Мектептер жаңғыртылып жатыр

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен білім беру нысандарының құрылысы, мектептерді жаңғырту, жазғы жөндеу жұмыстары және саладағы өзекті мәселелерге арналған мәжіліс өтті.

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов өңірдегі мектептердің жай-күйі, реновация бағдарламасының орындалуы, жөндеу жұмыстарының барысы және алдағы міндеттер туралы баяндама жасады.
Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан мектептерді реновациялау бағдарламасы аясында өңірімізде  115 мектепті жаңғырту жоспарланған. Атап айтқанда, 2025 жылы – 41, 2026 жылы – 38, 2027 жылы 36 мектеп жаңғыртудан өтеді.
2025 жылы жөндеуі жоспарланған 41 мектептің 26-сында жұмыстар толық аяқталған. Қалған 15 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары одан әрі жалғасуда және оларды 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін аяқтау көзделген. Қазіргі таңда аталған нысандарда ішкі әрлеу және инженерлік жүйелерді жаңарту жұмыстары толық бітіп, сыртқы жөндеу мен абаттандыру жұмыстарының орындалуы орта есеппен 50-60 пайызға жеткен.
Биыл реновация бағдарламасы бойынша 38 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде 32 мектеп ағымдағы, 6 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.
Сонымен қатар өңірдегі 125 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 60-ында жұмыстар толық аяқталса, қалған нысандарда жөндеу жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Жазғы демалыс кезеңіндегі барлық жұмыстар жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы тиіс.
Мәжілісте білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі мен инженерлік инфрақұрылымын жаңарту мәселесі де қаралды. Биыл 110 білім беру нысанын табиғи газға қосу қажеттігі айтылды. Оның ішінде 82 мектеп, 26 балабақша және 2 қосымша білім беру ұйымы бар. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасын, мерзімін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Әсіресе, жаңа оқу жылына барлық білім нысандарының толық дайын болуын қамтамасыз ету,  реновация аясындағы жұмыстарды сапалы орындау, балалардың қауіпсіздігі мен қолайлы білім алу ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді.
Сондай-ақ, облыс әкімі әрбір бюджет қаражатының тиімді игерілуін, құрылыс пен жөндеу жұмыстары барысында сапа талаптарының қатаң сақталуын және анықталған кемшіліктердің уақтылы жойылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Өңір басшысы құрылысты сапасыз жүргізген мердігерлерді заң шеңберінде жауапкершілікке тарту қажеттігін айтты. Құрылысы аяқталған және жүріп жатқан барлық білім нысаны тұрақты бақылауға алынып, мониторинг жасалады. 
Пікір қалдырыңыз