіндігі біржола жабылды деген сөз емес.
Талапкерлер үшін жергілікті гранттардың бір ерекшелігін ескеру маңызды. Республикалық грант конкурсында талапкердің таңдауы кеңірек болса, әкімдік гранттары көбіне нақты өңірге қажет мамандықтарға бағытталады. Мысалы, бір облыста педагогика саласына сұраныс жоғары болса, сол бағытқа көбірек орын бөлінуі ықтимал. Басқа өңірде медицина, инженерия, ауыл шаруашылығы немесе IT мамандарына қажеттілік жоғары болуы мүмкін. Сондықтан талапкер грантқа құжат тапсырмас бұрын тек «қанша грант бар?» деген сұраққа емес, «қай мамандыққа қанша грант бөлінді және оқу аяқталғаннан кейін қандай талаптар қойылады?» деген сұрақтарға да жауап іздеуі керек.
Жергілікті бюджет есебінен берілетін гранттарға қатысты тағы бір маңызды мәселе – оның шарттары. Кейбір өңірлерде белгілі бір мамандық бойынша білім алған түлектің сол аймақта жұмыс істеуіне қатысты талаптар қойылуы мүмкін. Бұл талап – кадр тапшылығын шешу үшін қолға алынған шара. Құжат тапсырар алдында грантты ұйымдастырушы органның талаптарын, оқу мерзімін, мамандықты және оқу аяқталғаннан кейінгі міндеттемелерді нақтылап алу қажет.
Жоғары білімге мемлекеттік қолдаудың қаншалықты маңызды екенін грант конкурсына қатысушылар саны да көрсетеді. 2026 жылғы негізгі ҰБТ-ға шамамен 240 мың талапкер қатысуға ниет білдіріп, екі мүмкіндікті есептегенде 446 мыңнан астам адам өтініш берген. Талапкерлерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жоғары нәтижесімен грант конкурсына қатысуға мүмкіндік берілді. Бұл көрсеткіштің өзі елімізде жоғары білімге деген сұраныстың жоғары екенін аңғартады. Сондықтан грант саны шектеулі болған жағдайда конкурс та оңай өтпейді.
Талапкер үшін ең ауыр сәттердің бірі – үміті ақталмай, грантқа іліне алмай қалуы. Алайда, бір мәселені ескерген жөн, бірнеше балл жетпей қалуы немесе таңдаған мамандығына грант бұйырмауы адамның қабілетін анықтамайды. Кейде талапкердің жинаған балы жеткілікті болғанымен, таңдаған білім беру бағдарламасындағы конкурс жоғары болуы мүмкін. Сондықтан дәл осындай кезде эмоцияға берілмей, барлық мүмкіндікті саралаған жөн.