«Суретті түсірген Жәнібек Әбуов»

Оңтүстік өңірдегі журналистер арасында Жәнібек Әбуовті танымайтындар жоқтың қасы шығар. Фотоаппаратын асынып алып, түрлі іс-шараларды суретке түсіріп жүретін әріптес інімізбен танысқанымызға да ширек ғасырдан асып барады. Кейіпкеріміздің төлқұжаттағы толық аты-жөні Абуов Жауынбек Мамадалыұлы. Әйтсе де, көпшілік оны Жәнібек атап кеткен. Жауынбек Мамадалыұлы 1955 жылы 15 тамызда Өзбекстанның Жызақ облысына қарайтын атақты мал кеңшары – «Шымқорғанда» дүниеге келген. Жетісайдағы мәдени-ағарту училищесінде білім алған ол еңбек жолын осындағы Құрманбек Жандарбеков атындағы театрда маман болып бастайды.

1974-1976 жылдары әскер қатарында болып, азаматтық борышын өтеп келген соң Жәнібек Жетісайдағы өзі еңбек жолын бастаған театрда 1981 жылға  дейін актер болып еңбек етеді. Өлкемізге танымал театр тарландары Исақ Иманқұлов, Жеңіс Қарғабаев, Төрегелді Қыстаубаев, Шолпан Қожамұратова, Бөрі Иса, тағы да басқа өнер адамдарымен қызметтес болады. Өзіне бекітілген рольдерді сомдай жүріп те бала кезінен жанына жақын фотоаппаратын қолынан тастамай, суретке түсірумен айналысады. 1981-1982 жылдары бұрынғы Жетісай педагогикалық училищесінде (қазіргі Ғани Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық педагогикалық колледжі) студенттерге музыка пәнінен сабақ берген. Ол мұғалім бола жүріп суретшілік қызметті де қоса атқарады. Көпшілікке аудандық «Жетісай» газетінің штаттан тыс фототілшісі ретінде танылды. Ол аудан аумағындағы қоғамдық-мәдени іс-шараларға белсене араласты. Өнер адамдарын насихаттады. Редакция тапсырмасымен ел-елді аралап, еңбек адамдарын көпке таныстырды. Қас-қағым сәтті қалт жібермейтін қағылез фототілші осылайша елдің құрметіне бөленді. Мұғалім мамандар даярлайтын оқу орнының әр жылдардағы басшылары Тайырхан Досаев, Сазантай Өскенбаев, Әбжалил Усманов Жауынбек әріптесіміздің еңбекқорлығын, кәсібіне адалдығын жоғары бағалап, әр кез бірге жұмыс істеуге мүмкіндік жасады. Осылайша бірнеше жұмысты қатар алып жүрген Жауынбек Әбуовтің түсірген суреттері аудандық газеттерден бөлек облыстық, республикалық басылымдарда да жиі жарияланып тұратын болды. «Суретті түсірген Ж.Әбуов» деген жазбаны газет беттерінен жиі көре бастадық. 

Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде Мақтаарал, Жетісай, Киров аудандары бірігіп, іріленген Мақтаарал ауданы құрылғанда осы аймаққа әкім болған Омарбек Нұржанов мақтаулы фототілші Жауынбек Әбуовке аудан әкімшілігінің ғимаратынан арнайы бір бөлме бергізіп, фотоөнермен шындап айналысуына жағдай жасады. Одан кейін ауданды басқарған Ибадулла Үмбетаев, Қасымбек Хаметов та әріптесіміздің еңбегіне ерекше көңіл бөліп, іс-шаралар мен түрлі жиындарда оны іздеп тұратын. Жауынбектің сол кездері түсірген суреттері кейіннен көптеген кітаптар мен газет-журналдарда басылып, ауданның даңқын шығаруға ерекше үлес қосты десек, асыра айтқандық емес.  

Сурет түсірудің хас шебері 2003 жылы облысымыздың бас газеті – «Оңтүстік Қазақстанға» жұмысқа тұрды. Отбасымен Шымкентке қоныс аударған оның облыс орталығына келген соң екінші тынысы ашылғандай болды. Шығармашылық тұрғыдан үлкен белестерді бағындырды. Тыным таппайтын фототілші облыстағы барлық мекемелер мен аудандарды аралап, ондағы тыныс-тіршілікті газет бетінде «сөйлетіп» жүрді. Қарашаңырақ басылымда 2010 жылға дейін қызмет атқарған ол кейіннен қалалық «Шымкент келбеті»–«Панорама Шымкента» газеттерінде де фототілші ретінде өз қолтаңбасын қалдырды. Одан кейінгі он бес жылдан бері ол табан аудармай қазіргі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінде қызмет етіп келеді. 

Жеті белесті бағындырған Ж.Әбуовтің  фотошеберханасын тура мұражай дерсіз! Ол түсірген суреттердің арасынан кезінде ел басқарған көптеген тұлғаларды, өнер адамдарын, ақын-жазушыларды көптеп кездестіруге болады. Жетпіс жасында да қолынан фотоаппараты түспеген Ж.Әбуов бүгінде құрылтайшысы Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі болып табылатын «Ардақты ардагер» журналының фототілшісі. Аталған ұйымның ұйымдастыруымен өткен туристік экскурсияда ардагерлердің айшықты сәттерін таспалап жүрген ол Маңғыстауда аздап сырқаттанып қалған болатын. Біз өз мамандығын шексіз сүйетін әріптесімізге ертерек сауығып кет деген тілек айтамыз. 


Пердеш ЕСЕНБЕК,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікір қалдырыңыз