Алғаш рет дауыс беретіндердің саны 20 мыңнан асады
Бүгінде елімізде маңызды саяси науқан — Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Әсіресе, бұл жолғы сайлаудың ерекшелігі – саяси науқанға алғаш рет қатысып, өз таңдауын жасайтын жас сайлаушылардың қатары қалың.
Түркістан облысы бойынша көктемдегі рефрендумнан кейін ҚР Құрылтай депутаттарын сайлау науқанына қатысып, алғаш рет дауыс беретін жастардың саны 20 292 адамды құрайды. Олардың ішінде 114 азамат дәл 23 тамыз күні кәмелеттік жасқа толып, алғаш рет азаматтық борышын өтемек. Бұл – өңірдегі жастардың саяси белсенділігі мен ел болашағына деген жауапкершілігінің айқын көрінісі.
Жалпы өңірдің демографиялық көрсеткіштері де көңіл қуантарлық. Түркістан облысының жалпы тұрғындар саны 2 146 700 адамға жетсе, солардың 1 204 659-ы (халықтың 56%-ы) дауыс беру құқығына ие.
Азаматтардың өз таңдауын емін-еркін жасауы үшін облыста 952 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Өңірдегі демографиялық өсім мен жаңа құрылыстардың қарқын алуына байланысты биыл Түркістан қаласында 3 және Сауран ауданында 1 жаңа сайлау учаскесі ашылды. Сонымен қатар қолайлы жағдай туғызу үшін 6 учаскенің шекарасы қайта қаралды.
Бүгінгі таңда барлық 952 сайлау учаскесі қажетті материалдық-техникалық базамен 100 пайыз қамтамасыз етілді. Бұл өз кезегінде сайлаудың ашық, әділ әрі заң талаптарына сай өтуіне толық кепілдік береді.