Ганг синдромы

Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Үндістанда Ганг деген өзен бар. Жергілікті халық үшін ол – жай өзен ғана емес, қасиетті, киелі өзен. Үнділер кім осы өзенге суға түссе, күнәсінен арылып, рухани тазарады деп сенеді. Мәйіттерді де осы суға ағызу – сауапты іс саналады. Бірақ бір қызығы – үнділер үшін киелі деп есептелетін Ганг бүгінде әлемдегі ең лас өзендердің бірі.

Интернеттен талай көргеніміз бар, өзеннің бір шетінде біреу кір жуып жатса, екінші тұсында біреулер шомылып жүреді, ал, сәл әріде сиырлар су ішіп тұрады. Өзеннің ластанып жатқанын бәрі біледі, бірақ, соған қарамастан, сол суға шомылып, күнәдан тазардым деп сенеді. Жергілікті тұрғындарға «мына су – аурудың көзі» деп түсіндіру қиын, тіпті мүмкін емес. Айтсаң, «басымды ауыртпа!» деп қолын бір сілтеуі мүмкін.
Бір қарасаң, бұл – бізге жат көрініс. Бірақ, шын мәнінде дәл осындай ахуал біздің қоғамда да бар.
Бізде күн сайын жемқорлар ұсталып жатады. Жаңалықты ашып қалсаң – «тағы бір шенеунік құрықталды». Әр апта сайын оқылатын бір сценарий: пара алу үстінде ұсталды, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды, бюджет қаржысын жымқырды... Бірақ, тоқтар емес. Керісінше, шенеуніктер ұсталған сайын қазына тонау үдеп бара жатқандай әсер қалдырады. Қызығы, біз жемқорларды да кейде ақтап алуға бейімбіз. «Ол мықты басшы еді», «іскер болатын», «жұмыс істей алатын адамның жолын кесті» деп қорғап шыға келеміз. Қазынаны тонап ұсталған адамның өзіне «іскерлік» мадағын жапсыра салу – қоғамның ең үлкен қателігі. Біздіңше, осы психология өзгермейінше, жемқорлықпен күрес те нәтиже бермейді. Өйткені, ұрлаған адамды ақтап алу – ұрлықтың өзін ақтап алғанмен бірдей.
Адамдар бірін-бірі алдап, тонап, ұрып-соғып, тіпті азаптап өлтіріп жатқан оқиғалар да азаймай тұр. Қылмыс жасағандар жазалануда, түрме қылмыскерлерге тола, бірақ, қоғамда зорлық-зомбылықтың да, қатыгездіктің де тамыры қиылар емес.
Бәрінің түп негізі – үнділердің өзенге шомылатынындай психология ма дейміз. Нақтырақ айтқанда, жүйені, басшыларды шексіз мақтап, мадақтап, жалтақтап, жағыну көбейіп кетті. Басшылар тізгінсіз мақтау естіген сайын, шынайылықтан алшақтай береді. 
Тағы бір әдетіміз – әкімдерді өзінің міндетін орындағаны үшін асыра мақтау. Жол салса – таң қаламыз, саябақ ашса – «іскер басшы» деп мақтаймыз, сенбілікке шықса – «мықты әкім» деп жер-көкке сыйғызбаймыз. Ал, шын мәнінде, бұл – оның тікелей жұмысы, заңмен бекітілген міндеті. Міндетін атқарғаны үшін шексіз мақтау оны ішпей-жемей мас қылады. Ішпей-жемей мас боп жүрген адам сынды көтере ала ма? Кемшілігін айтқанда шабына шоқ басып алғандай шыңғырып жіберсе, тағы ренжиміз. Міне, осындай-осындай әрекеттеріміз арқылы біз биліктен нәтиже сұрайтын емес, алғыс айтқыш жұртқа айналып бара жатқандаймыз.
Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, қоғам белсендісі де, басқасы да, әйтеуір жарыса біреуді мадақтап, мақтап жатыр. Кейбірі шын ниетімен, кейбірі қорыққаннан, енді біреулері пайда көру үшін. Осылардың барлығы жинақтала бір «қасиетті өзенге» сеніп отырған жұрт сияқты әсер қалдырады.
Лас судың ортасында тұрып тазардым деген үндіге барып Гангтың ең лас өзен екенін айтып көріңізші, ұқпайды, ұққаны былай тұрсын, таяқтың астына алуы мүмкін. Бізде де сондай, жемқорды жемқор, ұрыны ұры, жаманды жаман деп айтуымыз қиын. Бірақ, «тентекті бәрекелді өлтіретінін» ұмытпайық та. Есенғалиша айтсақ, «есек мінгенді есек мінген деп айту керек, оны «арғымақ мініп жүр» деп өңеш жыртудың қажеті жоқ».
Пікір қалдырыңыз