Хантағы, «Хантау» және 20 мың турист

Өңірімізде туризмді дамыту бағытында өте ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылындағы көркем тау бөктерінде заманауи капсулалық демалыс орындары алғаш рет бой көтеруде.
Қазіргі таңда «Хантау» демалыс аймағының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоба туристерге қолайлы жағдай жасап, өңірдің тартымдылығын арттыруға бағытталған. Жалпы құны шамамен 1 млрд. теңгені құрайтын бұл жоба аймақтың туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтермек.
Жоспар бойынша демалыс аймағы бір мезетте 200-ден астам келушіні қабылдай алады. Мұнда ай сайын 20 мыңға жуық туристке қызмет көрсету көзделуде. Бұл жоба ішкі туризмді дамытуға серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етеді.
Сондай-ақ, инвестор тарапынан инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән берілуде. Атап айтқанда, су үстінен көпір салынып, 6 шақырымға дейін электр желілері тартылған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта осы аумақта кәсіп бастаймын деген азаматтарға қолайлы жағдай жасап, жаңа жобалардың жүзеге асуына негіз болады.

Талшын Жыңғылбай,
М.Әуезов атындағы ОҚУ студенті.

Пікір қалдырыңыз