Екі елді мекен табиғи газға қосылды
Өңірімізде елді мекендерді жаппай «көгілдір отпен» қамту жұмыстары тұрақты жүзеге асып келеді. Таяуда Бәйдібек ауданындағы Боралдай, Ақбастау ауылдық округтеріне қарасты Қаратас және Тұрақты елді мекендеріне табиғи газ берілді.
Жұмысты «KazBuildCo» ЖШС жүргізді. Газ құбырының ұзындығы Қаратас елді мекенінде 10,005 шақырымды құраса, Тұрақты ауылында 15,6 шақырым болды. Нәтижесінде аудандағы 50 елді мекеннің 43-і (86%), 48 221 тұрғынның 45 574-і (94,5%) табиғи газбен қамтылды.
Салтанатты іс-шараға қатысқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрпейіс Ақбаев тұрғындардың қуанышын бөлісіп, ізгі тілегін білдірді. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған саясатының жарқын көрінісі екенін атап өтті.
Оған қоса, биыл Қошқарата, Кеңсай, Шұқыршақ елді мекендерін газдандыру жұмыстары жүргізілмек. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда, Бәйдібек ауданы 100 пайыз табиғи газбен қамтылатын болады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.