Тұтынушының құқығы заңмен қорғалады
Елімізде тұтынушылардың құқықтары арнайы заң нормаларымен қорғалады.
ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге, сондай-ақ, сатушылар мен қызмет көрсетушілердің міндеттерін белгілеуге бағытталған. Тұтынушының құқығы тауардың сапасына, қауіпсіздігіне, оның құны мен сипаттамалары туралы толық ақпарат алуына байланысты мәселелерді қамтиды.
Егер сатып алынған тауар сапасыз болып шықса немесе көрсетілген қызмет талаптарға сәйкес келмесе, тұтынушы заң орындарына жүгінуге құқылы. Тұтынушының құқығы бұзылған жағдайда ең алдымен сатушыға немесе қызмет көрсетушіге жазбаша наразылық (претензия) жолдау қажет. Наразылық хат туындаған мәселені сотқа дейінгі тәртіппен шешуге мүмкіндік береді. Онда тұтынушы анықталған кемшіліктерді көрсетіп, өз талабын нақты түрде білдіреді. Егер кәсіпкер тұтынушының заңды талабын орындамаса немесе жауап бермесе, тұтынушы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 42-5-бабында көзделген тәртіппен тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органға жүгіне алады. Мәселен, сіз тұрмыстық техника сатып алдыңыз делік. Егер оның кепілдік мерзімі ішінде ақау анықталса, алдымен сатушыға наразылық хат ұсынуға құқылысыз. Егер бұдан мәселе шешілмесе, заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті органдарға шағымдануға болады. Қазіргі таңда тұтынушылардың құқықтық сауаттылығын көтерудің маңызы ерекше. Өз құқықтары мен міндеттерін білетін азамат сапалы қызмет көрсетуді талап етіп қана қоймай, кәсіпкерлік мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудағы басты мақсат – сапалы тауарлар мен қызметтердің ұсынылуын қамтамасыз етіп, әділ тұтынушылық орта қалыптастыру. Сондықтан әрбір тұтынушы өз құқықтарын біліп, қажет болған жағдайда оларды заңды жолмен қорғауы қажет.
Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті.