Агросалада оң серпіліс

Өңіріміздің аграрлық әлеуеті жаңа деңгейге көтеріліп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ірі орталыққа айналып келеді. Бүгінде аймақта агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту, өндірісті әртараптандыру, терең өңдеуді дамыту және экспорттық әлеуетті арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аграрлық саланы дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейту және жаңа технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында облыс әкімдігі тарапынан кешенді шаралар қолға алынды. Нәтижесінде   Түркістан облысы агросаланың негізгі көрсеткіштері бойынша республикадағы көшбасшы аймақтардың біріне айналды.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Түркістан облысында 325,3 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 110,7 пайызды құрады.

Өңірімізде  ауыл шаруашылығы өнімдерін тек өндіру ғана емес, оны терең өңдеу бағытында да нақты жұмыстар жүргізілуде. Осы жылдың алғашқы алты айында агроөнеркәсіптік кешенге 153,2 млрд. теңге инвестиция бағытталды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге жоғары.

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемі де артты. Алты ай ішінде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 96,6 млрд. теңгеге жетіп, өсім 126,2 пайызды құрады. Атап айтсақ, ет өнімдерін өңдеу – 172,1 пайызға, өсімдік майы және май өнімдерін өндіру – 136,7 пайызға, сусындар өндірісі – 139,6 пайызға,  ұн-жарма өнімдері – 121,4 пайызға, балық өнімдері – 121,4 пайыз, жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу  108,5 пайызға көбейген.

Бұл көрсеткіштер өңірдің шикізаттық бағыттан дайын өнім өндіретін қуатты агроөнеркәсіптік орталыққа айналып келе жатқанын аңғартады.

Түркістан өнімдері бүгінде  әлем нарығына шығуда. Өңірдің аграрлық өнімдерінің экспорттық әлеуеті де жыл сайын артып келеді. Жыл басынан бері Түркістан облысынан 904,5 мың тонна ауыл шаруашылығы тауарлары және қайта өңделген өнім экспортталды. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көп.

Экспорт құрылымында егін  шаруашылығы өнімдері – 642,4 мың тонна, мал шаруашылығы өнімдері – 25,8 мың тонна, қайта өңделген өнімдер  236,3 мың тоннаға дейін жетті.

Түркістан облысы бүгінде ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, халықаралық азық-түлік нарығындағы орнын да нығайтып келеді.

Егіс алқаптары ұлғайып, су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде.  Ауыл шаруашылығын әртараптандыру мақсатында биыл облыста егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 8 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 919 мың гектарды құрады.

Оның ішінде дәнді дақылдар – 326 мың гектарға, майлы дақылдар – 87 мың гектарға, көкөніс – 42 мың гектарға, бақша – 62 мың гектарға, картоп – 12 мың гектарға, малазықтық дақылдар – 228 мың гектарға, мақта 162 мың гектарға егілді.

Бүгінгі таңда облыс шаруалары 368,4 мың тонна масақты дақыл, 655 мың тонна көкөніс, 871 мың тонна бақша өнімдері, 214 мың тонна картоп, 3,4 млн. тонна мал азығы дақылдарын жинады.

Су үнемдеу мақсатында тиімді технологияларды енгізу басты бағыттардың біріне айналды. Президент тапсырмасына сәйкес биыл қосымша 50 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Нәтижесінде жалпы қамтылатын аумақ 164 мың гектарға жетіп, ол жыл сайын 280 млн. текше метр су үнемдеуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда бұл технологиялар 37 мың гектарға енгізіліп, жоспардың 74 пайызы орындалды.

Түркістан облысы мал шаруашылығы бойынша да республикадағы жетекші өңірлердің қатарында.

Қазақстандағы ірі қара малдың 13 пайызы немесе 1 млн. 238,6-і , қой-ешкінің 20 пайызы немесе 5 млн. 211,6-ы, жылқының 10 пайызы немесе 549 мыңы, түйенің 14 пайызы немесе 46,1 мыңы облыс еншісінде болса, биылғы алты айда 116,3 мың тонна ет, 271,8 мың тонна сүт, 170,8 млн. дана жұмыртқа өндірілді.

Облыс еліміздің ет экспортындағы негізгі өңірге айналды. Республикадан сыртқы нарыққа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы Түркістан облысының үлесіне тиесілі екенін де айта кетейік.

Алғашқы жартыжылдықта 10,3 мың тонна сиыр еті, 14,4 мың тонна қой еті экспортталды.

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдері көлемін арттыру және өндірісті ұлғайту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Түркістан облысында 2026–2028 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешендегі ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жол картасы бекітілді.

Жол картасы аясында жалпы құны 269 млрд. теңгені құрайтын 43 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 2 115 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Биыл құны 96,3 млрд. теңгені құрайтын 19 жоба іске асырылуда. Қазіргі таңда құны 17,4 млрд. теңгенің 5 жобасы жүзеге асырылып, 140 жаңа жұмыс орны құрылды.

Атап айтсақ, Сайрам ауданында 65 адамды жұмыспен қамтитын «U-DRINKS» ЖШС (құны – 4 млрд. теңге), сағатына 10 тонна сусын шығарса,  «Kaz Eco Meat» ЖШС (құны – 4 млрд. теңге) 5 мың бас ірі қара мал бордақылауға қауқарлы. Ал, «MEAT MAGNAT» ЖШС (құны – 4 млрд. теңге) 10 мың ірі қара бордақылайды.

Қазығұрт ауданындағы

30 адамды жұмыспен қамтитын «Қарқын – 2030» ЖШС (құны – 4,1 млрд. теңге) 5 мың ірі қара  бордақылауға қауқарлы болса, Отырар ауданындағы «Мұрат» шаруа қожалығы (құны – 1,3 млрд. теңге) да осынша малды бордақылай алады.

Міне, осыдан-ақ Түркістан облысының елдің азық-түлік қауіпсіздігіне мол  үлес қосатын, заманауи агроөнеркәсіптік орталыққа айналып келе жатқан қуатты өңір екенін білуге болады.

Пікір қалдырыңыз