Тоқсандағы қарт абыз – «Төлеби туы» газеті мерейтойын атап өтті

Өткен жұмада Төлеби аудандық «Төлеби туы» газетінің 90 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті. Леңгір қаласының Мәдениет үйінде ұйымдастырылған мерекелік жиын көпшіліктің көңілінен шықты, есте қаларлық сәттерге толы болды. Бұл күні әр жылдарда газет редакциясында жұмыс істеген әріптестер кездесіп, мәре-сәре болды. Мәдениет үйінің фойесіне қойылған фотосуреттер көрмесі өткен күндердегі талай қызықты шақтарды еске түсіріп, ерекше әсер сыйлады.
Айта кетейік, 1935 жылдың 15 наурызынан шыға бастаған басылым алдымен «Сталин жолы», кейінірек «Ильич жолы» деп аталған. Тәуелсіздіктен кейін «Төлеби туы» деген атпен оқырмандарымен қайта қауышты. Ауданның тұтастай 90 жылдық тарихын осы газеттің сарғайған парақтарынан таба аласыз. 
Салтанатты іс-шарада қонақтарға арнайы дайындалған бейнеролик көрсетіліп, одан кейін газеттің бас редакторы Әбдімәлік Рахманқұлов баяндама жасады. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков құттықтау сөз сөйлеп, басылымның дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан журналистерге  аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров та игі тілегін білдіріп, газет қызметкерлерін арнайы грамотамен марапаттады. Сондай-ақ, осы газетте ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан ардагер журналист Орынбасар Сүттібаевқа «Қазақстанның құрметті журналисі» атағы табысталса, газет редакторы Әбдімәлік Рахманқұлов пен бөлім меңгерушісі Ақжан Иманәлиева Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасына ие болды. 
Бұдан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев, ауданның бұрынғы әкімдері Қалыбек Алдабергенов пен Батырбек Көшербай, журналистік қызметін осы басылымнан бастаған қаламгерлер – ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай, Қазақстанның құрметті журналисі Көшкінбай Елікбаев естеліктерімен бөлісіп, жүрекжарды лебіздерін білдірді, газет ұжымына шығармашылық табыс тілеп, сый-сияпаттарын табыс етті.

С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.
Пікір қалдырыңыз