Азаматтардың сенімі нақты іспен өлшенеді

Жуырда облыс әкімі Нұралхан Көшеров қоғамдық қабылдау аясында өңірдің әр аудан-қаласынан келген 150-ге жуық азаматпен жеке кездесіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Бірнеше сағатқа созылған қабылдау барысында жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен көтерілген әрбір мәселенің нақты шешу жолдары айқындалды.

 Қоғамдық қабылдауға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, тұрғындардың сауалдарына заң аясында жауап берді, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бірқатар мәселе сол сәтте шешімін тапса, қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер орындау мерзімі белгіленіп, жауапты тұлғалардың бақылауына берілді.

Ашық диалог алаңына айналған қабылдауда тұрғындар негізінен жеке мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, азаматтар тұрғын үй, жер қатынастары, әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, инженерлік инфрақұрылым және құқықтық мәселелерін жеткізді. Әкім әрбір өтініштің заң талаптары мен азаматтардың құқықтары негізінде қаралатынын айтып, мемлекеттік органдардың жұмысы ең алдымен нақты нәтижеге бағытталуы керектігін атап өтті.

Жер мәселесіне қатысты пікір білдірген өңір  басшысы инженерлік инфрақұрылымы дайын емес жер телімдерін беру заңға қайшы екенін жеткізді. Сонымен бірге жер кезегінде тұрған азаматтардың құқықтары толық сақталатынын, кезектілік тәртібінен ешқандай ауытқуға жол берілмейтінін айтты.

Қабылдау барысында тұрғын үй мәселесі де кеңінен қозғалды. Нұралхан Көшеров бүгінде Түркістан облысы тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша республикадағы алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі екенін атап өтті. Жыл сайын өңірде шамамен 1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүруде. Қабылдауға келген тұрғындар ауылдық округ әкімдерінің жұмысына қатысты ұсыныстары мен сын-пікірлерін де жеткізді. Өңір басшысы әрбір көтерілген мәселе жан-жақты сараланып, жауапты мемлекеттік органдар тарапынан заң аясында тиісті шешім қабылданатынын айтты.

Қабылдауды қорытындылаған облыс әкімі мемлекеттік қызметтің басты өлшемі – халықтың сенімі екенін атап өтті.

Пікір қалдырыңыз