Байығың келсе, малыңды кісіге бақтырма!

Аман Жайымбетов,
«Оңтүстік Қазақстан».

Әдетте шопандар туралы әңгіме болса көз алдымызға қолына таяқ ұстап, қыр басында қой жайып жүрген шаруаны елестетеміз. Немесе ақтылы қойды өргізіп бара жатқан аттылы шопан көз алдымызға келеді. Сол себепті шығар, әлдеқандай марапатқа ұсынылған шопанның орнына ақ көйлек, қара шалбар киіп сықиып барған «сәнқойды» көргенде дұрыс қабылдай алмай жатамыз. Қыста суыққа тоңып, жазда ыстыққа күйіп еңбек ететін – шопан, ал, оның еңбегінің рахатын көріп, марапатқа ұсынылатын – басқа біреу, яғни шаруа қожалығының төрағасы. Ол не үшін шопанның орнына төрге шығуы керек деген сияқты реніш райындағы әңгімелер де жиі айтылып қалады. 

Астана қаласында өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алғандардың қатарында Төлеби ауданындағы «Жомарт» шаруа қожалығының шопаны Нұрбол Аманжолов та бар. Жасыратыны жоқ, бүгінде жақсы шопан табу –   шөмеледен ине, құмнан түйіртпек іздегендей әурешілік. Бұл мәселе жайында бұған дейін талай жазған сирек кәсіп иесімен сұхбаттасу үшін жолға шықтық. Алдымен аудан әкімшілігіне бас сұқтық. Көксәйек ауылдық округіне қарасты Қазақстан ауылының кіреберісіндегі сол қапталынан заманауи үлгіде қора салып, шаруасын дөңгелетіп отырған аға шопан қазір ғана әлдебір шаруалармен шығып кеткен екен. Ұялы төлефон арқылы байланысқан едік, арада сүт пісірім уақыт өткен жоқ, жол талғамайтын «ақ тұлпарды» тізгіндеген кейіпкеріміз де келіп жетті. Жасы өзімізбен шамалас болған соң құрдастық қалжыңға салып:
– Бұрынғының шопандары атқа мініп, қыр басында қой бағып жүретін еді, бүгінгінің шопаны қойды «джиппен» бағатын болыпты ғой. «Ата-бабаларымыздың «Елу жылда – ел жаңа» дегені осы шығар, бәлкім, – дедік.
Алғашқыда аздап шамданып қалған аға шопан, қанша дегенмен қалжыңқұмар қазақтың баласы емес пе, лезде қарымта жауапқа көшіп:
– Бұрынғының адамдары алдымен амандық-саулық сұрасатын. Қазіргінің адамдары алдымен «атыңа», одан қалса қолыңдағы затыңа қарайды. Ата-бабаларымыз, бәлкім, елу жылда елдің жаңаратынын осылардың қылығына қарап болжаған болар, – деді. 
Иә, «Сөз тапқанға қолқа жоқ». Мұндай мән-мағынасы терең қалжыңдар мен астарлы әңгімелер көбіне даналыққа толы дала қазағына тән келеді. Әзіл-шыны аралас аз-кем әңгімеден кейін жаңа ғана көз алдымызда тұрған «жаңа қазақ» әп-сәтте әуелгі қалпын жоғалтып, нағыз еңбек адамына тән кейіпкерге айналып бара жатты. «Бұрынғы шопандардың арманы жоқ шығар. Үкіметтің алдына салып берген бір отар қойына бас-көз болып жүрсе болғаны, балалар интернатта оқып жатыр, жайылым жетпейді деген уайым жоқ, қысқы жем-шөбін де күнілгеріден қамдап қойған... Ат арытып әлдекім келе қалса, көп малдың ішінен біреуін сойып қонақ етеді. Яғни ертеңім қалай болады деп бас қатырмайтын шопанның бар «уайымы» қолындағы малын ит-құсқа алдырмай, күйін жоғалтпай көктемге жеткізсе одан арғысына «жан нәсіп». Айлық жалақысы жүріп тұр, әр қонаққа бір мал сойған соң абырой-атақ та «ұрып» тұр. Ал, қазіргі шопанның халі қандай? Бұрынғыдай «сұраусыз» жатқан мал жоқ. Ара-тұра бас қосып, өзара қызықшылық құрайын десе әуелгідей әр қырдың басында қосын тігіп отырған қойшы-қауым және жоқ. Содан амал жоқ, тірнектеп жиған қу дүние – қолдағы азын-аулақ малды аман сақтап қалу үшін қожалық төрағасы түске дейін басшы, түстен кейін қосшы, керек кезінде мал дәрігері болуға мәжбүр. Содан болар, бұрынғыдай қонышына газет-журналды салып қыр басында сейіл құрып жүретін уайымсыз қойшы мен бүгінгі бір басына мың проблема шоғырланған шопанды салыстыруға келмейді. Мұның бәрі күніне төрт мәрте киім ауыстырып, қырдағы малға көз қырын салып, қорадағысының шем-шөбін қамдап, малағын шығарып жүрген аға шопан Нұрбол Аманжоловпен әңгімелесіп отырғанда көз алдымнан тізбектеліп өте берген «кадрлар». 
«Сіз бен біздің балалық шағымыз тәуелсіздіктің елең-алаңындағы қиын-қыстау кезеңмен тұстас келді ғой, – деді Нұрбол әңгімені әріден бастап. – Ұжымшар таратылып, елдің бәрі жұмыссыз қалды. Әкем Орынбасар мен анам Пернекүл 1995 жылы ұжымшардың қаңырап қалған қорасын алып, жиырма шақты қойдың басын құрады. Бір жылдан кейін небәрі 47 жасында әкем қайтыс болды да, үйелмелі-сүйелмелі алты баланы жетілдіру анамыздың иығына түсті. Он алты жастағы мен Жомарт, Ботагөз, Ербол және Алтынай аға-әпкелеріме еріп, анамызға қолғабыс етеміз. Кішкентай қарындасым Жұлдызай бар болғаны тоғыз жаста. Анамыз бізді ешкімнен кем етпеу үшін барынша еңбекке баулыды». 
Осылайша сабағын да оқып, жұмысын да атқарып жүрген алты бала есейе келе аналарының ұсынысымен шаруа қожалығын құрады. Бұл кезде Нұрбол Аманжолов Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік университетін «Кеден ісі» мамандығы бойынша үздік бітіріп, еңбек жолын енді бастаған болатын. Алайда, ағасы Ербол небәрі отыз жасында науқастанып, дүние салады да қожалық жұмысын қожыратып алмау үшін жас маман қызметтен қол үзіп, Жомарт ағасының жанына көмекке келеді. Жастайынан төрт түліктің тілін білетін ол сол күннен бастап мал шаруашылығына шындап бет бұрады. Бүгінде екі мыңға жуық уақ мал мен бірнеше ірі қара, асыл тұқымды жылқылар бағып отырған қожалық ауыл шаруашылығы саласын өркендету мақсатында мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерге қол жеткізіп, техникаларын жаңартып алыпты. 
«Бала кезімізде әкем: «Мал баққанға бітеді» дегенді жиі айтатын еді. «Бағу» деген сөздің мағынасы тым терең екенін бертін келе түсіндік қой. Бүгінде отбасымызбен осы «қағиданы» берік ұстанамыз. Яғни малдың тілін табу үшін таң-алакеуімнен күн батқанға дейін бел шешпей жұмыс істейміз. Балаларды да жастайынан еңбекке баулимыз. Өзіміз де көзімізді ашқаннан қора жағалап өстік, одан жаман болған жеріміз жоқ. Әркімнің шама-шарқына, икеміне қарай жұмыс бөлініп берілген. Жомарт ағамыз күнделікті сойылатын бордақыларды саудаға шығарып, сол жағын реттесе, Айдос, Ерлан інілерім малдарды іріктейді, техника жағына жауап береді. Ал, Дариға, Гүлнәр жеңгелеріміз сиыр сауып, айран ұйытып дегендей үй шаруасын дөңгелетіп отыр. Мектепте әлеуметтік педагог болып жұмыс істейтін келіншегім Анар да таңертең ерте тұрып, жұмысқа кеткенше сиыр сауып, жұмыстарды реттеуге көмектеседі» деген Нұрбол Орынбасарұлы, тіпті, бұл әулеттегі оқушы, студенттердің де өздеріне тиесілі жұмыстары бар дейді. «Үлкен ұлымыз Бекасыл Алматыдағы Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде оқыса, екіншіміз Ерқасым Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде білім алып жүр. Ал, үшіншіміз Бексұлтан түске дейін Шымкенттегі М.Әуезов атындағы университетке сабағына барып келеді де, түс қайта сойылатын малдарды сұрыптайды. Атасы Жомарт осының «қолынан өткен» қойларды етке өткізуге келіседі. Өйткені, саудаға да адалдық керек».
Мектеп жасындағы Ернұр, Асансері, Жігер есімді балалары да сабақтан босай салысымен шаруашылық басынан табылады.Тіпті, кішкентай Қарақаттың да өзіне тиесілі міндеті бар. «Оның «қызметі» кімнің жұмысқа қашан келгенін қадағалау» деп әзілдейді әкесі. 
Осылайша жұмысы бір «орталықтан» басқарылатын отбасылық бизнестің өздеріне тән ерекшеліктері де жоқ емес. Аптасына бір-екі рет бір дастарқан басында бас қосып, атқарылған жұмыстарды екшеп, ерекше белсенділік танытқандардың «адресіне» жақсы сөз айтып, ынталандырып қояды. Ол жерде кімнің сақпанға баратыны, кімнің малдарды қыстауға көшіруге атсалысатыны айтылады. Кейде кезекші шопандар демалыс алып, үйіне барып келетін болса, оның орнын әулеттен кім ауыстыратыны да осы жерде шешіледі. Үлкен-кіші демей, өздеріне сеніп тапсырылған жұмыстың үдесінен шығу үшін кейде аға шопанның өзі де апталап-айлап қыр басындағы малға бас-көз болатыны бар. Бүгінде «шөмеле ішінен табылмайтын шопан» мәселесін осылайша оңтайлы шешіп отырған шаруа қожалығының бұл тәсілін басқаларға үлгі етсек артық болмас. Ал, еңбек майданында әбден ысылу үшін бүгінде мал бордақылау алаңында тәжірибеден өтіп жүрген Нұрмахан, Тимур, Жанұзақ және Әділет есімді жастар да өздерінің болашағын осы саламен тығыз байланыстырып, алдағы уақытта Нұрбол ағасы секілді толағай табыстарға жететініне сенімді. 
Иә, біреуге бақтырған мал ешқашан көбеймейді, байығың келсе, малыңды өзің бақ. Президент қолынан марапат алған шопанның ұстанымы осы.

Пікір қалдырыңыз