Ұлт өркениетінің айнасы
Әтіргүл Тәшім, «Оңтүстік Қазақстан».
Түркістандағы «Ұлы Дала елі» орталығы – шаһардағы ең заманауи және ауқымды тарихи-мәдени нысандардың бірі. Музей қазақ халқының және жалпы түркі әлемінің бай тарихын, мәдениеті мен мемлекеттілік кезеңдерін мультимедиалық технологиялар арқылы таныстыруға арналған. Бұл орталық – Тұңғыш Президенттің «Ұлы Даланың жеті қыры» еңбегін екшеп, оның мән-маңызын, мазмұнын құнды жәдігерлер мен сәулеттік сән-салтанаты арқылы паш етеді.2021 жылдан бері халыққа қызмет етіп келе жатқан бұл нысан – Атырау облысының Түркістан қаласына жасаған ерекше
тартуы.
– «Ұлы Дала елі» орталығы – 0,8 га аумақты алып жатыр. Ғимарат қазақ хандығының құрылғанынан бастап, жаңа дәуір дамуына дейінгі әртүрлі тақырыпты ашатын 9 тарихи-заманауи залдан тұрады. Орталықтың басты мақсаты – тарихи-мәдени мұраларды сақтау, ғылыми тұрғыдан зерттеу, жүйелеу және оны заманауи музейлік технологиялар арқылы кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихи танымды тереңдету, жас ұрпақтың отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыру және мәдени мұраны келер ұрпаққа ғылыми негізде жеткізу – мекеменің басым бағыттарының бірі. Орталық қорындағы жәдігерлер саны – 5150; негізгі қорда – 2800, көмекші қорда 2350 жәдігер тіркелген. Экспонаттар тек дәстүрлі заттай түрде ғана емес, голограммалар, интерактивті сенсорлы панельдер, цифрлық карталар мен 3D реконструкциялар арқылы ұсынылған, – деп бастады бізбен әңгімесін орталық басшысы Гүлжанат Дүйсенбаева.
Біз ғажап музейді Гүлжанат ханыммен бірге тамашалап шығып, ерекше әсерге бөлендік.
Бірінші қабатқа түбі бір түркі халықтарының баға жетпес құндылығы, Күлтегін ескерткішінің үшінші көшірмесі қойылған. Бұған дейін алғаш Күлтегін ескерткіші қазақ хандығының 550 жылдығына орай, Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетіне, екіншісі Ұлттық музейге қойылғанынан хабардар едік. «Мына кіреберіске қойылған ежелгі нанымдар бойынша өмір ағашы саналатын – Бәйтерек. Ата-бабаларымыз бұл ағашты «киелі ағаш» немесе «әулие ағаш» деп білген. Бәйтерек үш әлемді байланыстырушы дәнекер ретінде көрсетіледі. Бұл ағаштың тамыры жер асты әлемінде, ағаштың өзі яғни діңі – жерде, ал, тәжі – көкте. Ағаштың 9 тамыры 9 экспозициялық аймаққа әкеледі, (еденге салынған тамырлар сызбасы экспозициялық залдарға бастайды) жоғарыдан қараған кезде тамырлар күн сәулелеріне ұқсайды. Ағаш құрылымы қазақ халқының дәстүрлі ою-өрнектеріне негізделген» дейді Гүлжанат Ибрахымқызы.
Музейге келушілерді ежелгі дәуірден бастап бүгінгі күнге дейінгі Ұлы даланың сан қырлы тарихымен таныстыратын Орталық экспозициясы
9 тақырыптық аймақтан тұрады. Олар:
– «Ұлы дала металлургиясы» – адамзат өркениетінің бастауындағы металл өңдеу өнері;
– «Атқа міну мәдениеті» – жылқыны қолға үйреткен халықтың өмір салты;
– «Ұлы дала жауһарлары» – мұнда қазақ даласының қойнауынан табылған ең құнды археологиялық олжалармен таныса аласыздар. Солардың ішіндегі ең ерекше жәдігерлердің бірі – Алтын адамдар;
– «Түркі әлемі» – түркі жұртының алтын бесігі;
– «Қазақ хандығы» – елдігіміздің бастауы;
– «Дала мәдениеті» – бұл экспозицияда Қазақстан территориясы арқылы жүріп өткен «Ұлы Жібек жолының» тораптары көрсетіледі;
– «Уақыт пен кеңістік залы» – өткен шақ пен болашақты біріктіретін экспозиция;
– «Болашақ Қазақстан» – жаңа Қазақстан экспозициясы;
– «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» – қазақ жерінің табиғи байлығы мен биологиялық алуан түрлілігін танытатын ерекше танымдық кеңістік.
Ерекше ұнаған киіз үй бейнесінде жасалған «Ұлы дала металлургиясы» залы – Қазақстандағы металл өңдеу, игеру, даму кезеңдері мен жетістіктері туралы баяндайды.
«Залға Кентау өңірінің Тұрлан, Қарасай, Мырғалымсай кен орындарында өндірілетін рудалардың 22 түрі, Қарағанды өңірінде өндірілетін кеннің 20 түрі және Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы территориясындағы Ерте темір дәуіріне жататын Кент қонысына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған металлургиялық пештің макеті қойылған. Пеш тастан қаланып, сазбен сыланған. Көріктің көмегімен пештің ішіне ауа жіберіліп, 1200 градустағы температурада металды балқыту арқылы кеннен темір қорытудың экспозициясы жасақталды. Бір ғажабы, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған, ұсталарымыз пайдаланған көрікті өндірісте әлі күнге дейін еш өзгеріссіз, сол күйі қолданып келеді. Оның дәлелі мына тұрған ХІХ ғасырдағы көрік пен ұста құралдары» дейді Гүлжанат Ибрахымқызы.
«Атқа міну мәдениеті» залының бірінші экспозициясына орталықтағы аса құнды жәдігерлердің бірі еліміздің солтүстік аумағынан табылған
ХХ ғасырдың таңғажайып жаңалығы (1980 жыл) б.з.д. ІV-ІІІ мыңжылдықтардың тарихи құндылығы Ботай жылқысының сүйек қаңқасының реконструкциясы қойылды. Ал, екінші экспозициядан Шығыс Қазақстан облысында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған б.з.д. VІ-ІІІ ғасырлар мұрасына жататын Берел жылқысының сән-салтанатымен жасалған рекон-
струкциясын, үшінші экспозициядан Қазақ халқы даналығындағы «Ер қаруы – бес қару» бұрышын және де ат әбзелдерінің түрлерін тамашалауға болады. Иә, күмістелген, таза былғарымен қапталған ер-тоқымдар, ат әбзелдері, қамшының түр-түрін осы жерден табасыз. Бұл экспонаттарды көріп көзіңіз тойып қана қоймайды. Мынадай сән-салтанат, осындай аксессуарлар пайдаланған ата-бабалармыздың биік мәдениеті мен өнеріне бас иіп, кеудеңізді мақтаныш сезімі кернейді. Ұлы Даланы алшаң басқан бабалар ізі, солардың ұрпағы екеніңді сезінуден өткен де ләззат болады десе, сенбеген болар едіңіз.
Айрықша тоқталатын залдардың бірі – «Алтын адам» залы. «Алтын адам» залына біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашқан 1969 жылы Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» мен 1999 жылы Аралтөбе қорғанынан және б.д.д VIII-VII ғасырларға тиесілі Елеке сазы қорымынан табылған алтын адамдардың реконструкциялары қойылған. Жалпы, бүгінге дейін еліміздің территориясынан 9 «Алтын адам» табылған. Орталық басшысының айтуынша, соның бүгінде 4-еуі орталықта тұр. Қалғандарының көшірмелері жасалуда, олар болашақта қойылуы мүмкін.
Екінші қабатта орталыққа келушілердің көбінің қызыға тамашалайтыны – «Қазақстан – түркі әлемінің қарашаңырағы» залы. Ауданы жағынан ең үлкен залдың 38 метрлік қабырғасында Түркі халықтарының бай философиясы мен мифологиясы көрініс тапқан. Зал экспозициясында түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті, түркілердің пайда болу тарихында киелі ұғымға ие болған «Қанатты көк бөрі» орын алады. «Түркі әлеміне қош келдіңіз» деген 9 минуттық шоу да келушілер назарын өзіне аудармай қоймайды. Залдағы проекциялық шоудың аумағы – 2000 шаршы метр құрайтын көпфункционалды экран озық технология үлгісі. Арнайы дайындалған контент сферамен үйлесіп, сценарий желісі бойынша қозғалып, көрермендерге түркілердің шығу тарихы, адамзат өркениетін дамытудағы рөлі туралы проекциялық шоу көрсетіледі. Автоматтандырылған 7D форматында жұмыс істейтін 360 градустық панорамалық проекциялық сфера көрерменге сол көне дәуірлерге барып қайтқандай әсер сыйлайды.
«Ұлы Дала елі» орталығының қызметі «ғылыми-зерттеу бөлімі», «ғылыми-әдістемелік», «экскурсиялық және ақпараттық қызмет көрсету» бөлімі деген үш негізгі бөлім арқылы жүзеге асады. Әр бөлім өз бағыты бойынша тарихи-мәдени мұраны зерттеу, сақтау, насихаттау және келушілерге сапалы қызмет көрсету жұмыстарын жүйелі түрде атқарады. Орталықта 66 адам қызмет атқарады.
«Ұлы Дала елі» орталығында келушілерге сапалы әрі қолжетімді ақпараттық қызмет көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді. Орталықта экскурсиялық қызмет төрт тілде – қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде жүргізіледі. Бұл отандық және шетелдік келушілерге экспозициялармен жан-жақты танысуға, тарихи-мәдени мұра туралы толыққанды мәлімет алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, келушілердің орталықты өз бетінше аралауына қолайлы жағдай жасау мақсатында үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде) әзірленген аудиогид қызметі ұсынылады. Аудиогид арқылы келушілер әрбір экспозицияның мазмұны, тарихи ерекшелігі мен мәдени маңызы туралы жүйеленген ақпаратты тыңдай алады.
Орталықтың барлық көрме залдарында заманауи цифрлық технологиялар негізінде жұмыс істейтін ақпараттық киоскілер орнатылған. Ақпараттық киоскілер арқылы келушілер әр залдың тақырыбы, экспонаттардың сипаттамасы, тарихи деректері және экспозициялардың мазмұны жөнінде толық ақпарат ала алады. Бұл цифрлық шешімдер экскурсиялық қызметтің тиімділігін арттырып, келушілердің музей кеңістігін өз бетінше тануына және ақпаратты қолайлы форматта қабылдауына мүмкіндік береді.
Аталған қызметтердің барлығы келушілерге жоғары деңгейдегі музейлік сервис ұсынуға, тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттауға және әртүрлі аудитория үшін қолжетімді мәдени-танымдық орта қалыптастыруға бағытталған.
Орталық қызметкерлері республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми-практикалық конференцияларға жиі қатысып, онда баяндамалар жасап, өзара тәжірибе алмасып отырады. Сонымен қатар, орталық мамандарының ғылыми мақалалары республикалық және халықаралық ғылыми басылымдарда тұрақты түрде жарияланып келеді.
Орталық директоры Гүлжанат Ибрахымқызының кәсіби шеберлігі мен ұжымның шығармашылық ізденісі нәтижесінде «Ұлы Дала елі» орталығы республикалық деңгейдегі беделді байқауларда толағай табыстарға қол жеткізіп келеді. Соның айқын дәлелі ретінде орталық 2023 жылы өткен республикалық «Рухани қазына» фестивалінде бас жүлде иеленді. Бұл жеңіс ұжымның кәсіби біліктілігіне, ғылыми-әдістемелік жұмысының сапасына, инновациялық жобаларына және келушілерге ұсынылатын мәдени-ағартушылық қызметтің жоғары деңгейіне берілген лайықты баға болды.
Бүгінде «Ұлы Дала елі» орталығы тарихи мұраны дәріптеу, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау және келушілерге сапалы экскурсиялық қызмет көрсету бағытында іргелі ізденістерін үздіксіз жалғастырып келеді. Экскурсия жетекшілері кәсіби біліктіліктерін арттыру және тәжірибе алмасу бағытында Әзербайжан, Франция, Израиль, Германия, Чехия, Жапония, Канада, Англия, Италия және басқа да мемлекеттерде өткен халықаралық ғылыми жиындарға қатысып, музей ісіндегі заманауи тәжірибелермен танысуда.
Осы жылғы 26-27 наурызда «Ұлы Дала елі» орталығының құрылғанына 5 жыл толуына орай мерейтойлық іс-шара ұйымдастырылды. Мерейтой аясында ғылыми-танымдық конференция өткізіліп, оған музей саласының мамандары, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Конференция барысында Ұлы Дала тарихын зерттеу, мәдени мұраны сақтау, насихаттау және музей ісін дамыту бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушылар музейлердің қазіргі қоғамдағы рөлі, тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпаққа ұлттық мұраны таныту мәселелері бойынша өз ойларын ортаға салды.
Конференция барысында «Ұлы Дала елі» орталығының бес жыл ішінде атқарған жұмыстары қорытындыланып, жеткен жетістіктері таныстырылды. Орталық бүгінгі таңда тарихи жәдігерлерді сақтап қана қоймай, келушілерге тағлымды әрі әсерлі таным ұсынатын заманауи мәдени-ағартушылық орталық ретінде қалыптасқаны айтылды.