Әр құжаттың артында – адам тағдыры, дәуір тарихы
Архив – сарғайған қағаздардың қоймасы ғана емес, ол халықтың тарихи жады, мемлекеттің тағдыры мен ұлттың өткені мен бүгінін жалғайтын алтын көпір. Батырлардың ерлігі, мемлекет қайраткерлерінің даналығы, ел өміріндегі елеулі оқиғалар архив құжаттарында сақталып, уақытпен бірге оның да құны арта береді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тарихын таныған елдің болашағы баянды болады» деген еді. Өткенді танудың ең сенімді жолы – архив. Мұндағы әрбір құжаттың артында адам тағдыры, әулет тарихы, тұтас дәуірдің ізі жатыр.
Жылдар өткен сайын архив құжаттарының тарихи маңызы арта түседі. Кезінде күнделікті қызметтік құжат саналған дүниелер бүгінде ғылыми зерттеулердің негізгі дереккөзіне айналды. Бір ғана құжаттың табылуы тұтас әулеттің шежіресін жаңғыртып, азаматтың еңбек өтілін дәлелдеуге немесе тарихтың көмескі беттерін қайта сөйлетуге себеп болады. Архивтің құдіреті де осында.
Биыл Түркістан өңіріндегі архив қызметінің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Бұл – бір мекеменің ғана емес, ел тарихын көздің қарашығындай сақтап келе жатқан бірнеше буын архившілердің мерейтойы. Бір ғасыр ішінде миллиондаған құжат жинақталып, ғылыми тұрғыдан жүйеленіп, келер ұрпаққа аманат етілді. Осы игілікті іске өмірін арнаған архив қызметкерлерінің еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Архив ісі – асқан жауапкершілікті, білімді, ұқыптылық пен төзімді талап ететін мамандық. Бұл салада еңбек еткен аналарымыз шаңырағында отбасының берекесін сақтаса, қызметте ұлттың тарихи мұрасын қорғады. Олар миллиондаған құжаттың сақталуына жауапты болып, әрбір деректің тарихи құндылығын терең сезіне білді. Бұл жай ғана қызмет емес, ұлт алдындағы аманат еді.
Бүгінде архив саласының ардагерлері атанған Орынкүл Сәретқызы, Қатира Садыққызы, Раушан Бәкіболдақызы, Фатима Мұхтарқызы, Әлия Ермекқызы, Рәткүл Кенішбайқызы, Ақбота Мұсратуллақызы, Айдын Кеңесбайқызы, Айпар Шажалықызы және Рахима Бакрамқызы – осы қасиетті істің шынайы жанашырлары.
Олардың есімдері көпшілікке кеңінен таныс болмауы мүмкін. Алайда, олардың қолдарынан өткен миллиондаған құжаттар бүгінде халқымыздың баға жетпес рухани қазынасына айналды. Архив қызметкерлері құжаттардың сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, архив ісінің ғылыми-әдістемелік негізін нығайтуға, құжаттарды жүйелеуге және жас мамандарды тәрбиелеуге зор үлес қосты.
Өз басым осы аяулы апалардың әрқайсысынан көп тағлым алдым. Олар бізге архив ісінің қыр-сырын ғана емес, адалдықты, қарапайымдылықты, еңбекке деген сүйіспеншілікті, адамға құрметпен қарауды үйретті. Олардың жауапкершілігі, әріптестеріне деген жанашырлығы мен жас мамандарға көрсеткен қамқорлығы – біз үшін өмірлік өнеге.
Нағыз ұстаздың тәлімі сөзбен емес, ісімен өлшенеді. Архив саласының осы ардақты аналары – соның жарқын дәлелі. Олар жай ғана маман емес, тұтас бір мектеп қалыптастырған тұлғалар. Бүгінгі архивтің жетістігі – кешегі буынның адал еңбегінің жемісі.
Ғасырлық мерейтой – өткенге тағзым жасап, еңбегі көп жағдайда көзге көрінбей қалған архив қызметкерлеріне құрмет көрсететін ерекше кезең. Себебі, олар сақтаған әрбір құжат – ел тарихының бір бөлшегі, ұлт жадының ажырамас мұрасы. Ал, архив – өткеннің ғана емес, болашақтың да аманаты.
Гүлнара ШАРДАРБЕКОВА,
Түркістан облысының мемлекеттік архивінің басшысы.