«Қазақстан мен Өзбекстан достығы – баға жетпес байлығымыз»
Өткен аптада Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиëевтің шақыруымен Ташкентке мемлекеттік сапармен барды. Осы сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысты.
Мемлекет басшысы сөз басында қонақжайлылық танытып, Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке ілтипат білдіріп, Әзербайжанның аталған кеңеске толық мүше ретінде қосылуын тарихи шешім деп бағалады. Сондай-ақ, Бакудің жаңа статуста аймақ ынтымақтастығын кеңейтуге айтарлықтай үлес қосатынына сенім артты.
Президент Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулері өз тиімділігін дәлелдегенін айтты.
Сапар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің және Әзербайжан президенттерімен бірге «Келешек мұрасы» халықаралық сыйлығын тапсыру рәсіміне қатысты.
Мемлекет басшысы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиëевпен келіссөз жүргізіп, жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысына қатысты. Кеңесте бірлескен жобалар мақұлданды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Өзбекстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы табысталды. Президент Шавкат Мирзиёев Мемлекет басшысын «Олий Даражали Дустлик» («Жоғары дәрежелі достық») орденімен марапаттады.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл марапатты жеке өзіне ғана емес, тұтас Қазақстан халқына көрсетілген шексіз құрметтің белгісі ретінде қабыл алғанын атап өтті.
Сонымен қатар, өзбек көшбасшысының екі ел арасындағы достық пен тату көршілік байланысты нығайтуға қосқан үлесін айрықша бағалайтынын жеткізді.
– Бұл жоғары награда достық, бейбітшілік және құрмет секілді қазақстандықтардың жанына жақын құндылықтарды әрі сонымен үндес өзбек халқының рухын айшықтайды. Орденнің атауы елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың мазмұнын дәлме-дәл сипаттайды. Қазақстан мен Өзбекстанның достығы – баға жетпес байлығымыз. Біз оны көзіміздің қарашығындай сақтап, бауырлас халықтардың игілігі үшін өркендетеміз. Бірлескен қажыр-қайраттың арқасында қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын ұдайы жаңа мазмұнмен байыта береміз деп сенемін. Ұлы Абай мен Науаи достықтың озық үлгісін дәріптеп, өзара сенім халықтардың татулығын нығайтатынын, бір-біріне құрмет оны шыңдай түсетінін насихат етті. Осы өсиетке сүйеніп, біз Өзбекстанмен бауырластық одақты нығайтуға баса мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан мен Өзбекстан президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Шавкат Мирзиёевке және барша өзбек ағайынға қазақ делегациясына қонақжайлылық көрсетіп, ыстық ықыласпен қарсы алғаны үшін алғыс айтты.
– Қазақ пен өзбек – бауырлас халықтар, ежелден еншісі бір тату көршілер. Қос халықтың болмысы, салт-дәстүрі, мәдениеті, ділі мен тілі – ұқсас, тарихы – тамырлас. Осы қастерлі құндылықтардың арқасында қарым-қатынасымыз бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатыр. Елдеріміз арасында жоғары деңгейдегі сындарлы әрі белсенді саяси диалог орнаған. Сауда-экономикалық байланыстарымыз жылдан-жылға нығайып келе жатыр. Өнеркәсіп саласында әлеуеті зор инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Аймақтық деңгейдегі бірлескен іс-әрекеттерді дамытуға, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән беріп отырмыз. Бұған қоса, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланысы да тереңдей түсті. Осы сапарымның басты мақсаты – бауырлас халықтар арасындағы достық пен тату көршілікті бекемдеу, сан қырлы ынтымақтастықтың жаңа жолдарын ашу, түптеп келгенде, қазақ-өзбек қарым-қатынастарын жаңа сапалы деңгейге көтеру, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі уағдаластықтар екі елдің ұлттық мүдделеріне сай келеді әрі халықтарымыз арасындағы мызғымас достықты, тату көршілікті, стратегиялық серіктестік пен одақтастықты көрсетеді.
– Қазақстан Президенті ретінде Өзбекстанмен көпжоспарлы ынтымақтастықты дамытуға басымдық беру міндетім деп санаймын. Кейбір сарапшысымақтар айтып жүргендей, Қазақстан мен Өзбекстан – бақталас та, бәсекелес те емес, керісінше, өркендеу жолында тізе қосып, қатар келе жатқан стратегиялық серіктес, сенімді одақтас. Халықтарымыз бір-бірін шынайы құрмет тұтатын жақын бауырлар, достар, – деді Президент.
Айта кетелік, президенттер келіссөздердің және Қазақстан мен Өзбекстан Жоғары мемлекетаралық кеңесі екінші отырысының қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылдады.