ОМЫРАУ ОБЫРЫ ОЙЛАНДЫРАДЫ

Қазіргі таңда әлем бойынша әйелдер арасындағы ең көп таралған онкологиялық ауру - сүт безі қатерлі ісігі. Ресми деректерге сүйенсек Қазақстанда да әйелдер арасында ең көп тараған ауру ретінде 13,3% көрсеткішпен бірінші орында тұр.

      2021 жылы 170 жағдай тіркелсе, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 2007 әйел есепте тұр. Жылдың 9 айында сүт безі обырын ерте анықтау мақсатында 40 074 әйел тексеріліп, нәтижесінде 45 жаңа жағдай тіркелген. Оның ішінде 21 әйелдің ауруы ең алғашқы сатысында анықталған.

     Түркістан облысының денсаулық сақтау бөлімінің ақпаратына сүйенсек, Түркістанда сүт безі обыры басқа облыстармен салыстырғанда төмен. Бүгінде Түркістан облысында бұл дертпен 5600-ден астам қыз-келіншек онкологиялық ауруханада тіркеуде тұр. Оның себебі көбінесе экология мен тұқым қуалаушылықтың т.б жағдайлардың  кесірінен. Ал білікті психологтар ауруға психологиялық әлсіздіктің де әсері бар дегенді айтады.

    – Қатерлі ісіктің ең алғаш белгілері етеккір циклінің өзгеруінен, омырау ұшынан қан шығуынан, қолтық астынан түйін пайда болуынан, үнемі жағымсыз жағдайларға ұшыруынан білінеді. Осы жағдайларды денсаулығынан байқаған кез-келген облыс тұрғындары мен қонақтары емдік шараға ешқандай жолдамасыз, тегін, әлеуметтік сақтандырусыз тексеріле алады, - дейді Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас дәрігер-онкологы Бауыржан Бертаев ресми сайтқа берген мәліметінде.

       ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде жыл сайын 55–60 әйел сүт безі обырынан көз жұмады екен. Аурудың таралуына келер болсақ, Астана қаласы көш бастап тұр, ал Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында да ауру жиі тіркелуде. Ауылдық аймақтарда ерте қаралу деңгейі төмен болғандықтан, әйелдердің 45 пайызында ісік кеш сатысында анықталады.Қатерлі ісік ауруының дамуына әсер ететін негізгі факторлар: тұқым қуалаушылық, гормондық теңгерімнің бұзылуы, семіздік пен дұрыс тамақтанбау, босанудың реттілігінің болмауы сондай-ақ темекі мен алкоголь секілді зиянды заттарды пайдалану.

Сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау – өмір сүру ұзақтығын арттырудың маңызды жолы. Аурудың 35 пайызы 40 жастан асқан әйелдерде I және II сатысында анықталуда.

        Елімізде соңғы жылдары онкологияны емдеу сапасы да артты. Хирургиялық жолмен ота жасау, сәулелік терапия, химиотерапия және иммунотерапия сияқты заманауи әдістер ісікті жоюда тиімді нәтиже көрсетуде.  Айта кету керек, қатерлі ісіктің кейбір түрлері қатерсіз сипатта болуы мүмкін. Яғни, көбіне әйелдер ауырып жүргенін аңғармай да қалады.  Дәрігерлер сондықтан уақытылы тексеріліп, алдын алу шараларын ұстану – әйел денсаулығын сақтаудың негізгі кепілі - дейді. 



       «Әйелдер қауымы, жыл сайын уақытылы қаралып, скринингтік тексерістен өтіп, денсаулықтарыңызға қамқорлық жасаңыздар – бұл өміріңізді сақтап қалудың кепілі» - деген Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының ресми мәлімдемесімен мақаламызды түйіндесек деймін. Иә, халқымызда «Аурудың алдын ал» деген сөз бар емес пе? Әрбіріміз өз денсаулығымызға жауапты болуымыз керек.

 Самал Әбілқасым,

 ХҚТУ-дің  журналистика бөлімінің 4 курс студенті.

1 пікір

  • Асанова Қалима
    Асанова Қалима

    Дұрыс әйел адам өз денсаулығына немқұрайлы қарамау керек дер кезінде қаралып жүргені жақсы Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде деген атам қазақ

Пікір қалдырыңыз