Қойнауында Теректінің тұнған сыр бар...

Бәйдібек ауданындағы Боралдай ауылдық округінің аумағы тарихи орындарға бай өңірлердің бірі болып саналады. Мұндағы үңгірлер, қамалдар мен әулиелі жерлер ғасырлар қойнауындағы талай сырды ішіне бүгіп жатыр. Сондай киелі орындардың бірі – Боралдайдағы Тұттыбұлақ үңгірі. Бұл нысан археология ғылымындағы елеулі жаңалықтардың біріне айналды. Германия зертханасының берген қорытындысы бойынша үңгірдің жасы шамамен 48 мың жыл екені анықталды. Жалпы, Қаратау жотасының әрбір тасы тұнып тұрған тарих десек қателеспейміз. Соңғы зерттеулер нәтижесінде осы өңірден бұрын ғылымға белгісіз болып келген палеолит дәуіріне жататын 85 үңгір анықталды.

Ежелгі дәуірде қазіргі Қазақстан аумағында алғашқы адамзат мекендері қалыптасты. Палеолит кезеңінде адамдар тас құралдар мен қаруларды пайдаланды. Неолит дәуірінде олар отырықшылыққа үйреніп, егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналыса бастады. Осы кезеңде Қазақстан жерінде Ботай мәдениеті қалыптасты. Ал, ерте темір дәуірінде сақтар, үйсіндер мен қаңлылар сияқты көне тайпалар өмір сүрді.

Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықта бүгінгі Бәйдібек ауданы аумағында өмір сүрген ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы мен мәдениеті туралы мол мағлұмат береді. Сол дәуірдегі тіршілік тынысын жартастарға қашалған петроглифтер де айғақтайды. Мұны Боралдай өзенінің бойындағы Теректі әулиенің жоғарғы жағындағы қыраттардағы тас беттеріне салынған ит, арқар, тауешкі және түйе бейнелерінен анық аңғаруға болады.

Боралдай өзенінің жоғарғы сағасындағы петроглифтер Теректі шатқалының беткейлері мен шоқыларының тегіс жартастарына қашалған. Бұл шатқал Боралдай өзеніне құятын Теректі өзенінің бастауынан жоғары орналасқан. Теректі шатқалын ежелгі көшпенділердің жақсы игергенін мұндағы обалы қорымдар дәлелдейді. Сондай-ақ, Теректі ауылының аумағынан ортағасырлық қала орны табылған.

Боралдай өзенінің бойындағы қазіргі «Теректі әулие» аталған жерде ел арасында сақталған көне аңыз бар. Аңыз бойынша жау шапқыншылығы кезінде бір келіншек жиырма бес күндік сәбиін көтеріп келе жатып, Үлкен Тұраның батыс жағындағы асудан қаптап келе жатқан жауды көреді. Сол кезде тасып жатқан Боралдай өзенінен өте алмайтынын түсінген ана нәрестесінің үстіне қазанды төңкеріп, оны амалсыз сол жерге қалдырып кетеді.

Аңызда айтылған сол сәбиден аман қалған Тасболаттың бесінші ұрпағы – қазақтың көрнекті қоғам қайраткері, тұңғыш теміржол инженері Мұхамеджан Тынышбаев екені айтылады.

М.Тынышбаев инженер ғана емес, мемлекет ісіне белсене араласқан, халқына адал қызмет еткен, өз дәуірінің көрнекті зиялыларының бірі болды.

Бөген өзенінің бойындағы «Тарақты қамал» шайқасы туралы да тарихи деректер кездеседі. Сондай-ақ, Боралдай өзенінің бойында «Садырқамал», ал, Үлкен Боралдай өзені аңғарында «Байқалмақ» және «Жолбарыс қамал» деп аталатын тарихи орындар бар. Бұл жерлерде жоңғар шапқыншылығы кезінде ірі шайқастар өткені жөнінде мәліметтер сақталған.

«Теректі әулие» туралы деректер негізінен халық аңыздары мен ауызша әңгімелер арқылы жеткен. Бұл аумақта бүгінге дейін арнайы археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Аңыздарға сүйенсек, бұл жер кезінде қорғаныс бекінісі қызметін атқарған. Жау шапқыншылығы кезінде осы маңға шегінген тұрғындар Боралдай өзенінің жағасына қорған тұрғызып, оны паналаған. Басқыншылардың су көзін бөгеп тастауына жол бермеу үшін тау шатқалындағы бұлақтан жер астымен таспен өрілген су құбырын жүргізген. Соның арқасында қорған тұрғындары таза сумен қамтамасыз етіліп, жау қоршауына ұзақ уақыт төтеп бере алған деседі.

«Теректі әулие» тұрағы бүгінгі күні Теректі ауылының аумағында орналасқан. Ауыл аудан орталығы Шаяннан оңтүстік-шығысқа қарай

42 шақырым жерде орналасқан. 2021 жылғы халық санағы бойынша мұнда 854 тұрғын

жасайды.

Теректі ауылындағы әулие қорғаны елді мекеннің ортасында орналасқан. Соңғы жылдары қорған аумағына адам жерлеу тоқтатылған. Ал, бұрын жерленген азаматтардың қабірлері бүгінде қалың талдың арасында қалып қойған.

Қорғанға тау бұлағынан жер астымен тартылған су арнасының арқасында бұл маңда терек, қарағаш және жеміс ағаштары өсіп, уақыт өте келе ол ну тоғайға айналған. «Теректі әулие» бұлағынан әлі күнге дейін мөлдір су ағып жатыр. Ел арасында бұлақ суының қасиеті мен осы өңірде болған тарихи оқиғалар туралы түрлі аңыз-әңгімелер сақталған. Сонымен қатар бұл жерде кезінде діни-ағартушылық қызмет атқарған қожалардың өмір сүріп, сол маңға жерленгені де айтылады.

Тарихтан белгілі болғандай, түрлі шапқыншылықтар мен соғыстар елдің тыныштығын талай рет бұзған. XIII ғасырдың екінші онжылдығының соңында моңғол әскері Арыс өзенін бойлай отырған елді басып алады. Жаудың бір бөлігі Отырарға қарай бет алса, екінші бөлігі Қостұра асуынан өтіп, Боралдай өзенінің жағасындағы шағын қаланы қоршауға алады. Алайда, берік бекінген қорғанды қысқа мерзімде ала алмайды.

 «Тез жетсін» деген бұйрықтан кейін Шыңғыс ханның әскері жорығын Отырарға қарай жалғастырып, Теректі қорғанын басып алуды кейінге қалдырады. Кейін қайта оралып  қорғанды тас-талқан етіп қиратады. Уақыт өте келе қорғанның бір бөлігі ауыл зиратына айналған.

Ауыл қарияларының айтуынша, бұл аумақта жер қазған кезде адам сүйектері 40–50 сантиметр тереңдіктен бастап 1–2 метрге дейінгі тереңдіктен шығып отырған. Бұл соғыс кезінде қаза болған адамдардың бір жерге жерленгенін аңғартса керек. Сондай-ақ, көнекөздердің айтуынша, бұрын жер қазу барысында өрнекті құмыралар, жазуы бар бұйымдар, мыстан жасалған сия сауыттар, тұрмыстық заттар мен қару-жарақтар табылған.

«Теректі әулие» кейінгі жоңғар шапқыншылығы кезінде де маңызды орындардың бірі болған. Ел аузындағы деректерге қарағанда, мұнда жоңғарлардың қару-жарақ жасайтын ұстаханасы болған. Ұстахана «Теректі әулиеден» шамамен үш жүз метр шығысқа қарай, өзен жағасына жақын жерде болған деседі. Бұл деректер көне қала тұрғындарының металл өңдеу ісімен де айналысқанын көрсетеді.

Қамал тұрғындары тау бөктері мен өзен жағалауларында бау-бақша өсіруді де кәсіп еткен. Оның айғағы ретінде бүгінгі күнге дейін сақталған сары өрік пен жаңғақ ағаштарын, сондай-ақ Қостұра шатқалындағы көне бау-бақша орындарын атауға болады.

«Теректі әулие» тарихын зерттеушілердің бірі Әлихан Оңласынов ел аузында сақталған мынадай әңгімені келтіреді:

«Ұлы Отан соғысынан кейін аудан орталығы Шаянда мектеп пен интернат құрылысына ағаш қажет болады. Сол үшін «Теректі әулие» маңындағы теректерді кесу жөнінде тапсырма беріледі. Жұмысқа бұрынғы «Прогресс» кеңшарының орталығы – Глинково ауылынан адамдар келеді. Күздің соңғы күндерінің бірі еді. Теректерді тиеп жатқанда аяқ астынан күн бұзылып, жаңбыр соңы қарға, кейін қатты боранға ұласады. Терек артқан көліктер Тұрақты ауылының тұсына жеткенде бұзылып, жұмысшылар далада қалып қояды. Сол түні бораннан бірде-бір адам аман қалмаған. Халық кейін бұл жерге өздігінен қайтадан теректер өсіп шыққанын айтады».

Ертеде бұл өңірді қаңлылар мен қожалар мекендеген. Соғыстан кейін Боралдайдың жоғарғы жағына Шоқай ата ұрпақтары – құттықтар Жамбыл облысының Билікөл өңірінен келіп қоныстанған деседі. Тайпалардың қоныс аударуы мен уақыт өте келе жойылып кетуіне байланысты көптеген тарихи деректер, ауыз әдебиеті үлгілері мен аңыздар халық жадынан өшіп

кеткен.

1880 жылы «Теректі әулиенің» қарсы бетінде Теректі мешіті салынған. Мешіт Сатыбалды деген қырғыздың басшылығымен тұрғызылып, қабырғалары саз балшықтан қаланған. Оның жанында он шақты шәкірті бар шағын медресе жұмыс істеп, мұнда 8–16 жас аралығындағы балаларға діни білім берілген.

Теректі өңірінің тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Археологиялық қазба жұмыстары жүйелі түрде жүргізілсе, бұл өңірдің талай тарихи құпиясы ашылары сөзсіз.

Қазіргі таңда Бәйдібек аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Жасыл саябақтар» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне «Теректі әулие» аумағы (3,640 гектар) мен Теректі мешітінің жері (1,6 гектар) мемлекеттік жер актісімен ресімделген. Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес алдағы уақытта бұл аумақты жергілікті маңызы бар тарихи мұра ретінде қорғауға алып, қорғалу аймағын абаттандыру және сәулеттендіру бағытында жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр.

 

Жамбыл БАЙҒОНОВ,

Бәйдібек, Сарыағаш, Ордабасы аудандарының және Түркістан қаласының құрметті азаматы.

Пікір қалдырыңыз