Семинар балалардың қауіпсіздігіне арналды
Түркістан қаласында балалардың қауіпсіздігі мен олардың әл-ауқатының талапқа сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ сот тәжірибесінде бала құқықтарын қорғаудың заманауи тәсілдері жан-жақты талқыланған семинар өтті.
Семинар барысында өңірдегі балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың және өзге де әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу мәселелері жан-жақты қаралды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қауіп төндіретін факторлар, олардың алдын алу тетіктері және жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу шаралары талқыланды. Бұдан бөлек, «Сенімді дос» әдістемелік нұсқаулығы таныстырылып, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің балалардың құқықтарын қорғаудағы рөлі, сондай-ақ «111» байланыс орталығына келіп түсетін хабарламалармен жұмыс жүргізу тәртібі сөз болды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, өзекті мәселелерді шешу жолдарын қарастырды.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев балалардың құқығын қорғаудың жаңа әдістерін енгізу жұмыстарына ерекше тоқталып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, облыс көлемінде бала құқықтарын қорғау және психологиялық қолдау көрсету жұмыстары жүйелі жолға қойылған.