Оң өзгерістер байқалады

Түркістан облысында халық саны өсіп, экономиканың негізгі салаларында оң өзгерістер байқалуда. Ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өңірде демографиялық ахуал, өндіріс, құрылыс, инвестиция және кәсіпкерлік бағыттарында бірқатар оң көрсеткіштер қалыптасқан.

Халық саны және көші-қон

2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Түркістан облысы халқының саны 2 млн. 146,7 мың адамды құрады. Оның ішінде қала тұрғындарының үлесі – 25,4 пайыз (545,6 мың адам), ауыл тұрғындарының үлесі – 74,6 пайыз (1 млн. 601,1 мың адам).
2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында облыстағы табиғи өсім 13 250 адамды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда төмендеген. Аталған кезеңде 17 188 сәби дүниеге келсе, 3 938 адам қайтыс болған.
Көші-қон үдерісінде теріс айырма қалыптасып, ол 15 785 адамды құрады. Оның ішінде сыртқы көші-қонда 103 адамға оң көрсеткіш байқалса, ішкі көші-қонда 15 888 адамға теріс айырма тіркелді.

Еңбек және халықтың табысы
2026 жылдың І тоқсанында облыстағы жұмыссыздар саны 40,1 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшіне шаққанда 4,6 пайыз болды.
1 шілдедегі жағдай бойынша жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны 37 671 адамға жетті.
2026 жылдың І тоқсанында қызметкерлердің орташа жалақысы 332 640 теңгені құрады. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,1 пайызға жоғары. Дегенмен, нақты жалақы индексі 95,1 пайыз деңгейінде қалыптасты.
Облыс тұрғындарының жан басына шаққандағы орташа табысы 143 409 теңгені құрады. Бұл өткен жылдың І тоқсанымен салыстырғанда 11 пайызға көп. Ал, нақты ақшалай табыс көлемі 1,4 пайызға төмендеген.

Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы

2026 жылдың қаңтар-маусым айларында облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 873,3 млрд. теңгені құрады. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32,4 пайызға жоғары.
Тау-кен өндірісінде өсім 19 пайызды, өңдеу өнеркәсібінде 50,8 пайызды құрады. Электр энергиясы, газ, бу және ыстық сумен қамтамасыз ету саласында өндіріс көлемі 18,9 пайызға, ал, сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау және өңдеу бағыттарында 35,3 пайызға артқан.
Ауыл шаруашылығы саласында да өсім байқалды. 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 320,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 10,7 пайызға артты.

Құрылыс және инвестиция
Биылғы жылдың алғашқы алты айында құрылыс жұмыстарының көлемі 306,7 млрд. теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25,5 пайызға жоғары.
Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 474,9 мың шаршы метрге жетіп, көрсеткіш бір жылда 8,3 пайызға артты.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 894,6 млрд. теңгені құрады. Бұл 2025 жылдың қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда 44,4 пайызға көп.

Кәсіпкерлік және экономикалық өсім

2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша облыста тіркелген заңды тұлғалар саны 19 816-ны құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,4 пайызға жоғары.
Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар саны 18 818 болса, оның ішінде шағын кәсіпорындар саны – 18 157. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында тіркелген заңды тұлғалар саны 15 976-ны құрап, бір жыл ішінде көрсеткіш 3,3 пайызға өскен.
2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 1,13 трлн. теңгені құрады. Нақты ЖӨӨ өсімі 9,6 пайыз болды. Оның құрылымында тауар өндіру үлесі 41 пайызды, қызмет көрсету саласы 52,5 пайызды құрады.

Баға және сауда көрсеткіштері
2026 жылдың маусым айында тұтыну бағаларының индексі 2025 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 104,9 пайызды көрсетті. Азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың бағасы 4,8 пайызға өссе, тұрғындарға көрсетілетін ақылы қызметтердің бағасы 5,5 пайызға қымбаттаған.
Ал, өнеркәсіп өнімдері бағасы жыл басынан бері 0,3 пайызға төмендеді.
Бөлшек сауда көлемі 225,8 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16,9 пайызға артты. Көтерме сауда көлемі 244,9 млрд.  теңгені 
құрады.
Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда көлемі 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында 319,4 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,7 пайызға төмен. Оның ішінде экспорт көлемі 189,3 млн. доллар, импорт көлемі 130 млн. доллар болды.
Жалпы, статистикалық көрсеткіштер Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында өндіріс, инвестиция, құрылыс және кәсіпкерлік салаларының белсенділігін көрсетеді.

Тұрсынай МЫРЗАБЕКОВА, 
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі 
Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті 
статистикалық ақпаратты пайдаланушылармен жұмыс басқармасының басшысы.
Пікір қалдырыңыз