Жағажайда волейболды қалай ойнауды ордабасылықтар көрсетті
Алматы қаласында 2014–2015 жылы туған қыздар арасында жағажай волейболынан Қазақстан Республикасының біріншілігі өтті. Аталған жарыста Түркістан облысының намысын Ордабасы ауданындағы №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің өрендері Алина Елеухан мен Нұрай Пахтарал қорғап, жеңімпаз атанды.
Алина мен Нұрай құм үстіндегі тартысты бәсекеде жоғары шеберлік пен табандылықтың үлгісін көрсетіп, қарсыластарының бәрін жеңді.
Құмды алаңда шаршамай, жеңімпаз атанған чемпиондардың бұл толағай табысы – жас дарындарды баптап, жеңіске жігерлендірген жаттықтырушылар Назабай Саханов, Бағдаулет Пернебек пен аға жаттықтырушы Файзулла Мамықовтың қажырлы еңбектерінің арқасы. Мұндай жеңістер өңірдегі жасөспірімдер спортының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.