Түркістанда заманауи капсулалы үйлер салынады

Өңірімізде туризм мен тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа бірегей инвестициялық жоба іске асырыла бастады. Облыс әкімдігі мен Қытай Халық Республикасының ірі өндірістік компаниялары арасында өзара тиімді серіктестік орнады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясы ҚХР-дағы Линьи қаласына сапар жасап, «Shandong Kamoya» зауытының жұмысымен, өндірістік қуатымен және инновациялық шешімдерімен танысты. Қазіргі уақытта бұл зауыт «KHAN TAU» брендімен капсулалы үйлер шығаруда. Енді осы технологиялар Түркістанда шығарылатын болады.
Капсулалы үй – бұл жаңа буындағы модульдік құрылыс үлгісі. «Shandong Kamoya» компаниясының «Camoya ғарыш капсуласы» жоғары санаттағы кемпингтерге, қонақүйлерге және глэмпингке арналған заманауи шешім ретінде әзірленген. Ол кемпер, мини-қонақүй және модульдік үйдің функцияларын біріктіреді. Мұндай үйлерге жер телімін ресімдеудің қажеті жоқ, құрылыс экологиялық таза және энергия үнемдейтін принциптерге негізделген. Капсуланың ішкі жабдықтарына келсек, панорамалық терезелер, жатын және тұрғын аймақтар, толыққанды ас үй мен санитарлық тораппен қамтылған. Сонымен бірге «ақылды үй» жүйесі, кондиционер, мультимедиа құрылғылары және тағы басқа керекті заттармен жабдықталған. Мұндай ғимараттарды туристік кешендер мен глэмпингтер, модульдік кеңселер мен мобильді үйлер, көрме павильондары, дала зертханалары, қонақүйлерге пайдалануға болады. Ғимараттар 50 жылға дейін жарайды.
– Түркістан облысында туризм мен тұрғын үй инфрақұрылымын жаңғырту бағытында мұндай технологиялардың маңызы зор. Біз сіздермен нақты жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз. Осы арқылы өңірдің өндірістік, туристік, инфрақұрылымдық әлеуетін көтеруге күш саламыз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.