Жаңа жобаларға жол ашық
Өңірімізде инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және халықаралық байланыстарды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағытта Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының салалық даму және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бөлімі өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыруда.
Бөлімнің мәліметінше, биыл өңірде 289 жоба қаралып, оның ішінде 36 инвестициялық жобаға сүйемелдеу көрсетілген. Қазіргі таңда облыста мақта өсіру және өңдеу, арнайы техника шығару, битум өндіру, логистика және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы маңызды жобалар іске асырылуда.
Сонымен қатар бөлім сүйемелдеуіне «Шәдібек Ата» шаруа қожалығының мал сою бекеті мен «Қарқын Трейд» ЖШС-нің бройлер құс фабрикасы қабылданды. Бұл жобалар өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жәрдемдеседі.
Инвестициялық белсенділік көрсеткіштері де оң нәтижені көрсетіп отыр. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында Түркістан облысында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 50,5 пайызға көбейген. Бұл – республикадағы ең жоғары өсім көрсеткіштерінің бірі.
Өңірдің халықаралық байланыстарын нығайту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бахтиер Ибрагимовтың қатысуымен өңдеу өнеркәсібі салалық кеңесінің отырысы өтіп, онда экспорттаушы кәсіпорындардың мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, біздің өңірге Қырғызстан Республикасының ресми делегациясының сапары ұйымдастырылды. Сапар барысында оларға облысымыздың өндірістік және инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Бұдан бөлек, Түркия және Қытай инвесторларымен бірігіп, жылыжай кешендерін салу, құлпынай өсіру, дрон өндірісі және ауыл шаруашылығы техникасын жеткізу бағытындағы жобалар бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Экспорттық әлеуетті көтеру – өңір экономикасындағы маңызды бағыттардың бірі. Бүгінде Түркістан облысы республикада мақта талшығы мен мақта майының негізгі бөлігін, трансформаторлардың 98,6 пайызын және фармацевтикалық препараттардың 70,1 пайызын өндіретін жетекші өңірлердің қатарында.
Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мақсатында экспортқа бағытталған кәсіпорындарға қолдау көрсетілуде. Мәселен, «Nurym Group», «Қарқын-2030» және «Turkestan Agro.kz» кәсіпорындары экспорттаушылар қатарына енгізіліп, мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану бойынша сүйемелдеуге алынған.
Сонымен қатар «Cotton Мақта» және «Глобал Текстиль Түркістан» ЖШС-лері отандық тауар өндірушілер тізіміне енгізілді. Ал, «BASPOLYMER» ЖШС экспорттық қызметін кеңейту үшін қажетті сертификаттау және тіркеу ресімдерінен өтті.
– Біздің басты мақсатымыз – Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын нығайтумен қатар, өңірде өндірілетін өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейту және экспорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтеру. Әрбір инвестициялық жобаны іске асыру барысында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, туындаған мәселелерді мемлекеттік органдармен бірлесіп шешуге күш саламыз, – дейді кәсіпкерлер палатасының өкілдері.
Бүгінде өңірде инвесторларға қолайлы жағдай қалыптастыру, өндірісті дамыту және экспорт көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Алдағы уақытта да Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасы инвестиция тарту, халықаралық әріптестікті кеңейту және экспортқа бағытталған өндірістерді қолдау бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
Гүлназ ЕСЕТОВА,
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Түркістан
облыстық филиалының салалық даму және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы.