Ұлт рухының үні

Домбыра – қазақ халқының ең қастерлі музыкалық аспабы, ұлттық болмысымыз бен рухани мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Екі ішекті, көп пернелі бұл киелі аспап ғасырлар бойы халқымыздың қуанышы мен мұңын, арман-аңсары мен шежірелі тарихын қоңыр үнімен ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеді.
Домбыраның тарихы тым тереңде жатыр. Ғалымдардың пікірінше, домбыра тектес аспаптар бірнеше мың жыл бұрын пайда болған. Археологиялық зерттеулер мен тарихи деректер оның түркі халықтарына ортақ ежелгі музыкалық мұра екенін дәлелдейді.
Бүгінде домбыраның үш ішекті, бүктемелі, желбезекті, қоссаз, қуыс мойын, төрт ішекті, шіңкілдек, шертер секілді жиырмадан астам түрі белгілі. Бұл ұлттық аспаптың уақытпен бірге дамып, түрлі өңірлерде өзіндік ерекшеліктерге ие болғанын көрсетеді.
Домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, ол – халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін, дүниетанымы мен рухани құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін асыл мұра, ел бірлігі мен ұлттық рухтың символы. Оның күмбірлеген қоңыр үні адам жанына ерекше әсер етіп, тыңдаушысын терең ойға жетелейді.
Қазақтың Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сүгір, Дина Нұрпейісова сынды әйгілі күйшілері домбыра өнерін асқақ биікке көтеріп, мәңгілік мұраға айналдырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, халқымыздың төл мәдениеті мен өнерін домбырасыз елестету мүмкін емес. Сондықтан домбыраның күмбірлеген үні халқымызбен бірге мәңгі жасай береді.

Ш.МАМАДЬЯРОВА,
Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.
Пікір қалдырыңыз