«Ерекше бала жоқ, ерекше көзқарас қана бар»

Облысымызда өткен жылы ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жастарға арналған «Дара ұрпақ» инклюзивті театры құрылған болатын. Қысқа уақыт ішінде бұл ұжым жүзге жуық ерекше баланың өздеріне деген сенімдерін нығайтып, қоғамға бейімделуіне жол ашқан маңызды әлеуметтік жобаға айналды. Театрдың алғашқы маусымының қорытындысы, жетістіктері, алдағы жоспарлары мен инклюзивті қоғам қалыптастыру мәселелері жөнінде оның құрылтайшысы Рухабза Халдарбекпен сұхбаттасқан едік.
– Құрылғанына жеті ай болған «Дара ұрпақ» инклюзивті театры алғашқы маусымын аяқтады. Осы уақыт ішінде қандай жетістіктерге жеттіңіздер?
– Жеті ай ішінде сахна біз үшін тек өнер алаңы ғана емес, үміт пен сенімнің ұясына айналды. «Дара ұрпақ» – облыстағы аралас диагноздағы балалар және жастармен жүйелі жұмыс істейтін тұңғыш инклюзивті театр. Бұл – мемлекеттік мекеме емес, екі кәсіпкердің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде құрылған жоба. Екінші құрылтайшымыз – Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Ербол Көкенов.
Бүгінде театрда ДЦП, аутизм спектрі бұзылысы, Даун синдромы, ЗПР, ЗРР және басқа да ерекшеліктері бар жүзге жуық бала мен жас өнер көрсетеді. Бұл жай ғана сан емес, бұл сандардың артында осынша тағдыр, осынша ананың көз жасы, осынша баланың алғашқы жеңісі жатыр.
Кейбір балалар театрға алғаш келгенде көзге тіке қарай алмайтын. Кейбірі анасының қолынан тас қылып ұстап жібермейтін. Ал, бүгінде олар мыңдаған көрерменнің алдында сахна төрінде еркін билеп, ән айтып, образдар сомдап жүр. 
Коррекциялық орталықтарда көбіне бір маман 4-5 баламен ғана жұмыс істейді. Ал, біздің театрда бір мезетте аралас диагноздағы 22 бала бір сахнада өнер көрсетеді. Бұл – шығармашылық қана емес, қоғамның ерекше балаларға деген көзқарасының да өзгеріп келе жатқанының дәлелі.
Біздің басты жетістігіміз – балалардың өзіне деген сенімін оята алғанымыз. Инклюзия – ерекше балаларға бөлек орын беру емес, олармен бірге тең дәрежеде өмір сүру. Осы уақыт ішінде жүзге жуық баланың өміріне өзгеріс әкелдік, ірі сахналарда өнер көрсеттік. Ең бастысы, ата-аналардың «менің балам ешқашан сахнаға шықпайды» деген қорқынышын «Мен баламмен мақтанамын!» деген сенімге айналдыра алдық.
Әрине, қиындықтар да болды. Біз бұл жолды ешкімнің тәжірибесіне сүйенбей, нөлден бастадық. Кей адамдар ерекше балалардың мүмкіндігін түсіне бермейді. Бірақ, біз ешқашан тоқтап қалуды ойлаған жоқпыз. Өйткені, күн сайын бір нәрсеге көз жеткізіп келеміз: ерекше бала жоқ, ерекше көзқарас қана бар.
– Инклюзивті театр құру идеясы қалай туды?
– Бұл идея бір күнде келе салған жоқ. Бұл идея жылдар бойы жүрегіміздің бір түкпірінде жүрді.
2013 жылы Түркияда білім алып жүргенімде ерекше балалардың қоғамнан шеттетілмей өмір сүретінін көрдім. Олар мектепте де, шығармашылықта да, қоғамда да өз орындарын тапқан. Сол кезден мені «Неге бізде бұлай емес?» деген сұрақ мазалай бастады. Елге келген соң, 2017 жылы Маңғыстауда «Шолпы» ұйымын құрдым. Кейін Түркістанға оралып, «Ресурсты әйел» жобасы аясында аудан-ауданды аралап, мыңдаған әйелмен кездестім. Солардың арасында ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар көп болды. Мен олардың өздері үшін ештеңе сұрамайтынын, бірақ баласы туралы сөз болғанда жүректері езіле күйзелетінін көрдім. Бір ана: «Менің балам да бір күні үлкен сахнаға шықса екен» деді. Тағы бірі: «Қызым қатты дыбыстан қорқады» деді. Үшінші ана үнсіз ғана жылады. Сол күні мен өзіме «егер бұл балаларға біз мүмкіндік бермесек, онда оны кім береді?» деген сұрақ қойдым.
2024 жылы алғаш рет он ерекше баланы үлкен сахнаға сән көрсетіліміне алып шықтық. Сол кезде бір ана ерекше толқып тұрып, «мен бүгін өз баламды алғаш рет басқа қырынан көрдім» деді. Осы сөз менің жүрегімде мәңгі сақталып қалды. Сол сәтте бұл тек өнер туралы сөз емес, тағдыр туралы сөз екенін түсіндім. Бұл – қоғамның «мүмкін емес» деген сөзін «бәрі мүмкін» деген үмітке айналдыру жолы еді. Кейін жиырма ерекше баламен фокус-топ құрып, олардың сахнаға, көрерменге және командаға бейімделуін зерттедік. Үш айдың ішінде олар бір отбасыға айналды. Осыдан кейін инклюзивті театр ашу туралы түпкілікті шешім қабылдадық.
– Бұл балалар ертең есейгенде қайтадан қоғамнан шет қалып қоймай ма?
– Сіздің бұл сұрағыңыз мені ерекше толғандыратын мәселе. Бүгін біз ерекше балалардың бойындағы талантты ашып жатырмыз. Бірақ, ертең олар қайда барады? Қандай мамандық игереді? Қалай жұмысқа орналасады? Жауапсыз сұрақтар жаныңды ауыртады. Бұл тек бір театрдың қолынан келетін шаруа емес.
Өкінішке қарай, көптеген ерекше жастар мектептен немесе оңалту орталығынан кейін қайтадан әлеуметтік ортадан алыстап қалады. Сондықтан мен әлеуметтік жұмыс саласында магистратурада білім алып, ерекше азаматтарды қоғамға интеграциялау мен жұмыспен қамту мәселесін ғылыми тұрғыдан зерттеп жүрмін.
Инклюзия сахнамен ғана шектелмеуі тиіс. Ерекше жастардың қабілетіне қарай кәсіп меңгеруіне мүмкіндік берілуі керек. Олардың арасында SMM маманы, дизайнер, тігінші, аспаз, флорист, қолөнер шебері болып еңбек ете алатын жастар көп.
«Дара ұрпақтың» алдағы мақсаты да осы. Біз балаларды тек өнерге емес, болашақ өмірге де бейімдеп, кәсіби бағдар беруді көздейміз. Себебі, ерекше жастарға аяушылық емес, мүмкіндік жасау қажет.
– Елімізде нейропсихолог, невропатолог, дефектолог, АВА-терапевт секілді мамандар тапшы. Бұл проблеманы қалай шештіңіздер?
– Бұл мәселені ашық айтайық, ерекше балалармен жұмыс істеу тек жанашырлықпен шектелмейді. Оның артында үлкен жауапкершілік пен кәсіби мамандардың еңбегі жатыр. Өкінішке қарай, мұндай мамандар елімізде, әсіресе, өңірлерде жетіспейді.
«Дара ұрпақ» – бизнес емес, әлеуметтік миссия. Сондықтан алғашқы күннен бастап балалардың қауіпсіздігі мен психоэмоциялық жағдайын бірінші орынға қойдық. Осы жолда бізге нейропсихолог Жанат Мистаева мен невропатолог Әсел Бердіқұлдың қолдауы зор болды. Олар балалардың ортаға бейімделуіне бағыт-бағдар беріп, ата-аналарға да, біздің ұжымға да кәсіби кеңес берді.
Театрдың шығармашылық бағытын қалыптастыруда режиссер Асылзат Ибраеваның еңбегі ерекше. Мәдениет саласының үздігі, PhD докторы ретінде ол ерекше балалардың диагнозына емес, қабілетіне қарайды. Оның ғылыми ізденісі де сахналық өнер арқылы жеткіншектердің стреске төзімділігін қалыптастыруға арналған. Сондықтан сахнада жарқырап жүрген әр баланың жетістігінің артында тұтас команданың тынымсыз еңбегі жатыр.
– Әлеуметтік жоба болғандықтан қаржыландыру мәселесі әрдайым өзекті. Бұл түйіннің шешімі табылды ма?
– Әзірге толық шешілді деп айта алмаймын. Әлеуметтік жобалардың өміршеңдігі тұрақты қаржыландыруға байланысты.
Алғашқы кезде ғимаратты жалға алып жұмыс істедік. Жалға алу ақысы, коммуналдық төлемдер, мамандардың еңбекақысы, балалардың сахналық киімдері – бәрі үлкен шығынды талап етті. Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауын ерекше атап өткім келеді. Театрға арнайы ғимараттың берілуі біз үшін үлкен демеу болды. Соның арқасында бүгін негізгі назарымызды балалардың шығармашылық дамуына аударып отырмыз.
Қазір жүзге жуық баламен тұрақты жұмыс істейміз. Бірақ, театрға келгісі келетін балалардың саны күн сайын көбейіп келеді. Ал, әр баламен нейропсихолог, дефектолог, режиссер, хореограф, вокал маманы секілді бірнеше маман жұмыс істейді. Сондықтан мүмкіндігіміз шектеулі.
Инклюзивті театрлар тек қайырымдылыққа сүйеніп өмір сүрмеуі керек деп есептеймін. Бұл – мемлекет пен қоғамның тұрақты қолдауын қажет ететін маңызды бағыт. Біздің ең үлкен арманымыз – ешбір балаға «орын жоқ» деп жауап бермеу.
– Осыншама жауапкершілікті алып жүру оңай емес. Сізге ең үлкен қолдау көрсететін кім?
– Бұл сұрақ маған жиі қойылады. Мен бес баланың анасымын. Бір жағында – өз отбасым, екінші жағында – жүзге жуық ерекше баланың тағдыры. Мұның бәрін қатар алып жүру оңай емес.
Осындай сәтте менің ең үлкен тірегім – жолдасым Самат Сүлей. Оның қолдауы болмаса, бәлкім, бүгінгі «Дара ұрпақ» та болмас еді. Ол – менің ең үлкен сыншым да, жанкүйерім де. Өзім күмәнданған кезде маған сенім беретін де – сол кісі.
Балаларым да театрға келіп, ерекше балалармен бірге өсіп келеді. Олар үшін инклюзия – жай ұғым емес, күнделікті өмірдің бір бөлігі. Меніңше, қоғамдағы өзгеріс әр отбасының өзінен басталады.
Ал, сахна сыртында ерекше баланың қуаныштан жүгіріп келіп құшақтағанын көргенде, барлық шаршағаның ұмытылады. Сондай сәтте бұл жолды бекер таңдамағанымды түсінемін.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Менің арманым бір театрмен ғана шектелмейді. Қазір әлеуметтік жұмыс саласы бойынша білім алып жүрмін. Алдағы уақытта докторантурада оқып, инклюзивті саясаттың дамуына ғылыми тұрғыдан үлес қосуды мақсат етемін.
Ерекше балалар мен олардың ата-аналары туралы кітап жазып жатырмын. Онда өмірден алынған оқиғалар мен өз тәжірибемді жинақтауды көздеп отырмын.
Сонымен қатар ерекше жастарды қысқа мерзімді кәсіптерге бейімдеуге арналған жоба әзірледік. Оның мақсаты – жастардың еңбек нарығынан өз орнын табуларына мүмкіндік жасау.
«Дара ұрпақ» театры үшін де жоспарымыз ауқымды. Алдағы маусымда гастрольдік сапарларды бастауды, инклюзивті театр мәдениетін еліміздің өзге өңірлерінде де насихаттауды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, театрдың бір жылдығына арналған жаңа қойылым әзірленуде.
Менің ең үлкен арманым – бір күні инклюзия туралы бөлек айтпайтын қоғамда өмір сүру. Ерекше баланың сахнаға шыққаны жаңалық саналмайтын, әр адамның қоғамда өз орны болатын күнге жетсек деймін. Сол мақсатқа жеткенше біз өз жұмысымызды тоқтатпаймыз.
– Қолға алған бастамаларыңыз сәтті жүзеге аса берсін! Мазмұнды әңгімеңіз үшін көп-көп рахмет!

Сұхбаттасқан 
Пернебай САПАР,
«Оңтүстік Қазақстан».
Пікір қалдырыңыз