Түркістандықтар дара шықты
Түркістан қаласында академиялық ескек есуден ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты мәреге жетті. Елдің әр өңірінен келген үздік спортшылар бақ сынаған байрақты бәсекеде Түркістан облысының ескекшілері жоғары нәтиже көрсетіп, ұзын саны 42 медаль жеңіп алды. Оның 24-і алтын, 8-і күміс, 10-ы қола медаль.
Төрт күнге созылған чемпионатта түркістандық спортшылар жекелей сында да, командалық сында да тамаша өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте көшбасшылар қатарынан көрінді. Бұл нәтиже өңірде академиялық ескек есу спортының жүйелі дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Соңғы жылдары Түркістанда су спортына ерекше көңіл бөлініп келеді. Заманауи талаптарға сай салынған халықаралық деңгейдегі ескек есу каналы спортшылардың жарыстарға сапалы дайындалуына мүмкіндік беріп қана қоймай, республикалық және халықаралық жарыстарды тұрақты қабылдайтын маңызды спорт нысанына айналды. Биыл дәл осы кешенде ескек есу мен параканоэден жастар арасындағы Азия біріншілігі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Халықаралық дода Түркістанның әлемдік талаптарға сай спорт инфрақұрылымы қалыптасқан өңір екенін және ірі жарыстарды өткізу әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Айта кетейік, өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту, бұқаралық және Олимпиада бағдарламасына енетін спорт түрлерін қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен жаңа спорт нысандары пайдалануға беріліп, қолданыстағы кешендер қайта жаңғыртудан өтті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.