Шекаралық өткізу пунктінде радиациялық фоны жоғары зат анықталды

2026 жылғы 28 шілдеде Түркістан облысы бойынша МКД «Қапланбек» кеден бекетінде автоматтандырылған радиациялық бақылау жүйесі мен тасымалды радиациялық бақылау аспабы арқылы радиациялық бақылау жүргізу барысында Қазақстан Республикасынан Өзбекстан Республикасына бағыт алған Өзбекстан Республикасының азаматының жеке заттарының арасынан «Радий-226» белгілері бар радиоактивті материал анықталды. Құжаттар процестік шешім қабылдау үшін тиісті құқық қорғау органдарына берілді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі №175-н/қ «Қазақстан Республикасы аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес, мұнай өнімдерін Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге әкетуге тыйым салынған.

Осыған байланысты, жыл басынан бүгінгі күнге дейін жалпы көлемі 25,6 тоннаны құрайтын (дизель отыны – 16,3 тонна, бензин – 9,3 тонна) жанар-жағармай материалдарын заңсыз алып өтудің 153 дерегі анықталды.

Сондай-ақ, Түркістан облысы бойынша МКД кеден бекеттерінде есірткі құралдарының (табиғи және синтетикалық текті), прекурсорлардың, жанар-жағармай материалдарының, қосарланған мақсаттағы тауарлардың және декларацияланбаған тауарлардың контрабандалық жолмен өткізілуінің жолын кесу бағытында тәулік бойы бақылау жүргізілуде.

Осылайша, 2026 жылдың өткен кезеңінде Қазақстан – Өзбекстан мемлекеттік шекарасында:

- жалпы салмағы 131,9 грамм болатын есірткі құралдарын заңсыз алып өтудің 27 дерегі анықталып, материалдар полиция органдарына жолданды;

- жалпы сомасы 64,3 мың АҚШ долларын құрайтын валютаны заңсыз алып өтудің 3 дерегі анықталып, сот шешімімен ақша қаражаты тәркіленді;

- декларацияланбаған ұсақ малды заңсыз әкетудің 2 дерегі анықталып, жалпы саны 1 210 басты құрады.

Сонымен қатар, жолаушылардың қол жүгін тексеру барысында шамамен 2 тонна үй жануарларының еті, 50 кг «насыбай», 8 082 дана «снюс», 30 литр алкоголь өнімдері, 436 дана діни кітаптар және 8 кг антикварлық бұйымдар (көне асхана құралдары) және т.б. анықталды.

Аталған барлық фактілер бойынша құқық бұзушыларға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданды.

Түркістан облысы бойынша МКД Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Түркістан облысы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаментінің

баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз