Ол тұрған жерде жамандық тұрмайтын
Абай БАЛАЖАН, «Оңтүстік Қазақстан».
Байдулла Қонысбеков ағамыз туралы көп жазылды, көп айтылды, бірақ бәрібір бір нәрсе айтылмай қалған сияқты болады да тұрады. Сонша айтып жүргенде көп қырының бір қырын айтуды ұмытып кеткен сияқты болып, өзімізден өзіміз пүшайман хәлге түсетініміз бар. Бұл нені білдіреді? Бұл – мына пәниге жарқырап келіп, жарқырап өткен ағаның, өзінің де ішіне кір сақтамай, өзгеге де кір жақпай өткен дегдардың жақсылығын санап тауысу мүмкін емес екендігін білдіреді!Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырып қайтеміз, тоқсаныншы жылдардың аяғында өңір журналистикасы өз басынан ең бір келеңсіз күндерді өткізіп жатты. Бір терінің пұшпағын илеп жүрген ағайындардың арасы аяқ асты нілдей бұзылып, топ-топқа, тіпті тайпа-тайпаға бөлініп кеткен жағдайларды да көз көрді. Сол топ-топқа бөлінудің зардабы қазір де білініп қалады. Бәлкім мұндай келеңсіз жәйттер бұрын да орын алған шығар, бірақ үлкендер бізге ондайды естіртпейтін де, көрсетпейтін де! Араларында не болып жатқанын өздері біледі, әрине.
Осы жайдың Байдулла ағаның арқасына аяздай батқаны әлі есте. Сол күндері қызыл шырайлы өңі қарақошқылданып жүруші еді. Алайда, ол ешкімге ділмарсып ақыл айтпады, артынан ерген іні-қарындастарына әшейін күнделікті жүріс-тұрысымен-ақ үлгі болды. Оның құшағына Алатаудың қазағы да, Қаратаудың қазағы да, Сырдың қазағы да, қырдың қазағы да түгел сыйып кететін. Өзі де қай ауылға, қай ауданға бармасын, тура сол жердің төл тумасындай болып жарқырап жүретін. Оны Оңтүстіктің төрт бұрышы да «өзіміздің перзентіміз, Байекең біздің елдің азаматы» деп білетін. Қай жерге бармасын, сол елдің адамдары «Байеке, Байекем!» деп құрақ ұшып тұратын. Оны ешкім қорқып істемейтін, осы бір адамды ерекше жақсы көргендіктен істейтін! Кейде «мұндай шынайы құрметті бірде-бір әкім көрмеген шығар» деп те ойлаймын. Иә, ол қазақ біткенді жақсы көрді. Ол журналист біткенді ағайын тұтты, бауыр тұтты. Алдыңдағы үлкенің кім екеніңді сұрамай құшағына қысып тұрса, шіли Құдай ұрып кеткен біреу болмасаң бөлінуге, айналаңды бөлуге сен де ұяласың ғой, Құдайдан қорқасың ғой, солай емес пе?! Ал, елдің бәрін осылай құшағына тарту жүрегі таза адамдардың ғана қолынан келеді.
Байдулла аға елдің бәрін қалай жақсы көрсе, елдің бәрі де Байдулла ағаны солай жақсы көрді. Ол кісіге елдің көпшілігі тойларын ашқызғысы келіп тұратын. Журналистер де, журналист еместер де! Жасап жатқан тойыңа Байдулла аға келді бар ма, залдың кемі жартысы толып кеткендей болады. Адамдар тойына Байдулла Қонысбековтің келгеніне мәз, ал, ол кісі бұл тойға қалай келді, оған ешкім мән бере бермейді, әрине. Бір сұхбаттың үстінде «мені кейде етене араласпаған адамдар да тойларына шақырып жатады. Бармауға «мына кісі тойға адам таңдап баратын болыпты ғой» деп ойлай ма деп ұялғанымнан барамын. Құр қол баруға тағы ыңғайсызданамын. Осы күні тойға пенсиям жетпейтін болды. Қазір Құттықыз апаңның пенсиясына ауыз салатын болдым» деп күрек тістерін ақсита күлгені бар еді.
Байекеңді – Байдулла ағамды жақыннан білуім 1984 жылдың күзінен басталады. Осы жылдың 4 қыркүйегінде «Оңтүстік Қазақстан» газетіне корректор болып жұмысқа қабылдандым. Жауапты хатшы Байдулла аға ол күндері еңбек демалысында екен. Он шақты күннен соң жұмысқа түсті. Небәрі жиырма екідегі маған әлемдегі ең қатал адамдардың біреуі редактордың орынбасары Жұмамұрат Тұяқбаев та, біреуі осы жауапты хатшы Байдулла Қонысбеков сияқты болып көрінетін.
Қазір әлеуметтік желілерде қате-қате жазып отыруға ешкім ұяла қоймайтын болды ғой, ол кезде газетте тыныс белгіден қате жіберудің өзі үлкен айып саналатын. Ал, газетте қате бір кетті бар ма, біраз уақытқа дейін қайта-қайта кетіп, абыройдан жұрдай қылатын. Қатеге жауап беретін – корректор. Оның тікелей бастығы – жауапты хатшы. Қыстың алғашқы күндерінде осылай қатеден көз ашпай қойдық. Алты корректордың ішінде сөгіс алмағаны жоқ. Бірақ, қате деген ұры, ертесіне тағы кетеді. Жауапты хатшының амалы таусылды. Бәрімізге жиналыс өткізіп, енді қате жіберген корректорды жұмыстан шығаратынын, ал, бүгін ең жауапты делінетін бірінші бетті бастан аяқ өзі оқып, бізге қалай жұмыс істеудің үлгісін көрсететінін айтты.
Сонымен Байдулла аға газеттің бірінші бетін бастан аяқ өзі оқып, бетті өткізген соң жарым түнде редакцияның кезекші көлігімен үйіне қайтты. Таңертеңгісін... Таңертеңгісін газетті қолға алсақ, бірінші бетте тақырыптан қате кетіп тұр ғой! Жауапты хатшының – Байдулла ағаның өзі оқыған беттен! Сондағы ағамның «мынау өзі бір анекдотқа бергісіз оқиға болды-ау, ә!» деп қарқылдап күлгені әлі көз алдымда. Сосын өзіне өзі сөгіс берген бұйрық шығарды да редакторға қол қойғызып әкелді. «Барыңдар, жұмыстарыңды істеңдер!» деді сосын көңілді қалпын жоғалтпай. Содан кейін біраз уақытқа дейін газет қатесіз, мұнтаздай болып шығып жүрді.
Қызыл сөзді қыздырмалату үшін айтып отырғаным жоқ, шын мәнінде Байдулла аға тұрған жерде жамандық тұрмайтын. Дұрысы, Байдулла аға тұрған жерде жамандық атаулының құты қашатын. Оның айналасында тұрған адамдар өзара бір-бірімен бауыр болып кететін. Біреулерді сыртынан мақтаса мақтайтын, ешкімді сыртынан жамандамайтын! Байекеңнің боқ дүниенің соңына түсіп, Құдай ішін де, сыртын да сұлу етіп жаратқан келбетіне кір түсіріп алған жағдайын ешкім білмейді. Демек, Байдулла ағамыз бізге өмірді дәл осылай сұлу етіп сүруге болатынын да көрсетіп кеткен екен ғой!