Іс үстінде шыңдалған азамат
Жақында ғана өмірден өткен қоғам қайраткері Досыбай ШЕРІМҚҰЛОВ ағамыз облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетімен тығыз байланыста болған азамат еді. Ол көзі тірісінде өзінің әріптесі, белгілі ғалым Оразалы Омаров туралы мақала жазып, «Оңтүстік Қазақстан» газетіне беремін деп жоспарлап қойған екен. Бірақ, кенеттен келген ажал оған мүмкіндік бермепті. Күні кеше редакциямызға келген зайыбы Досекеңнің сол өтінішін жеткізіп, аманат дүниесін бізге табыстап кетті.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары партия, кеңес қызметтеріне араласқан алғашқы уақыттардан-ақ мені жанына тартып, ағалық ақыл-кеңесін айтқан ел ағалары аз болмады. Бар білім-білігі мен күш-қайратын туған елін өркендету жолына сарқа жұмсаған осындай бірегей тұлғалардың қатарында өзім ерекше құрмет тұтқан
Оразалы Омаров та бар еді.
Орекеңмен алғашқы қызмет жолымыздың түйісуі өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан басталады. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын тәмамдап, алғашқы еңбек жолын Қазақ қаракөл қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтынан бастаған Орекең кейінірек Сайрам ауданындағы
М.Фрунзе атындағы кеңшарда бас зоотехник болды. Төрт түліктің жайын жасап қана қоймай, қоғамдық жұмыстарда да белсенділігімен көзге түскен жас маманның ерекше қабілетін назардан тыс қалдырмаған аудан басшылары оны «Қайнарбұлақ» кеңшарының бастауыш партия ұйымын басқаруға жіберді. Еті тірі, сауатты Оразалы Омаров мұнда да іскерлігімен танылып, көп өтпей Шымкент облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушылығына қызметке қабылданды. Жауапты партиялық қызметті зор абыроймен атқара жүріп, облыстың ауыл шаруашылығы саласының тасын өрге сүйреген Ә.Сасбұқаев, Ә.Қаныбеков, А.Құралов, Х.Бижанов сынды елге белгілі азаматтармен, аудандардағы ауыл шаруашылығына тікелей жауапты ел ағаларымен тізе қосып еңбек етті.
Сексенінші жылдардың басында облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі бөлімінде алдымен меңгерушінің орынбасары, кейінірек меңгерушісі болғандықтан, бұл салаға жауапты мамандарға жүктелген міндеттің қаншалықты күрделі болғандығын әлі ұмытқан жоқпын. Сол кездері облысты басқарған Асанбай Асқарұлының іскерлігі мен терең білімінің арқасында өңірдегі ауыл шаруашылығының қай саласы болмасын қарқынды дамып, өндіріс көлемі мен сапасы артты. Егін және мал шаруашылықтарының жоспарды орындау көрсеткіштері межедегіден де асып түсіп жатты. Жаңа суармалы жерлер көлемі ұлғайды. Көптеген жаңа шаруашылықтар ашылып, озық технологиялар мен тәжірибелер енгізілді. Осындай жауапты кезеңде Орекеңнің өз міндетін тиянақты атқарып қана қоймай, тынбай ізденуінің арқасында жасаған сауатты сараптамалары мен ұсыныстары өз тиімділігін көрсетіп, облыс басшыларының алдындағы мерейін асыра түсті. Содан болар, ол облыстық партия комитетінің нұсқаушылығынан бірден облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бірінші орынбасары қызметіне бекітілді. Мұнда да тікелей міндеттерін орындай жүріп, шалғай ауылдағы еңбеккерлердің жағдайын жақсартуда аянып қалмады.
Орекең кейінірек Шымкенттің іргесіндегі «Қайнарбұлақ» кеңшарының директоры қызметіне барып, шаруашылықтың экономикасын көтерумен қатар, осындағы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін де көп жұмыстар атқарды. Өзі басқарған шаруашылықты астық тапсыру көрсеткіші жөнінен республикада алдыңғы қатарға шығарып, табыс көлемін арттыру есебінен кеңшардағы жұмыскерлердің тұрмыс жағдайын жақсартуға, ауылдарды ажарландырып, мектеп, аурухана, мәдениет үйлері және басқа да аса қажетті әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне күш жұмсады. Партиялық қызметте де, шаруашылық басқаруда да ерекше қарым-қабілетін танытқан Оразалы Омаровты облыс басшылығы бұдан кейін Сайрам аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, одан соң Ордабасы аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтеріне тағайындады.
Тәуелсіздік алған жылдарда жан-жақты тәжірибе мектебінен өткен іскер азамат алдымен Ордабасы ауданы әкімінің бірінші орынбасары, көп ұзамай осы ауданның әкімі лауазымында абыройлы қызмет атқарды. Экономика құлдырап, елдің көпшілігі екі қолға бір күрек таппай қалған сол «өтпелі кезеңдерде» жоқтан бар жасап, әлеуметтік мәселелерді реттеуге, қиындыққа тап болған халықты сабырға шақырып, олардың мұң-мұқтажын шешуге үлкен жауапкершілікпен қараған басшы елдің алғысына бөленді. Осындай қиын-қыстау уақытта Ордабасы биігінде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерінің Президенттері Н.Назарбаев, И.Кәрімов пен А.Ақаевтардың қатысуымен өткен іс-шара аудан халқын бір серпілтіп тастағандай болды. Бұл іс-шараға республиканың түкпір-түкпірінен 30 мыңға жуық халық жиналды. Осы дүбірлі тойды ұйымдастыруға бүкіл ел бар күш-жігерін аянбай жұмсағаны рас, дегенмен, «тас түскен жеріне ауыр» демекші, осыншама қонақты күтіп алып, олардың жағдайын жасауда Ордабасы ауданы басшыларының еңбегі де, уайымы да көбірек болғанын айтпасқа тағы болмайды. Бұл сыннан да абыроймен өткен Орекең үш бидің жолын жалғаған ұлы тойдың өте жоғары дәрежеде өтуіне сүбелі үлес қосып, Мемлекет басшысының алғысын алғаны өз алдына бөлек әңгіме.
Бірақ, елдің әлеуметтік жағдайы әлі де мәз емес еді. Сол жылдары еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақы сияқты мемлекет тарапынан берілетін жәрдем түрлері тоқтап, табыс көзі жоғалып, елдің наразылығы күшейіп тұрған кезеңде Орекең елдің ортасында болып, қолдан келген бар мүмкіндікті жасады. Халықпен жұмыс істеудегі осы мол тәжірибесін ол облыстық ауыл шаруашылығы департаменті басшысының орынбасары, облыс әкімінің кеңесшісі, облыстық төтенше жағдай және азаматтық қорғаныс департаменті басшысының орынбасары қызметтеріне келген соң да кеңінен пайдаланып, өңірді өркендетіп, халық тұрмысын жақсартуға тер төкті. Сол жылдары Оразалы Омаров диссертациясын
сәтті қорғап, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атанды.
Облыс деңгейіндегі осы қызметінен зейнеткерлікке шыққан Орекең бүгінде ел ортасында, беделі биік, қадірменді қариялардың бірі. Қай ортада да өзіндік ой-пікірін батыл айтып, елдің ертеңіне жанашырлық білдіріп, кейінгі жас өркеннің жетістіктеріне қуанып жүреді. Қарап отырсам, менің де Орекеңді танып-білгеніме жарты ғасырға жуықтапты. Осы жылдарда мен ол кісінің бойынан әділеттілік пен адалдық, тәртіпсүйгіштік пен жауапкершілік, өзіне көрсетілген сенімді ақтау сынды жақсы қасиеттерді байқадым. Ол кісі қай жұмыстың болсын талапқа сай және нәтижелі орындалуына ерекше мән беретін. Өзгелерге үлгі болар тағы бір қасиеті – қарапайымдылығы. Қандай жауапты да жоғары қызметтердің жүгін арқаласа да көкірегін кермей, кісілігінен кішілігі басым түсіп, үлкенмен де, кішімен де өзін сыпайы, сабырлы ұстайтын мінезі кімді де болса сүйсіндіреді. Әйтпесе, бір күндік таққа бола аспаннан жерге түсе алмай қалған азаматтар аз ба?! Сондықтан қандай жағдайда да өзінің адамдық қалпынан айнымай, айналасындағыларды тағы мен бағына емес, бойындағы, ойындағы барына қарап бағалайтын Орекеңді нағыз бақ көтерер азамат дегеніміз артық болмас. Бұған ол кісінің өз өмір жолында Т.Назарбеков, С.Терещенко,
З.Тұрысбеков, Ж.Сұлтанов,
М.Оразалиев, Қ.Аманқұлов,
Б.Шүкірбеков, Ы.Иманәлиев,
У.Сүлейменов, Н.Қорғанбаев, А.Шерімқұлов сияқты елімізге белгілі азаматтармен сыйлас болып, олардан көп нәрсе үйренгені, соларға қарап ойы мен бойын түзегені де сеп болған шығар деп ойлаймын.
Ұзақ жылғы қажырлы еңбегі мемлекет, қоғам тарапынан лайықты бағаға ие болды. Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қызметкер» атағымен, көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бірнеше рет аудандық, облыстық Кеңеске депутат болып сайланды. Оңтүстік Қазақстан облысының және Сайрам, Ордабасы аудандарының құрметті азаматы атанды.
Шаңырағының ырыс-берекесін тасытып отырған Ләйла замандасымыз ұл-қызының ардақты анасы, немерелерінің аяулы әжесі ғана емес, отағасының абырой биігіне жетуіне ықпал еткен ақылшысы әрі тілеуқоры болды. Осы екі жақсының тәлімін көріп өскен ұл-қыздары да әке ізін жалғап, жауапты басшылық қызметтерді абыроймен атқарып келеді. Біз де олардың еңбегімен еленіп, елге қадірі артқан азаматтарға айналып отырғанын көріп қуанып, іштей тілеулестігімізді білдіріп жүреміз.
Әрдайым еліне адал қызмет етіп, тура жолдан таймай келе жатқан Оразалы Омаров ағамыз міне, биыл сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Лайым, өмірі мәнді, ұрпағы ұлағатты, шаңырағы қуанышқа толы болғай! Елдің абызы атанып, ұзақ та ғибратты ғұмыр кеше берсін дегіміз келеді.
Досыбай ШЕРІМҚҰЛОВ,
Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.