«Қазір біз үшін әрбір минут қымбат» дейді диқандар
Жаз – мол өнімге негіз қаланатын берекелі ай. Әсіресе, халықтың басты күнкөрісіне айналған – мақта, бақша өнімдерін өсіру, оны агротехника талаптарына сай күтіп-баптау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Шіліңгір шілденің аптап ыстығына қарамай егістік алқаптарында маңдай терілерін шүмектетіп, жұмыс істеп жүрген диқандардың бейнеті жанса екен деп тілейсің.
Биыл Мақтаарал ауданында 60 330,3 гектар егістіктің 35 500,6 гектарына мақта егілді. Бүгінгі күні қозалар жаппай гүлдеп, шанақтап жатыр. Шілде айы – өнімді мол қорландырудың кезеңі десек, әр түп қозаның гүлі мен шанағын түсірмеу үшін уақтылы суару, қоза зиянкестеріне жол бермеу басты назарда болуы тиіс. Кешеге дейін 12 мың гектар мақталық суарылды. Күн сайын орта есеппен 700-800 гектар мақталық ылғалдандырылуда. Қоза негізінен шілде суын қанып ішуі керектігін ескерсек, мақта дақылын суарудың қарқынын күшейтпей болмайды. Ағын суды әрбір шаруа қожалығына дер кезінде жеткілікті мөлшерде жеткізуде «ҚазСуШар» РМК Мақтаарал аудандық өндірістік бөлімшесі мамандарына жүктелер жауапкершілік зор. Мақта алқаптарына бір мезетте мол су қажет. Осы кезеңде суды бөлу, жеткізу жұмыстарында қатаң тәртіп пен бақылауды күшейткен жөн.
Дәл қазір қауын, қарбыз өсіретін диқандар үшін де ең бір қарбалас сәт. Уылжып піскен қауын мен қарбызды тездетіп жинап алып, оны тиісті жерге жөнелту оңай шаруа емес. Қазір бақша өнімдерін қабылдау бекеттерінде қайнаған жұмыс. Үйеме төбе қауын тиеген көліктер ағыны саябырситын емес. Бәрі де күн қатты ысымай тұрып өнімдерін тезірек өткізуге асығуда. Қауынды қағаз жәшіктерге ұқыптап салып жатқан қыз-келіншектердің қимылына көз ілеспейді. Біз Жамбыл ауылдық округіндегі бақша өнімін қабылдау бекетінде «Режепбай» шаруа қожалығының төрағасы Арапбай Әзбергеновті жолықтырып, әңгімеге тарттық.
– Биыл диқаншылығымыз жаман болған жоқ. Суармалы жердің 10 гектарына қауын, тағы 10 гектарына қарбыз еккен едік. Қарбызды уақтылы жинап алдық. Қауынды да жинап бітуге айналдық. Енді 3 гектарға еккен асқабақты да уақтылы жинап алсақ деп отырмыз. Бақша дақылдарын өсіріп, күтіп-баптауда көмекшілерім Спандияр Сыпатаев пен Жомарт Болатовтың еңбектері зор. Қауын мен қарбызды пәлегінен үзіп алып, оны өнім қабылдау бекетіне әкеліп өткізуде ауыл азаматтары мол үлес қосуда. Олардың еңбекақысын күн сайын төлеп тұрамыз. Қазір біз үшін әрбір минут қымбат. Әбден пісіп, тәтті иісі мұрын жаратын қауынды тоңазытқышы бар көлікке тиеп, сауда орындарына жөнелтуіміз керек. Шілденің 40-45 градус ми қайнатар ыстығында күн-түн демей еңбек етіп жүрген барша диқандар қауымының еңбекқорлығына ризамыз.
Биыл аудан бойынша 16 128 гектарға бақша дақылдары егіліп, бүгінге дейін одан 24 000 тонна өнім жиналса, оның 18 000 тоннасы қауын, 5 000 тоннасы қарбыз. Енді 8 298 гектарға ашық түрде егілген қауынды жинайтын күн де алыс емес. Биыл аудан бойынша 1 405 гектарға көкөніс өсіріліп, ойдағыдай өнім алынды. 1 171 гектарға қырыққабат егіліп, 39 440 тонна өнім жиналды. Қырыққабат дақылын өсіріп, мол өнім алған Мақтаарал ауылдық округінің диқандары табысты молайтты. 3 195 гектарға дәнді-бұршақты дақылдар өсірілді. Суармалы алқапта 3 076 гектарға жүгері, 163 гектарға сүрлемдік жүгері, 100 гектарға маш, 4 000 гектарға малазықтық дақылдар егіліп, бүгінгі күні агротехникалық күтім жасау жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде. Сондай-ақ, 1 596 гектарға жаңа жоңышқа, 2 240 гектарға ескі жоңышқа өсіріліп, қазірге дейін ол екі рет орылды.
Иә, дәрумені мол бақша өнімдеріне сұраныс көп. Мырзашөлдің дәмі тіл үйірген қауыны мен қарбызы биыл да Ресейге экспортталып, еліміздің Алматы, Астана, Шымкент қалаларына жөнелтілуде.