Спорт саласында оң ілгерілеушілік байқалады

Өңірімізде дене шынықтыру мен спорт саласын дамыту бағытында қолға алынған жұмыстар биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында жоғары нәтижесін көрсетті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің спорт саласын жан-жақты қолдауының арқасында өңірде спорт инфрақұрылымы жаңарып, бұқаралық спорт кеңінен қанат жайып, халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын спортшыларды даярлау ісі жаңа деңгейге көтерілді.

Өңірде халықаралық ареналарда жоғары нәтиже көрсететін спортшыларды даярлау мақсатында спорттың 24 басым түрі айқындалып, қаржыландыру жүйесі осы бағыттарға қайта бағдарланды. Бұл тәсіл спорт саласындағы қаражатты тиімді пайдаланып, жоғары нәтижеге бағытталған жұмысты күшейтуге мүмкіндік берді.

Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасына енген облыс спортшыларының саны 798-ге жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32 спортшыға артық.

Биылғы алты айда облыс спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда барлығы 876 медаль жеңіп алды. Оның 281 алтын, 307-сі күміс және 288 қола медаль бар. Жүлделердің 795-іне Қазақстан чемпионаттарында, 66-сына Азия чемпионаттарында, ал, 15-іне әлем чемпионаттарында қол жетті. Бұл көрсеткіштер өңір спортының жыл сайын қарқынды дамып, халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігі артып келе жатқанын көрсетеді.

Азия ойындарына дайындық жұмыстары да жоғары деңгейде жүруде. Қазіргі таңда Түркістан облысының 27 спортшысы жазғы Азия ойындарының лицензиясын жеңіп алса, тағы 5 спортшы Пара Азия ойындарының жолдамасына ие болды. Бұл алдағы дүбірлі додада өңір спортшыларының жоғары нәтиже көрсетуіне үлкен мүмкіндік береді.

Облыста спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл Түркістан облысында бірқатар жаңа спорт нысандары пайдалануға беріледі. Жаңа кешендер тұрғындардың спортпен тұрақты шұғылдануына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, халықаралық талаптарға сай спортшылар даярлауға жол ашады. Ескек есу кешенінде Азия чемпионаты өтті.

Балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту да басым бағыттардың бірі болып қала береді. Қазіргі таңда облыстағы 51 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 39 969 жасөспірім тұрақты түрде спортпен айналысады. Сонымен қатар спорт мекемелерінің қызмет тиімділігін жақсарту мақсатында KPI жүйесі енгізіліп, ұйымдардың жұмысы нақты нәтижелер бойынша бағалануда.

Өңірде бұқаралық спортты дамыту жұмыстары да қарқынды жүруде. Жыл басынан бері облыс көлемінде 1 149 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 159 мыңнан астам тұрғын қатысты. Бұл көрсеткіштер тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың тиімділігін айқын көрсетеді.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жүргізіп отырған жүйелі жұмыстар мемлекеттік деңгейде де жоғары бағаланды. Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша облыстық басқармалар қызметінің тиімділігіне жүргізілген бағалау нәтижесінде Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы үздік үштікке енді.

Өңірде алдағы уақытта да халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті спортшылардың санын көбейту, заманауи спорт инфрақұрылымын дамыту, балалар спорты мен бұқаралық спортты кеңінен қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

Пікір қалдырыңыз