Вокзалдар жаңарып жатыр

Таяуда тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыс қаласында толықтай қайта салынып, заманауи талаптарға сай жаңғыртылған «Арыс-2» теміржол вокзалы салтанатты түрде пайдалануға берілді.

Нысанның ашылу  рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, «Қазақстан  теміржолы» ҰҚ»

Шымкент  магистральдық желі бөлімшесі филиалының директоры Нұрдәулет Байғазиев, теміржол саласының ардагерлері мен қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты рәсімде облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде 124 теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Солардың  бірі – осы «Арыс-2» вокзалы.

Бұл нысан тұрғындар мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сапалы қызмет көрсетуге бағыттал-ған, –  деді облыс әкімінің орынбасары  Еркебұлан Дауылбаев.

Жиында «Қазақстан теміржолы» ҰҚ» АҚ Шымкент магистральдық желі бөлімшесі филиалының директоры Нұрдәулет Байғазиев жаңартылған вокзалдың жолаушыларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жаңалықтарына тоқталды.

Жаңадан бой көтерген вокзал ғимаратында ана мен бала бөлмесі, заманауи күту залы, ақпараттық мониторлар, салқындату жүйесі, мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы жағдайлар және өзге де қажетті жабдықтар қарастырылған.

Салтанатты рәсім барысында теміржол торабы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітжан Байниязов ақ батасын беріп, жаңа вокзалдың халық игілігіне ұзақ жылдар қызмет етуіне тілектестік білдірді.

Іс-шара соңында салтанатты түрде вокзалдың лентасы қиылып, қатысушылар жаңа нысанның жұмысымен танысты.

Сондай-ақ, Отырар ауданының орталығымен шектесіп жатқан Темір ауылында да жаңа теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Темір ауылының теміржол тарихы 1904 жылдан бастау алады. Сол кезеңде салынған алғашқы вокзал ғимараты өңірдің дамуына өзіндік үлесін қосса, бүгінде заман талабына сай бой көтерген жаңа вокзал халық игілігіне пайдалануға беріліп отыр.

Жобаның тапсырыс берушісі – «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ. Жаңа вокзал ғимаратының жалпы ауданы 159,41 шаршы метрді құрайды. Заманауи талаптарға сай салынған нысанда жолаушыларға сапалы әрі қолайлы қызмет көрсетуге мүмкіндік мол.

Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев пайдалануға беріліп отырған жаңа вокзалдың тұрғындардың игілігіне бағытталған маңызды жоба екенін атап өтті. «Бұл нысан халыққа сапалы қызмет көрсетіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосады. Баршаңызды осы қуанышты оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!» деді ол.

Одан кейін құрметті қонақтар  жаңа теміржол вокзалының лентасын қиып, нысанның жолаушыларға арналған күту залы, билет кассасы, қызмет көрсету орындары мен заманауи талаптарға сай жабдықталған инфрақұрылымымен танысты. Жаңа нысанның мүмкіндіктеріне оң бағаларын беріп, оның тұрғындарға сапалы әрі қолайлы қызмет көрсететініне сенім білдірді.

 

Пікір қалдырыңыз