«Болашақ ойындары» фиджитал-қозғалысқа тың серпін береді
KAZINFORM. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің ресми ашылуында сөз сөйледі.
– Бүгін біз «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық сайысын бастаймыз. Бұл – елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатын, мағынасы айрықша тарихи іс-шара. Дүбірлі дода биыл Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр. Біз үшін бұл зор мәртебе. Жаңа ғана Ресей президенті Қазақстанға және барша спортшыларға арнайы құттықтауын жолдады. Ыстық ықыласы үшін Ресей көшбасшысы Владимир Владимирұлы Путинге зор ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.
Салтанатты кешке Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысып жатыр. Президент бауырлас елдердің басшыларына және ресми делегация жетекшілеріне алғыс айтты.
– Баршаңызға мәлім, Болашақ ойындары – Ресейдің бастамасымен жүзеге асқан жоба. Бұл жобаның сәтті іске асуы Президент Владимир Путиннің арқасы деуге толық негіз бар. Аз уақыт ішінде бұл жарыс жаһандық деңгейдегі сайысқа айналды. Бірінші жоба Қазан қаласында өтіп, содан кейін Әбу Дабиде жалғасын тапты. Ал бүгін бәріміз ұлы дала төсінде бас қосып отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Болашақ ойындарына» қатысу үшін Астанаға отыздан астам мемлекеттен 800-ге жуық спортшы келді.
– Астанадағы Болашақ ойындары классикалық спорт пен кибериндустрияны тоғыстырған жаһандық фиджитал-қозғалысқа тың серпін береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қ.Тоқаевтың айтуынша, осынау жаһандық ауқымдағы ойындар барша адамзаттың жарасымды әрі бейбіт болашағын айшықтайды.
– Қазақстан қашанда халықаралық қауымдастықпен бірге бейбітшілікті, қауіпсіздікті, әділеттілік пен дамуды қолдай береді. «Болашақ ойындарында» спорттың күш-қуаты, ақыл-ой мен цифрлық дәуірдің орасан әлеуеті үйлесім тауып, баршамызға ортақ жасампаздық ұстанымымен толық үндеседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл турнир кереғар дүниелерді бір арнаға тоғыстырады. Оның негізінде шынайы және виртуалды әлем арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдік жатыр.
– Бүгін осы аренаға негізінен жастар жиналып отыр. Сіздер білімді, талантты, еңбекқор, талапты болсаңыздар, болашақтың іргетасы бекемделе түсетіні анық. Алда өздеріңізді биік белестерге бастайтын соқтықпалы-соқпақсыз жол күтіп тұр. Ой-пікірі ортақ, мүддесі бір, сенімді серіктер жандарыңыздан табылғанда ғана бұл жолды еңсеру оңай болмақ, – деді Мемлекет басшысы.
Ойынға қатысушылардың әрқайсысы тыңғылықты дайындықтан өтті. Олар өз командаларының намысын абыроймен қорғауға әзір. Президент «Болашақ ойындарының» басты миссиясы – адамдарды жаңа жетістіктер жолында жұмылдыру және жігерлендіру екенін еске салды.
– Үлкен спорт қай кезде де әртүрлі мәдениеттерді тоғыстырып, мемлекеттер мен халықтар арасын жақындатуға себепкер болған. Сондықтан жаһандық сын-қатерлер өршіп тұрған жағдайда осындай бірегей жобалардың мән-маңызы арта түсетіні анық. «Болашақ ойындары» елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың, достық пен келісімнің «алтын көпіріне» айналады деп сенемін». Ендеше, «Болашақ ойындары – 2026» сайысын ашық деп жариялаймын!, – деді Қазақстан Президенті.