«Қойылымдарымыздың аншлагпен өтпегені жоқ!»

Түркістан музыкалық драма театрының құрылғанына биыл бес жыл толып отыр. Театр 2021 жылдың қазан айында белгілі жазушы- драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтің «Бөрте» пьесасымен шымылдығын түріп, шығармашылық жолының алғашқы парағын ашты. Аз ғана уақыт ішінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленген өнер ұжымы «Келіндер көтерілісі», «Бекзат», «Беу, қыздар-ай!», «Пейіш» секілді қойылымдарымен театрсүйер қауымның жоғары бағасына ие болды. Сонымен қатар алыс-жақын шетелдерге гастрольдік сапарлармен шығып, қазақ театр өнерінің деңгейін халықаралық сахналарда танытып, бірқатар беделді марапаттарды еншіледі. Біз ұжымның бес жылда қол жеткізген табыстары, шығармашылық ізденісі мен алдағы жоспарлары туралы театр директоры Әлімхан МЫРЗАХАНҰЛЫМЕН сұхбаттасқан едік.

– Әңгімемізді театрдың басты миссиясы мен алға қойған стратегиялық

мақсаттарынан бастасақ дейміз.

– Театрымыздың алғашқы қадамы сәтті болды. Қысқа уақыттың ішінде өнерсүйер қауымның ықыласына бөленіп, бүгінде талғамы жоғары тұрақты көрермен қалыптастырдық.

Бұл – біз үшін маңызды кезең. Дегенмен, алға қойған мақсаттарымыз бен жоспарларымыз бұдан да ауқымды. Театр алғаш құрылғанда құрамымызда драма актерлері мен балет труппасы ғана болса, бүгінде кәсіби ансамбль мен вокалды топ жасақталды. Соның нәтижесінде шығармашылық әлеуетіміз жыл сайын күшейіп келеді.

Алдағы күзде театр жанынан қуыршақ труппасын ашуды да жоспарлап отырмыз. Облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асатын бұл жобаның басты мақсаты – жас ұрпақты бала кезінен театр мәдениетіне баулу, рухани талғамын қалыптастырып, сахна өнерінің қыр-сырымен таныстыру.

Жалпы, Түркістан музыкалық драма театрының басты миссиясы – ұлттық құндылықтарды ұлықтай отырып, жас таланттарға жол ашу, жаңа есімдерді таныту және Түркістанды түркі дүниесінің ғана емес, халықаралық деңгейдегі мәдениет пен өнердің маңызды орталығына айналдыру.

– Музыкалық драма театрының табиғаты классикалық театрдан өзгеше екенін білеміз. Режиссер шақыруда, актерлік құрамды жасақтауда қандай ерекшеліктерге басымдық бересіздер?

– Музыкалық драма театры болғандықтан, әр қойылымда музыканың көркемдік қуатына айрықша мән береміз. Барлық спектакльді театрымыздың жеке ансамблі жанды дауыста сүйемелдейді. Бұл қойылымның көркемдік әсерін күшейтіп, көрерменге ерекше атмосфера сыйлайды.

Мәселен, репертуарымыздағы «МузАРТ» спектаклінде музыканттар қойылым бойы сахна төрінде отырып, шығарманың ажырамас бөлігіне айналып кетеді. Жақында құрылған кәсіби вокалдық топ та актерлік ойын мен музыкалық үндестікті жаңа деңгейге көтеріп, спектакльдердің эстетикалық әсерін байыта түсті.

Әзірге репертуарымызға толыққанды мюзикл жанрын енгізген жоқпыз. Өйткені,

бұл – бірнеше өнер түрін тоғыстыратын күрделі жанр. Қазақстан театрларында бұл бағыт енді- енді ғана дамып келеді. Мюзикл сахналау үшін тәжірибелі режиссерлер, арнайы композиторлар және дыбыс пен жарық режиссурасын жетік меңгерген мамандар қажет. Мұндай кадрлардың тапшылығы әлі де сезіледі. Соған қарамастан, шығармашылық ізденістен қашпаймыз, режиссерлік шешімдерде тың ізденістер мен батыл эксперименттерге әрдайым ашықпыз.

– Соңғы маусымдарда театр репертуары қандай премьералармен толықты?

– Осы уақытқа дейін көрерменге он үш премьера ұсындық. Әр қойылым – ұжымымыздың шығармашылық ізденісі мен тынымсыз еңбегінің жемісі.

Соңғы маусымдарда репертуарымыз жанрлық әрі мазмұндық тұрғыдан байып, көркемдік деңгейі жоғары жаңа спектакльдермен толықты. Олардың қатарында «Вальс королі», «Абай. Қарасөз», «МузАРТ», «Пейіш», «Ғажайып әлем» секілді көрермендердің ыстық ықыласына бөленген қойылымдар бар.

Біз үшін басты өлшем – сан емес, сапа. Сондықтан репертуар жасақтауда ұлттық драматургияны, әлемдік классиканы және бүгінгі күн тақырыбын үйлестіруге басымдық береміз.

Соның бір мысалы – «МузАРТ» спектаклі. Бұл – көрерменді театрға тартудың жаңа форматы. Жас актерлеріміздің шығармашылық әлеуетін пайдаланып, шоу элементтері мен драмалық шешімдерді ұштастырдық. Ал, биыл көрерменге Қазыбек Аманжолдың шығармасы бойынша сахналанған «Пейіш» спектаклін ұсындық. Екі қойылымды да жас болса да өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген режиссер Әли Бидахмет сахналады.

– Театр қойылымдарында заманауи технологиялар мен жаңа формалар, соның ішінде визуалды эффектілер мен музыкалық шешімдер үйлесім тауып жатыр ма? Осы бағыттағы жаңалықтарыңызбен бөлісе отырсаңыз.

– Бүгінде Мемлекет басшысы да  елімізде жасанды интеллектіні дамытуға айрықша мән беріп отыр. Жалпы, технология күн сайын қарыштап дамып келеді. Сондықтан театр да заман талабынан қалмай, жаңашыл үрдістерді шығармашылықпен ұштастыруы керек.

Әрине, классикалық туындылардың құны ешқашан кемімейді. Олар қай кезеңде де сахналана береді. Алайда, көрерменге ұсыну формасы уақыт талабына сай жаңарып отырғаны жөн. Біз де осы бағытта үздіксіз ізденіп келеміз. Театрымыз заманауи техникалық мүмкіндіктермен толық қамтылған. Сондықтан қойылымдарда жаңа технологияларды шығармашылық идеямен үйлестіріп, көркемдік шешімнің бір бөлігі ретінде пайдалануға басымдық береміз.

– Театр ұжымы соңғы жылдары бірнеше халық- аралық фестивальге қатысып, жүлделі оралды. Мұндай шығармашылық сапарлар мен бәйгелердің ұжымның шығармашылық  тұрғыдан  дамуына қаншалықты әсері бар?

– Биыл театр ұжымы арнайы шақыртумен Түркияның Трабзон қаласында өткен халықаралық фестивальге қатысып қайтты. Сондай-ақ, Ресейдегі халықаралық театр фестивалінен жүлдемен оралдық. Бұдан бөлек, Талдықорғанда өткен республикалық театр фестивалінде де өнерімізді көрермен назарына ұсындық.

Мұндай шығармашылық сапарлар өзге елдердің театрларымен тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Фестивальдердегі мамандар тарапынан айтылатын сын мен пікірлер де шығармашылық ұжымның кәсіби өсуіне оң ықпал етеді. Бүгінде актерлеріміз, балет труппасы мен ансамбліміз республикалық және халық-

аралық байқаулар мен фестивальдерге тұрақты қатысып келеді. Бұл бастамаларымызға облыс әкімдігі де тұрақты қолдау көрсетуде.

– Жыл басында өзіңіз басқаратын өнер ұжымы өңірлерге ауқымды гас-

трольдік сапар ұйымдастырды. Бұл турдың ерекшелігі неде? Жалпы, ауылдағы көрерменнің театр өнеріне қызығушылығы қандай деңгейде?

– Биыл жыл басынан бері гастрольдік сапарларға жиі шықтық. Алматы, Астана, Шымкент, Қызылорда, Талдықорған қалаларында өнер көрсеттік. Кейбір қалаларда бір күнде екі спектакль қойған кездеріміз болды. Бір қуанарлығы, қойылымдардың барлығы аншлагпен өтті. Көрерменнің театрға деген осындай ықыласын көргенде қалай шабыттанбайсың?!

Жаз айларында облыстың барлық ауданын аралап, спектакльдер қойып, ансамбліміз концерттік бағдарлама ұсынды. Шалғайдағы тұрғындардың Түркістанға театрға келуге мүмкіндігі әрдайым бола бермейді. Сондықтан бұл жолы театрдың өзі көрерменге барды.

Біз үшін ең үлкен құнды-лық – көрермен. Оның ықыласы – шығармашылығымыздың басты бағасы. Қуантатыны, бүгінде Астана мен Алматыда да тұрақты көрермендеріміз қалыптасты. Тіпті, спектакльдерімізді қайта көру үшін арнайы ұшып келетін көрермендер де бар.

– Жас таланттарды қолдау, олардың қабілетін ашу және көрерменге жаңа есімдерді таныстыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Біздің ең үлкен байлығымыз шығармашылық ұжымымыз екенін айттым. Дарынды актерлеріміз, кәсіби балет труппамыз және әсем әуенімен көрерменнің ықыласына бөленген «Түркістан» ансам-блі – театрдың басты тірегі.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Балажанованың жетекшілігімен еліміздің түкпір-түкпірінен тәжірибелі музыканттарды жинап, кәсіби ансамбль құрдық.

Бұл – бес жыл ішінде қол жеткізген маңызды жетістіктеріміздің бірі.

Осы уақыт ішінде актерлеріміз де кәсіби тұрғыдан айтарлықтай өсті. Алғашқы жылдары сырттан актерлер шақыруға тура келсе, бүгінде қойылымдардың 95 пайызын өз актерлеріміздің күшімен сахналаймыз. Театрда жаңа есімдер қалыптасып келеді. Театр актерлерімен танылса, актерлер де театрмен бірге өсіп келеді.

Әлеуметтік қолдау мәселесі де назардан тыс қалған емес. Актерлеріміз тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Гастрольдік сапарларға арналған арнайы автобусымыз бар. Әр қойылымнан кейін әртістерді үйлеріне сол автобуспен жеткіземіз. Мұның бәрі өңір басшылығының өнерге көрсетіп отырған қолдауы.

Әйткенмен, театр актерлерінің жалақы мәселесі әлі де өзекті. Бұл – тек біздің театрға ғана емес, республикадағы барлық театрларға ортақ проблема. Болашақта оның да

оң шешімі табылатынына сенеміз.

– Соңғы жылдардағы ең үлкен жетістіктеріңіздің бірі деп қай мәселені айтар едіңіз? Алдағы жоспарларыңыз қандай? Түркістан музыкалық драма театры көрерменге тағы қандай жаңа жобалар ұсынбақ?

– Біздің ең үлкен тірегіміз – көрерменнің сенімі. Көп жағдайда премьераларға арналған билеттер екі-үш күннің ішінде толық сатылып кетеді. Қойылымдарымыз аншлагпен өтеді. Бұл – еңбегіміздің ең үлкен бағасы. Жаңа айтқанымдай, бүгінде тек Түркістанда ғана емес, еліміздің өзге де ірі қалаларында өз көрерменіміз қалыптасты. Қойылымдарымызды арнайы іздеп келетін тұрақты көрермендеріміз бар.

Алдағы уақытта арнайы шақыртумен Грузияның Батуми қаласында «Абай. Қарасөз» спектаклін сахналаймыз. Сонымен қатар облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен оркестріміз бен балет труппамыз Қытайда өнер көрсетеді.

Алдағы маңызды жобаларымыздың бірі – түркі әлемінің ұлы ойшылы Қожа Ахмет Ясауи туралы дүниені сахналау. Қазір бірнеше пьеса келіп түсті. Бұл – шығармашылық тұрғыдан өте күрделі әрі жауапты жұмыс.

Сонымен қатар театр жанынан қуыршақ труппасын ашуды бастап кеттік. Бұл бастама кішкентай көрермендеріміздің қатарын көбейтіп, балаларды ерте жастан театр мәдениеті мен бекзат өнерге баулуға мүмкіндік береді.

– Еңбектеріңізге сәттілік тілейміз! Көрермендеріңіз көп болсын!

 

Сұхбаттасқан

Пернебай САПАР,

«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз