Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті
Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты күн тәртібіндегі ауқымды мәселелерді талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Омбы төрінде қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар ХХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы аясындағы бүгінгі жүздесу Қазақстан-Ресей ықпалдастығының негізгі бағыттарындағы жан-жақты диалогты жалғастырып, алдағы қадамдарды нақтылауға мүмкіндік беретінін жеткізді.
– Біз – аса ірі сауда серіктестеріміз. Былтыр сауда көлемі шамамен 28 миллиард долларды құрады. Биылғы беталысымыз да өте жақсы. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, биыл бес айда өзара сауда көлемінің қарқыны айтарлықтай өсті. Ресей экономикамызға инвестиция салатын елдердің арасында көш бастап тұр. Инвестиция көлемі шамамен 30 миллиард долларға жетті. Бірлескен күш-жігердің арқасында жалпы құны 53 миллиард доллар болатын 177 перспективті өнеркәсіп жобасының тізімі жасақталды. Оның 122-сі іске асырылды. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайды ескерсек, бұл – көңіл қуантатын жетістік, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы гуманитарлық саладағы ықпалдастық деңгейін жоғары бағалады. Сондай-ақ Қазақ Ұлттық университетінің Омбыдағы филиалын ашуға қолдау білдіргені үшін Ресей мемлекетінің басшысына ризашылығын білдірді.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу мәселесіне қатысты өз ұстанымын жеткізді.
– Өзіңізге мәлім, мен әуел бастан мұның мемлекетаралық қақтығыс екенін айтқанмын. Бұл қандай да бір азаматтық соғыс емес. Біз украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне әрдайым құрметпен қараймыз. Аталған қақтығыстың көпшілік үшін, соның ішінде біз үшін түсініксіз тұстары көп. Білуімше, сіз Аляскадағы Анкориджде өткен кездесуде дипломатиялық тұрғыдан барынша икемділік таныттыңыз. Осы орайда өз пікірімді білдіргім келеді. Өйткені маған да өтініштер айтылады. Меніңше, қақтығысты уақытша тоқтатып, 2.0. Ыстанбұл формуласына оралған дұрыс. Себебі аталған келіссөз барысында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген еді. Содан кейін алпауыт елдердің, соның ішінде Ресейдің кепілдігі арқылы көптен күткен бейбітшілікке қадам басуға болады. Қазақстан – бұл мәселеде сырт қалатын ел емес. Алайда, қаншама мәрте ұсыныстар мен үндеулер айтылғанына қарамастан, мен бұл қақтығыста араағайын болудан үзілді-кесілді бас тартамын. Өйткені Ресей – ұлы ел, ал, орыс халқы – ұлы халық. Күн тәртібіндегі барлық мәселені делдалсыз-ақ шеше алады. Алайда, бүгін өз пікірімді білдіруді жөн көрдім. Себебі адамдар менің Омбыға жоспарлы сапарымнан, Сізбен кездесуімнен хабардар. Тығырықтан қалай шығу керек екенін ешкім білмейді. Қос тараптың өз ұстанымы бар. Әйтсе де, осы алауыздықты уақытша доғаруға болады. Бұл – сынақтан өткен халықаралық тәжірибе, амал. Өкінішке қарай, өрімдей жастар құрбан болып жатыр. Олар – бауырлас Ресей мен Украина халықтарының келешегі. Сондықтан мұның бәрін тоқтату керек. Өйткені, менің ойымша, қазіргі болып жатқан жағдай Ресей және Украина мемлекеттерінің дұшпандарына ғана тиімді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөзін қорыта келе, еліміз Ресеймен стратегиялық серіктестікті және одақтастық қатынастарды дамытуға бейіл екенін растады.
Өз кезегінде Ресей Президенті Омбыда Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүздескеніне қуанышты екенін жеткізіп, өңіраралық форум екіжақты қарым-қатынастың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
Владимир Путин екі ел халықаралық аренада және өңірлік ұйымдар аясында белсенді қарым-қатынасты жолға қойғанына назар аударды. Биыл Ресей ҰҚШҰ-ға, ал, Қазақстан – ЕАЭО-ға төрағалық етеді.
Сонымен қатар Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің тарихи тамырластығы туралы сөз қозғады.
– Бүгін госпитальге арнайы барғаныңызды білемін. Омбы Сіз үшін Ресейдің қатардағы қаласы емес. Бұл жерде Сіздің әкеңіз 1945 жылы қыста ауыр жарақаттан кейін ем-дом алған. Біз Ұлы Отан соғысы мен халқымыздың нацизмді жеңуге қосқан үлесін әрдайым есте сақтаймыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізбен жүздескенімізге қуаныштымыз, – деді Ресей Президенті.
Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту, соның ішінде энергетика, көлік-логистика, ғарыш, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасын егжей-тегжейлі талқылады.
Бұдан бөлек, президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
* * *
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Путин Омбы қаласында өтіп жатқан XXII Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық сессиясына қатысты. Биылғы басқосу «Жаһандық логистика экожүйесін қалыптастыру: Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының жаңа көкжиегі» тақырыбымен өтті.