Ноқтаға басы сыймаған Рысқұл туралы не білеміз?
Қазақтың біртуар ұлдарының бірі Тұрар Рысқұлов туралы зерттеу еңбектер баршылық. Мерзімді баспа беттерінде де Алаш ардақтысы жайында көптеген мақалалар кездеседі. Ал, біз осындай алып тұлғаның әкесі Рысқұл жайлы айтпақпыз.
Жамбыл облысы, Қордай ауданының тумасы Мүһіди Қадыкенов ұзақ жылдар бойы Монғолияның Баян-Өлгей аймағында тұрған. Кейін туған жерінде мұғалім болып жұмыс істеді. Ақсақал кезінде Сәкен Сейфуллин, Нығмет Нұрмақов, Ғарифолла Құрманғалиев, Кенен Әзірбаев, Есдәулет Қандеков секілді тұлғалармен достық қарым-қатынаста болған. Марқұм Мүһіди Қадыкеновтің 83-ке келген ұлы Мұрат әкесінің көптеген естеліктерін, тарихи жазбаларын бізге табыстаған еді. Сол естеліктердің бірі Тұрар Рысқұлов пен оның әкесі Рысқұл жайында екен. Тұрарға көмек қолын созған қырғыз-қазаққа танымал Ноғайбай шешен туралы бұрын еш жерде айтылмаған әңгімені оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Сәлмен бай сая бола алмады
Рысқұл қазіргі Түлкібас ауданында кедей шаруа отбасында туған. Өзі қайратты, алғыр жігіт болыпты. Тұрмыс тауқыметімен санаулы туыстарын ертіп Қаскелеңдегі бай әрі ру басы Сәлмен нағашысын сағалап көшіп барады. Шаруаға епсекті Рысқұл Сәлменнің малшысы болып, тағы басқа да қызметтерін істеп, біраз уақыт сонда жүреді. Бірде туған інісі мал бағып жүріп, боранда адасып қалады. Соның салдарынан қатты ауырып, қайтыс болады. Сонда Рысқұл Сәлменнің қорлығына шыдай алмай, тағы басқа да себептермен Үшкемпірұлы Саймасай болыстың қасына көшіп барады. Ежелден Сәлменнің бақталасы саналатын Саймасай оны бауырына тартып, жақсы қарсы алады. Өйткені, Рысқұлдың Сәлменнен кетуі Саймасайдың ел алдындағы беделін өсіре түсетін еді. Сөйтіп, Рысқұл Саймасайдың белді жігіттерінің біріне айналып шыға келеді. Саймасай беделі күшейген сайын топтап жігіттер ұстап, көрші ауылдарға тыныштық бермейді. Оны Алматы уезінің бастығы да қолдайды. Бай оны ел арасындағы, әсіресе, Сәлмен екеуінің арасындағы барымтаға пайдаланады. Кезекті бір барымта кезінде кісі өлімі орын алады.
Саймасайдың сатқындығы
Бұл кезде Рысқұлдың 6-7 жастағы баласы Тұрар ауыл молдасынан хат танып жүрген. Барымта өрши түскен кез. Ақыры іс насырға шабады, «Саймасай топтап ұрылар ұстайды, олар көршілес жатқан елді мекендердің малын ұрлап, елге тыныштық бермейді» деген мазмұнда арыз жоғары жаққа жетеді. Губернатор «ұрыны тез арада ұстап, қатаң шара қолдан! Болмаса өзіңді жазалаймыз» деп Саймасайға қысым көрсетеді. Сонымен билер кеңесі Рысқұлды 5 жылға Сібірге жер аударуға үкім шығарады. Рысқұл содан қашып, Талғар тауына жасырынады. Тұрарды өзінің орыс тамырына «баламды ана жауыздардың қолына түсіре көрме» деп тапсырады.
Уездік әкімдер, болыс-билер Рысқұлдың туыстарының күнкөрістеріне жарап тұрған малдарын тартып алып, ұрып-соғып жәбір көрсетеді. Туыстарына жаны ашыған Рысқұл уезд басшысына: «Сендер менің туыстарыма тимеңдер. Олардың кінәсі жоқ, мен айыптымын! Мені ұстап алыңдар. Мен Бұрылдай төбешігіндегі қырманда, сабан арасында (күнін көрсетіп) жатамын» деп хат жазып жіберіпті.
Айтқан күні түнде бір топ солдат келіп, төбешікті қоршайды. Рысқұл сөзінде тұрып, олардан бұрын келіп, сабан арасында ұйықтап жатады. Қатты дүбірден оянып кетіп, орнынан атып тұрғанда, солдаттар тұра қашыпты. Рысқұл мылтығын лақтырып жіберіп, өз еркімен қолға түседі. Оны түрмеге апарып қамайды. Бірнеше күннен кейін, бұрынғы үкімді орындау үшін Рысқұлды арбаның артына байлап, Ташкентке қарай (сол кезде «каторжниктерді» Ташкент арқылы жүргізеді екен) айдайды. Айдауда 19 адам болыпты. Кешке жақын ымырт жабыла, қазіргі Самсыға жақындағанда, Рысқұлдың жанында екі солдат қана қалып, басқасы озып кетеді. Рысқұл, «түзге отырамын, қолымды босатыңдар» деп өтінеді. Солдаттар қолын босатып, рұқсат етеді. Біреуі қаруын ұстап қарап тұрады. Рысқұл шап беріп, қарауыл солдатты аттан жұлып алады да жерге ұрып жығады. Екінші солдатты да ұшырып түсіреді де, екеуін де матап байлап тастайды. Аттары мен қаруларын алып, Шу бойындағы Ақбұлақ деген жердегі Ноғайбай бидің үйіне келіп паналайды. Кешікпей Саймасай болыстығында қалған ұлы Тұрарды да осында алып келіп, Бішкектегі «Школа садоводства» мектебіне орналастырады.
Ноғайбайдың қамқорлығы
Көп ұзамай ел арасына «Рысқұл қашқынды Ноғайбай би паналатып отыр» деген қаңқу сөз тарай бастайды. Өсек-аяң күннен-күнге үдей түседі. «Тентек ояз» атанып кеткен Бішкек уезінің бастығы тіміскілеп, жансыздары арқылы Рысқұлды іздестіре бастайды. Оның бұл әрекетін Ноғайбай сезіп қалады. Өзі де тентек оязды жек көретін. Ноғайбай бір күні Рысқұлды шақырып алып, «оязды ұстап алып, мұсылман қылып жібер» деп тапсырады. Ноғайбайдың тапсырмасын Рысқұл ойдағыдай орындапты. Көңілі жайланған бай Рысқұлды Түлкібастағы туыстарына жібереді. Қаңқу сөз бұл жаққа да жетеді. Жетісу губерниясының губернаторынан Ноғайбайға: «Рысқұлды ұстап тапсыр, болмаса ол үшін өзіңді жауапқа тартамын» деген қатал бұйрық келеді. Сөйтсе, Рысқұл туралы губернаторға қырғыздың манаптары хабарлап қойған екен. Мұны білген Ноғайбай «приговор» жазып, Түлкібас болыстығына жолдайды. Олар Рысқұлды ұстап, Ноғайбайдың алдына әкеледі. Сонда Рысқұл:
– Қажы-еке-ай! Сіз де маған пана бола алмадыңыз ба? – дейді. Ноғайбай:
– Шырағым Рысқұл, солай дейсің ғой, солай-ақ болсын. Мен сені Бішкек уезіне тапсырып, одан тілхат алайын. Айлаң бар жігітсің ғой, одан қашып кет. Одан кейін не істеу керектігін саған өзім айтамын, – депті.
Сонымен Рысқұл айдаудан тағы қашып шығып, Ноғайбайға келеді. Ол Рысқұлға сол түні «Тау арқасына» (Қарақол жаққа) өтіп кетуге кеңес береді.
– Сол жақта із басылғанша жүре тұр, өзгесін кейін көрерміз. Балаң Бішкекте оқи берсін. Мен барда оған ешкім тимейді, – деп қош айтысып айырылысыпты.
Орта Қараш асуындағы оқиға
Саймасай көп мал беріп, Жаркент уезінің Албан руынан шыққан бір байдың сұлу қызын бәйбішенің үстіне тоқал етіп алмақ болады. Рысқұл бір күні Саймасай сол қызды алуға бәйбішесін, бірнеше жолдасын ертіп, қайын жұртына кетіпті деген хабарды естиді. Ол билер кеңесінің үкімінен кейін Саймасайға кекті еді. Сол үшін «Орта қараш» асуында Саймасайдың жолын тосып жатады. Бір күні «Саймасай тоқалын алып қайтыпты» деген хабарды естиді. Сөйтіп, асуда бір топ долана ағашының ішінде күтіп отырады. Көп ұзамай асуға көштің алды келіп ілінеді. Көштің ең соңында Саймасай жас әйелімен қатарласып келе жатады. «Жолдың жалғыз аяқ шұбалаң жерінде әйелі кейін қалып, өзі алға шыға бергенде Саймасайды атып құлаттым. Содан атыма қарай сайға түсе бергенімде «ойбай, анау Рысқұл ғой» деген бәйбішенің даусы құлағыма саңқ ете қалды» депті ол тергеушіге берген жауабында.
Енді қысым Бішкек уезінің басына түседі. «Тентек ояз» жер-көктен Рысқұлды іздеумен болады. Ақыры қырғыз манаптарының көмегімен қолға түсіріп, Рысқұлды Бішкек қаласында дарға асады.
...1927 жылы Бішкек қаласына теміржолдың келуіне байланысты Тұрар Рысқұлов осында келеді. Сол сапарда қырғыздың манаптары (Рысқұлды ұстап бергендер мен олардың тұқымдары) оның алдынан нан-тұз алып шығады. Сонда Тұрар оларға қарап, «сіздердің араларыңызда менің және менің тобымның қас жаулары да тұрған сияқты. Қырғыз-қазақ бауырлас ел екені рас. Бірақ, мен бай-манаптарға қарсымын, олар біздің – еңбекшілердің тап жаулары. Менің әкемді дарға асқан сол шонжарлар, оларды жақсы білесіздер. Алайда, мен нан мен тұздан үлкен емеспін, сондықтан ауыз тиемін. Ал, осында тұрған манаптар, менің сіздерге достығым болмайды» депті...
Міне, Мүһіди Қадікенов ақсақалдың ұрпақтарына қалдырып кеткен естелігінде айтылған оқиғалар осындай.
Жандарбек ҚЫРЫҚБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тарихшы.
Мұхитхан ҮМБЕТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тарихшы-этнолог.