Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: «Ресей – Қазақстанның Құдай қосқан көршісі»

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды.
Внуково-2 әуежайында мәртебелі мейманның келуіне орай Мәскеу гарнизонының құрмет қарауылы мен әскери үрмелі оркестрі сап түзеді. 
Мемлекет басшысын Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Денис Мантуров пен басқа да ресми тұлғалар қарсы алды. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.

Сол күні Қазақстан мен Ресей президенттері бейресми кездесу өткізді. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасында бүгінде ешқандай түйткіл жоқ екенін алға тартты.
– Құрметті Владимир Владимирович, ең алдымен, Мәскеуге, осынау қасиетті жерге табаным тиген сәттен бастап көрсетілген ерекше сый-құрмет үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Жаңа ғана протокол аспектілері жөнінде айтылды. Шын мәнінде, Ресей астанасындағы ыстық ықылас мені қатты таңғалдырды әрі қуантты. Екіжақты ынтымақтастық стратегиялық серіктестік, одақтастық қатынастар сипатына ие. Барлық бағытта бірлесе жұмыс атқарып келеміз. Мемлекеттеріміз арасында ешқандай түйткіл жоқ. Мәселе туындаған күннің өзінде президенттер мен үкіметтер басшыларының күш-жігері арқасында оң шешімін табады. Сіздің шақыруыңызды зор ықыласпен қабыл алдым. Расында, бүгін бейресми жағдайда пікір алмасамыз. Менің Өзіңізбен талқылағым келетін біраз пікір-пайымым бар, – деді Қазақстан Президенті.
Ал Ресей басшысы Владимир Путин шекаралас екі елдің ұдайы байланыста екенін атап өтті.
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, ең алдымен, Сізге уақыт тауып, келіскеніміздей, мемлекеттік сапармен келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Бұған шын жүректен қуаныштымын. Әрине, біз ұдайы байланыстамыз. Алайда мемлекетаралық қатынастарда мұндай протоколдық дүниелер де маңызды. Бүгін бейресми жағдайда кездесіп, барлық өзекті мәселе бойынша әңгімелесеміз. Ал ертең әріптестермен бірге екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібін қарастырамыз және перспективті бағыттарға назар аударамыз. Жалпы алғанда, біз осы жылды өте жақсы нәтижелермен аяқтаймыз, сондай-ақ таяу келешекке арналған жоспарды орындаймыз деп ойлаймын, – деді Путин.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Кремльде 2,5 сағаттан аса уақыт бейресми жағдайда емен-жарқын әңгімелесті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапарының екінші күні Александр бағындағы «Белгісіз жауынгер бейіті» мемориалына гүл шоғын қою рәсімінен басталды. 
Бір минут үнсіздіктен кейін оркестр Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын орындады. Содан соң Құрмет қарауылы еліміздің ресми делегациясының алдынан салтанатпен сап түзеп өтті. Қазақстан Ұлы Жеңіске зор үлес қосты. Майданға 
1 миллион 200 мыңнан астам қазақ-стандық аттанып, олардың тең жартысы ерлікпен қаза тапты. Бес жүзден астам отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанды.

Студенттер Мемлекет басшысына қазақша тіл қатты

Президент осы сапарында Мәскеудегі халықаралық қатынастар институтының студенттерімен әңгімелесті. 
Олар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітаптарында көрініс тапқан дипломатия мен ашықтық қағидалары Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында үлгі ретінде оқытылатынын жеткізді. Сонымен қатар, жастар Абай Құнанбайұлы шығармашылығына зор қызығушылықпен қарайтынын айтты.
– Ақынның «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген достық туралы ой орамдары өте ерекше. Ресей мен Қазақстан – мәңгілік достықтың қос қанаты деп есептейміз. Екі елді, екі халықты риясыз, шынайы достық қарым-қатынас байланыстырады, – деді жастар.
Мемлекет басшысы студенттердің қазақ тілін үйренуге деген ынтасына жоғары баға беріп, оларға сәттілік тіледі.
 – Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты – өте беделді жоғары оқу орны. Бүкіл әлемге танымал. Қазақстан бүгінде дербес мемлекет. Менің ойымша, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында алған білімдеріңіз болашақта мол пайдасын тигізеді. Өйткені, түрлі елдер туралы, оның ішінде Ресейдің бұрыннан келе жатқан одақтасы Қазақстан жайында көп мағлұмат білу Сіздерге кейін жұмысқа орналасуға, сондай-ақ, әлемде және өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті маман болуға көмектеседі, – деді Президент.

Кремльде мемлекеттік қабылдау өтті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге сапарының құрметіне Президент Владимир Путиннің атынан Кремльде мемлекеттік қабылдау өтті. 
Мемлекет басшысы біздің ортақ тарихымыз бірліктің үлгісін танытатын сөздердің қай-қайсысынан да артық екеніне тоқталды.
– Қиын жылдарда біз бір-бірімізді қолдап, иық тіресіп қатар тұрдық. Бірге талай қиындықты жеңдік, бүгінде жадымызда сақтап, жүрегіміздің төрінде қастерлеп ұстайтын Ұлы Жеңіске бірлесіп жеттік. Ата-бабамыздан «Құдай қосқан көрші» деген сөз қалған. Ресей – Қазақстанның Құдай қосқан көршісі, – деді Қазақстан Президенті.
Айта кетейік, Кремльде Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті.
Қарсы алу рәсімінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөз өткізді.

Қазақстан мен Ресей – жақын серіктес, достас әрі одақтас елдер

Келіссөз барысында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресей – жақын серіктес, достас әрі одақтас елдер екенін айтты.
Кейіннен екі ел басшысы кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Қазақстан мен Ресей басшылары Мәскеудегі келіссөздер барысында өңірлік және жаһандық күн тәртібіне қатысты пікір алмасты. 
– Қазақстан мен Ресей көпжақты алаңдарда белсенді әрі табысты ықпалдастық орнатқан. Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы және басқа да көпжақты құрылымдар аясында іс-қимылымызды одан әрі үйлестіруге дайын екенімізді растадық, – деді Мемлекет басшысы.
Тараптар стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растады.
– Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының әлеуеті зор. Бірлескен жұмыстың шет-шегі жоқ. Елдеріміз барлық салада нәтижелі ынтымақтастық орнатты. Қазақстан мен Ресей арасында шешімін таппайтын түйткіл жоқ. Бұл тараптардың жауапкершілігі мен бірлесе жұмыс істеуге құлшынысы жоғары екенін көрсетеді. Мазмұнды келіссөз жүргізіп, қонақжайлылық танытқаны үшін құрметті Владимир Владимирович Путинге тағы да алғыс айтамын. Тату көршілік қатынастарымыз болашақта да стратегиялық серіктестік пен одақтастық мұратына жетелей береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек мемлекеттер басшылары Орал қаласында өтіп жатқан XXI Қазақстан – Ресей өңіраралық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысты.
Шара кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр стансасы құрылысына қатысты мәселелерге тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекетаралық қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойды.
Сондай-ақ, Қазақстан-Ресей тарапы қосымша 13 келісімге қол қойды.
Пікір қалдырыңыз