«Әлемді кітап арқылы танимын...»

Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».

Түркістандағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында үздік оқырмандар арасындағы «Әлемді кітап арқылы танимын...» атты облыстық байқаудың қорытынды кезеңі өтті. Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы ұйымдастырған іс-шараға облыстық мәдениет басқармасы қолдау көрсеткен. Мақсат – қазақ халқының ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің және қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сапарғали Бегалиннің шығармаларын жас оқырмандар арасында кеңінен дәріптеу, рухани мұраларын жаңғырту және жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу. Іс-шараны облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков ашып, байқаудың өскелең ұрпақ үшін маңыздылығын атап өтті. 

«Әлемді кітап арқылы танимын» байқауына облыстағы балалар кітапханаларының 
15 үздік оқырманы қатысты. Олардың өнерін бағалауда оқырманның оқитын шығармаларын таңдау талғамына, әдеби-көркем құндылығы мен эстетикалық әсер ету тереңдігіне, сөйлеу мәнеріне, тіл тазалығы мен көркемдік деңгейіне көңіл бөлінді. Қазылар алқасының құрамында облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова, ҚР құрметті журналисі, «Ажар» сыйлығының иегері Роза Нарымбетова, ҚР мәдениет саласының үздігі, ҚР мәдениет саласының ардагері Пернекүл Нәлтаева болды.
Төрт кезеңнен тұратын байқауда оқырмандар ережеге сәйкес, «Мен және кітапхана» тақырыбында кітап оқу дәстүрін бейнекөрсетілім арқылы насихаттап, Сапарғали Бегалиннің «Шоқан асулары» кітабындағы «Бала Шоқан» шығармасының желісі бойынша сахналық қойылым көрсетті. Сондай-ақ, Ы.Алтынсариннің өлеңдерін жатқа оқыды және сұрақтарға жауап беру арқылы өздерінің білім-білігін дәлелдеді. 
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Отырар ауданының намысын қорғаған Әзиз Нұрисламға бұйырды. Кентау қаласының оқырманы Аймерей Бақытжанға 1-орын бұйырып, сайрамдық Махсут Дияр 2-орын иеленді. Ал, үздік үштікті сарыағаштық Робия Уралбай түйіндеді. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлық табысталды. 
Сонымен қатар, байқауда ерекше белсенділік танытқан бірнеше қатысушы арнайы номинацияларға ие болды. Атап айтқанда, Жетісай ауданының оқырманы Низора Хаийтова «Әдебиет жанашыры», Түлкібас ауданынан келген Саягүл Отар «Шығармашылық шабыт иесі», Арыс қаласы мен Келес ауданынан Инабат Ашир, Айару Төлбай «Тіл мен ойдың зергері» аталымдарын қанжығалады. Байқауға қатысқан барлық үміткерлерге арнайы Алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды. 
Пікір қалдырыңыз