Ринг – саясаттың емес, бокстың алаңы

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Соңғы күндері қазақстандық әлеуметтік желі кеңістігі жоқ жерден дүрлігіп кетті. Талқылаудың негізгі арқауы – отандық бокстың тірі аңызы, қазіргі уақытта Ұлттық олимпиадалық комитеттің тізгінін ұстап, сонымен бірге халықаралық World Boxing ұйымын басқарып отырған Геннадий Головкиннің соңғы шешімі. Ол басқаратын әлемдік ұйым Ресей мен Беларусь боксшыларына салынған шектеулерді толығымен алып тастап, спортшылардың халықаралық додаларға, соның ішінде Олимпиада іріктеулеріне өз Туы мен Әнұранымен қатысуға ресми түрде рұқсат берді.

Диванда жатып алып, әлемдік проблемаларды шешіп тастауға келгенде алдымызға жан салмайтынымыз белгілі ғой. Бұл жолы да сол әдетімізге бастық. Бұл шешім шыққан сәттен бастап ел ішінде наразылықтың қара бұлты қоюлай түсті. Әлеуметтік желі қолданушылары мен кейбір ақпарат құралдары Головкинге түрлі айыптаулар мен ауыр сөздерді бұршақша жаудыруда. Алайда, эмоцияға берілмей, бұл шешімнің астарына байыппен үңілсек, мәселенің мәні мүлде тереңде жатқанын аңғару қиын емес.

Ең әуелі ақиқатқа тіке қарайық. Қазақстанның заманауи спорт тарихында әлемдік спорт федерациясының ең жоғарғы креслосына отырған, олимпиадалық спорт түрін жаһандық деңгейде басқару биігіне дейін көтерілген жалғыз тұлға – осы Геннадий Головкин. Кезінде шаршы алаңда ел намысын жыртып, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, өз салмағындағы әлем боксшыларын «бір тарының қауызына сыйдырып жіберген»  «GGG» бренді бүгінде спорттық дипломатияның да ең биік шыңына жетті. Бұл – оның жеке басының беделі ғана емес, бүкіл отандық спорт мектебінің, қазақ боксының жетістігі.

Геннадий Головкин кезінде шаршы алаңда елдің туын желбіретіп жүргенде «біздің Гена» деп төбесіне көтерген ағайын, енді ол жаһандық деңгейдегі креслоға отырғанда «неге біздің қалауымызды істемейді?» деп тулап шыға келді. Алайда, мұндай халықаралық ұйымның тізгінін ұстау – тек белгілі бір топтың тар шеңбердегі мүддесін жоқтау емес. Бұл – жаһандық деңгейде ойлауды, геосаяси қайшылықтарды оңтайлы шешуді, спорттық бейтараптылықты сақтауды талап ететін орасан зор жауапкершілік.

 

Көпшілік нені түсінбей жатыр?

Әлеуметтік желідегі ағайынның ашуын түсінуге болады негізі. Әлемдегі күрделі геосаяси жағдай, соғыс өрті және көрші елге салынған халықаралық санкциялар бұқараның эмоционалды көңіл-күйін шегіне жеткізіп қойды. Сондықтан Головкиннің бұл қадамын «көрші елге иілгендік» немесе «саяси қолдау» деп бағалағандардың қарасы көбейді. Тіпті, кейбір ақпараттық ресурстардың Головкинді арнайы тізімдерге қосып, оған қысым көрсетуге тырысуы да осы эмоционалды толқынның салдары дер едік.

Дегенмен, Головкиннің басқарушылық ұстанымы өте анық әрі айқын. Ол спортты саясаттан толықтай бөлек ұстағысы келеді. Оның пайымынша, бокс – тек шаршы алаңдағы таза бәсеке. Оны саяси текетірестердің, идеологиялық майдан мен геосаяси ойындардың құралына айналдыру – спорттың түпкі мәнін жоюмен бірдей.

Басшы ретінде Головкин тек бір елдің немесе белгілі бір саяси блоктың емес, әлемдік бокстың тұтас дамуын, мыңдаған жас спортшының тағдырын ойлауға міндетті. Рингте жылдар бойы тер төгіп, өмірін осы салаға арнаған спортшыларды олардың мемлекеті қабылдаған саяси шешімдер үшін жаппай шеттете беру – әділдік принципіне мүлде қайшы.

 

Нағыз бәсекені күштілер жасайды

Бұл мәселенің екінші жағы да бар. Спорттағы бәсеке тұрғысынан қарасақ, Ресей – әлемдік шаршы алаңда ойып тұрып орын алатын, әрдайым үздіктердің қатарынан көрінетін ірі бокс державасы. Олардың былғары қолғап шеберлерінсіз өтетін кез келген әлемдік жарыс немесе Олимпиада турнирі өзінің спорттық сапасы мен бәсекелестік деңгейін айтарлықтай жоғалтады.

Мықтысы жоқ рингте жеңімпаз болу – бос залда жалғыз жүгіріп келіп «чемпион болдым» деп айғайлағанмен бірдей. Таза алтын жүлденің қадірі тек мықты бәсекеде ғана білінеді. Шын мықтыны анықтау үшін рингте күштілердің барлығы дерлік өнер көрсетуі тиіс. Ресей мен Беларусь боксын оқшаулай беру – World Boxing ұйымының да беделіне, оның коммерциялық және спорттық тартымдылығына да нұқсан келтіреді. Бұған дейін әуесқой бокстағы екіұдай жағдай (IBA мен World Boxing арасындағы текетірес) спортшыларды екіге бөліп келген еді. World Boxing ұйымы Халықаралық олимпиадалық комитеттің толық мойындауына қол жеткізгеннен кейін бұрынғы қарама-қайшылықтарды жойып, барлық мықтыларды бір шаңырақ астына жинауды көздеп отыр.

Головкин басқаратын ұйымның шешімін саяси астардан ада, таза спорттық бәсеке мен әділдікті қалпына келтіруге бағытталған кәсіби қадам деп бағалауға болады.

 

Саяси қысым және салқынқанды дипломатия

Халықаралық олимпиадалық комитеттің өзі біртіндеп санкциялық шектеулердің шарты мен форматын қайта қарап жатқан тұста, World Boxing ұйымының мұндай батыл қадамға баруы – заңды құбылыс. Себебі, Олимпиада ойындарының басты ұраны – бейбітшілік пен бірлік емес пе?! Спортшыны туынан, әнұранынан айыру – оның спорттық азаматтығын шектеумен тең.

Головкин өзінің спорттық мансабында кез келген қитұрқылықтарға бой алдырмай, тек шаршы алаңдағы нәтижемен жауап беретін сабырлы мінезімен танылған. Үлкен саяси айқай-шудың ортасында жүрсе де, ол тағы да өз принципінен таймайтынын көрсетіп отыр.

Қазақстаннан шыққан талантты ұлды бүкіл әлем мойындап жатқанда, біздің оны еш нәрсенің байыбына бармай сөгіп отырғанымыз қалай, бұл іштарлық па, иіс алмас надандық па, жоқ, ермелік пе? Геннадий Головкин – кеше ғана көк туымызды әлемдік ареналарда желбіреткен саңлақ болса, бүгін жаһандық спорт саясатын қолға ұстап отырған ірі қайраткер. Оның әлемдік масштабтағы шешімдерін тар көзқарастың шеңберіне салып қоюға болмайды. Спортты саяси ойындардың арзан аренасына айналдырмай, оны таза күйінде сақтап қалу – World Boxing ұйымының да, оның басшысының да басты миссиясы. Демек, қазақстандық жанкүйерлер де арзан эмоцияның жетегінде кетпей, өз азаматымыздың халықаралық аренадағы әрбір қадамына парасат биігінен көз тастап отыруы керек. Арзан сөзге алдану қашан абыройлы қылып еді?..

Пікір қалдырыңыз