Көне Сайрамның күмбездері

Көне Сайрамды ойласаң, ғасырлар қойнауына саяхат жасағандай күй кешесің. Мұндағы ежелден жеткен кесенелер мен тарихи ескерткіштер өткен дәуірлердің үнін жеткізіп, талай сырды ішіне бүгіп тұрғандай әсер қалдырады.
Жалпы, Түркістан өңіріндегі республикалық маңызы бар киелі орындардың басым бөлігі Сайрам ауданында орналасқан. Бұл көне мекеннің әрбір сәулет нысаны ел тарихы мен рухани мұрасының ажырамас бөлігі саналады.

Әбділ-Әзіз (Бәлегардан) баб кесенесі
Аңыз деректерде Әбділ-Әзіз баб VIII–IX ғасырларда жергілікті халық арасында ислам дінін тарату мақсатында келген араб қолбасшысы ретінде айтылады. Ел арасында ол «барлық қауіптен сақтаушы, бәле-қатерден қорғаушы» әулие ретінде құрметтеледі.
Әулие мазарының үстіне салынған кесене Сайрам ауылының орталығындағы көне қорымда орналасқан. ХІХ ғасырдың сәулет ескерткіші саналатын бұл нысан Оңтүстік өңірге тән ортағасырлық культтік порталды-күмбезді құрылыс үлгісіне жатады.
Кесене бірнеше кезеңде тұрғызылып, кейіннен біртұтас сәулеттік кешенге айналған деген пікір бар. Оның негізгі бөлігіндегі шағын күмбез биік барабанға орнатылып, артқы бөліктегі екі күмбезден ерекшеленіп көрінеді. Қабырғалары толықтай күйдірілген кірпішпен қаланған.

Мірәлі баб кесенесі
Мірәлі баб кесенесі Сайрамның батыс бөлігіндегі көне зират аумағында орналасқан. Бұл да ХІХ ғасырдың сәулет ескерткіші саналады. Зерттеуші М.Е. Массонның деректерінде кесене күмбезінің бұрын құлағаны айтылады. Кейін тарихи суреттер негізінде қайта қалпына келтірілген.
Кесененің артқы жағында Мірәлі бабтың әкесі Мәлік шахтың аяқталмаған мазары орналасқан. Тарихи деректерге қарағанда, Мәлік шах Х–ХІ ғасырлар шамасында Сайрамда билік жүргізген. Ал, оның ұлы Мірәлі баб жергілікті халық арасында ислам дінін алғаш қабылдаған тұлғалардың бірі ретінде сипатталады. Аңыз бойынша, ол бір қолына Құран, екінші қолына қылыш ұстап, дінді насихаттаған.

Ибраһим ата кесенесі
Ибраһим ата кесенесі Сайрамның солтүстік бөлігінде, Ақсукентке шығатын жол бойындағы қырда орналасқан. ХVІІ ғасырда салынған бұл тарихи нысан ХХ ғасырда қайта жаңартылған.
Кесене Қожа Ахмет Ясауидің әкесі, дін ғұламасы Ибраһим атаның қабірінің үстіне тұрғызылған. Ол еліміздегі ортағасырлық көне күмбезді кесенелердің бірі ретінде бағаланады.

Қарашаш ана кесенесі
Қожа Ахмет Ясауидің анасы Қарашаш анаға арналған кесене Сайрам ауылының орталығындағы көне қорымның шетінде орналасқан. Құрылыс ХVІІІ ғасырға жатқызылғанымен, кейбір сәулеттік ерекшеліктері ХІХ ғасыр кезеңіне тән екенін көрсетеді. Сонымен қатар кесене ХХ ғасырда қайта жөндеуден өткені байқалады.

Қожа Салих кесенесі
Сайрамдағы көрнекті сәулет нысандарының бірі – Қожа Салих кесенесі. ХІХ ғасыр ескерткіші саналатын бұл ғимараттың сыртқы келбеті ХХ ғасырдың соңында өзгертіліп, сәндік өрнектермен безендірілген.
Тарихи деректерде Қожа Салих өз дәуірінде елге танымал шайқы болғаны айтылады. Жергілікті тұрғындар бұл орынға тілек тілеп, рухани медет іздеп келеді. Ел аузындағы аңыз бойынша, бұл мекенге Қыдыр ата келіп тұрады деген сенім бар.

Қызыр мұнарасы
Көне Сайрамның тағы бір ерекше сәулет ескерткіші – Қызыр мұнарасы. ХVІІІ–ХІХ ғасырларға жататын бұл нысан кезінде мешіт-медресемен бірге біртұтас сәулеттік кешен болған. Бүгінде сол кешеннен мұнара ғана сақталған.
Мұнарадан тек аула аумағын ғана емес, қала шахристанының сыртындағы кеңістікті де бақылауға мүмкіндік болған. Бұл оның тарихи кезеңдегі маңызды қызмет атқарғанын көрсетеді.
Сонымен қатар көне Сайрамдағы тарихи ескерткіштер қатарына Қазы Байзауи мен Бибі Мариям кесенелерін де жатқызуға болады. Алайда бұл нысандардың сыртқы келбеті соңғы жылдары біршама өзгерістерге ұшыраған.
Көне Сайрам – тек тарихи мекен ғана емес, халқымыздың рухани жады сақталған қасиетті орын. Мұндағы әрбір кесене мен сәулет ескерткіші өткен ғасырлардың үнін жеткізіп, ұлттық мұрамыздың құндылығын айғақтап тұр.


Сейдалы ДҮЙСЕН,
тарихшы.
Пікір қалдырыңыз